«Ең үздік тергеуші» атанған жан

Қашан да қарапайымдылықты, кішілік пен кеңпейілділікті жанына жақын тұтқан, сөзден гөрі іске бейім, өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя білетін, туабітті табиғи таным қабілетін қоғамға пайдалы іске жұмсай білген тұлға жайында сөз қозғағым келіп отыр. Бұл ардагердің ұл-қыздары мен немерелерінің бойын мақтаныш кернейді. Себебі, адам мақтанатындай тұлғаның бірі.
Бар саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнаған Қуаныш Тоқмырзаев отыз жылдан аса уақыт тергеу басқармасында қызмет жасап, құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан. Замандастарының құрметіне бөленіп, отбасының берекесіне айналған жан. Міне, бүгін сексеннің сеңгіріне шығып отыр.
Әкесінен бастап, ұлы мен қызы ел тыныштығын қорғауда аянбай еңбек етіп келеді. Отбасының ұйытқысына айналған полиция мамандығы әкеден балаға берілетін баға жетпес құнды мұраға айналған.

Шыңдалу жылдары
Ол 1939 жылы 2 маусымда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, Құндыз ауылдық советінде колхозшы отбасында дүниеге келген. Қаукең 1957 жылы мектепті бітірген соң, дәрігер болсам деген арманы оны жоғары оқу орнына жетеледі. Бірақ, жолы болмады. Себебі, жетінші сыныпта оқып жүргенде анасы қайтыс болды. Ал, әке болса жасы ұлғайған, еңбекке жарамсыз еді. Үлкен ағасы арман қуып Алматыға оқуға жол тартқан. Қартайған әкесіне қолғанат болу үшін ұжымшарға жұмысқа орналасады. Қиындыққа мойымай, еңбекке ерте араласады. Қызылорда вагон жөндеу депосында жұмысшы болып жүріп, 1958 жылы әскер қатарына алынады. Отан алдындағы борышын өтеп, 1961 жылы Қызылорда қаласында Локоматив депосына слесарь болып жұмысқа тұрады. Қаукең озат слесарь да атанады. Сол кезде озат жұмысшылардан жасақшылар тобы ұйымдастырылады. Қоғамдық жұмыста жақсы жағынан көзге түскен жұмысшыларды қалалық комсомол комитеті бюросының шешімімен оқуға комсомолдық жолдама береді. Сөйтіп, Қуаныш Тоқмырзаев Алматы қаласындағы екі жылдық милиция мектебіне оқуға түседі. Барлық емтиханды ойдағыдай тапсырып, тыңдаушы болып қабылданады.
Қиындығы мен қызығы мол оқу да артта қалады. Оқуды үздік аяқтағаннан кейін Қаукең туған қаласына оралады. 1965 жылы Қызылорда қалалық Ішкі істер бөлімнің инспекторы қызметіне тағайындалады. Бар білімін іс жүзінде асыруға күш-жігерін салады. «Қиыншылықты жемісті еңбек жеңеді» деген сөз бекер айтылмаса керек. Оқуды жаңа бітірген жас инспекторды ұжымы жатсынбай, қуана қарсы алды. Жас маманға білмегенін үйретіп, жол көрсетті. Қаукең де өзінің еңбекқорлығын паш ете білді. 1966 жылы Алматыдағы КСРО ІІМ жоғары милиция мектебінің заңгер мамандығының сырттай бөліміне тапсырып, 1971 жылы бітіреді.
Қуаныш Тоқмырзаев 1966 жылы тергеуші болып ауысады. Жауапкершілігі мол, күні-түні ізденісті талап ететін, адам тағдырын шешуге бағытталған қызмет алғашқыда жас маман иесіне қиынға соқты. Бірақ, ол бұл қиындыққа мойымайды. Тәжірибелі әріптестерінен кеңес алып, қиын мәселелердің түйінін шешуді үйренуден жалықпады. Осындай еңбексүйгіш маманды басшылық та бағалады. Көп ұзамай аға тергеуші, тергеу бөлімінің бастығы, Қызылорда қаласы Ішкі істер бөлім бастығының тергеу жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалады. Алған білімін күнделікті жұмысына байланыстырып, тергеу ісінің әділ, тез шешілуіне барынша атсалысты. 1983 жылы Қызылорда облыстық ІІБ штаб-басқармасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Ал, 1987 жылдан бастап облыстық ІІД Тергеу басқармасының тергеушілер бақылау, оларға әдістемелік тәрбие беретін бөлімде қызмет атқарып, 1995 жылы зейнеткерлікке шығады.

Ақталған еңбек
Осындай еңбектің арқасында 1967 жылы облыстың ең үздік тергеушілерінің санатына ілікті. 1970 жылы Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің «Ең үздік тергеуші» деген құрметті атақ алады. Сондай-ақ, «Милиция үздігі», «Милицияға – 50 жыл», І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Үздік қызметкер» медальдармен және «КСРО ІІМ-дегі үздік қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, басқарма басшылығы тарапынан бірнеше рет алғыс хаттар мен грамоталар алды. Мұндай атақтың оңайлықпен берілмейтіні де белгілі. Әрбір қылмысты істің әділ шешілуі тергеушінің жауапкершілігіне тікелей байланысты. Өз жұмысына берілмей, оны шын мәнісінде сүймей тергеуші болу қиын. Өйткені, мұндай алдын ала істелетін әрбір істе адам тағдыры жатқанын есінен бір сәтке шығармайды. Ал, адам тағдырына немқұрайлықпен қарауға тергеушінің ар-ожданы шыдамайды. Сондықтан да әрбір қылмысты істің сотта әділ шешілуі тергеушінің өз ісіне жауапкершілікпен қарауына байланысты.
Әрине, тергеу ісі қиын да күрделі қызмет. Адам тағдырын шешу оңай емес. Бұл салада жәбірленуші және қылмыскер болады. «Мен өзімді жәбірленушінің орнына қоямын да, оның талабын заң жолымен шешуді қалаймын», – дейді Қуаныш аға. Сөз арасында ардагер ағамызға: «Бала кезден дәрігер болуды арманадаған, қиялшыл баланың тергеуші мамандығын ойланбастан таңдауына қандай себеп болды?» – деп сауал тастадым. Сонда ардагер ойлы жүзбен: «Албырт шақтағы арманның барлығы қолыңа түсе бермейді екен. Тегінде, есейе келе көздеген мақсат жемісті болатын тәрізді. Жастайымнан еңбекке бауыр басып өскендіктен бе, маған тергеуші қызметінің қиындығы ұнады. Қиналған сайын жұмысыма қызыға түсетін едім», – деп сыр шертті ақсақал. Расында да, Қуаныш Тоқмырзаев саналы ғұмырын тергеушілік қызметке арнады.
Біздің кейіпкеріміз, өзінің қиындығы мен қызығы мол қызметінде өткен оқиғаларын еске алып, сыр шертті.
– Бірде мынадай оқиға орын алды. Қаладағы жинақ кассасы тоналды деген хабар келіп түсті. Көп ұзамай қарақшылар құрықталып, қалалық Ішкі істер бөліміне алып келді. Бірақ, мен онымен сөйлескеннен кейін арқа-басы кеңіп сала берді. Өйткені, менің өңімде сес жоқ, үнім екпінсіз естілсе керек. Қылмыскер еркінси бастады. Сол кезде мен «Сіздің қылмыстық ісіңізден гөрі біліктілігіңіз ойландырады. Сіз сауатсыз саналасыз. Қай әрекетті де көкірек қимылмен емес, ақылды айламен істейсіз. Солай емес пе, Игорь Николаевич, – деп даусымды қатаңдатып, жанына жақындай түстім де: «Ойлап қараңызшы, бүлінгендей ешнәрсе болған жоқ. Ұрланған дүние орнына келді. Абыржыған адамдар да сабасына түсті. Аз ғана әбігер болса біз оған көндіккен жанбыз. Оның үстіне біз ар алдында ағынан жарылған жандарға арашамыз», – дедім. Сонда ол төмен қараған күйі: «Ар алдында айыптымын, заң алдында кінәлімін», – деп өз кінәсін мойындаған еді.
Қаукең қадірменді отағасы бола білді. Жұбайы Ғалия екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. «Ұлын ұяға, қызын қияға» қондырып, оннан аса немере мен шөбере сүйіп отыр. Бұл күнде дүниеден өтіп кеткен Ғалия апай бар өмірін дәрігерлікке арнаған ақ халатты абзал жан болатын. «Мен жете алмаған дәрігерлік арманға жұбайым Ғалия жетті. Біз екеуміз жарты ғасырдан аса уақыт бақытты өмір кештік. Әрине, тағдырдың жазғанына не шара. Жұбайым көз жұмған кезде қанатынан айырылған құстай қатты қиналғаным рас», – деп көзіне жас алды біздің кейіпкеріміз.

Атадан балаға мирас болған…
Ұлы Берікбол мен қызы Жанат әке жолын қуып, ішкі істер органында қызмет атқарып келді. Қызы Жанат қазіргі таңда ІІМ-нің ардагері, полиция подполковнигі. Ал, бір қызы ана жолын ұстанып дәрігер болса, енді бірі ұстаз. Өз сөзінде Берікбол Қуанышұлы: «Мен жастайымнан әкемнің еңбегіне тәнті болып өстім. Кей кездері әкемізді апталап көрмейтінбіз, сонда анам әкемнің қиындыққа толы қызметіне түсіністікпен қарайтын. Әкем үйде отырғанда қылмыскерлерді құрықтаған қызықты оқиғаларын айтып беретін. Ертегі естігендей, ұйып тыңдайтынмын.
Әлі есімде, алты жасымда жаңа жыл күні үйде екі апайым үшеуміз қалғанбыз. Есік қағылды. Үлкен апайым ашып еді, есік алдында аяз ата мен ақшақар бізге сыйлық алып келіпті. Менің қолыма ұстатқан қорапта милиция көлігі болса екен деп тілеп тұрдым. Қорапты ашып қарасам, милицияның УАЗ көлігі екен. Тілегім қабыл болды. Милиция қызметкері болуды армандағаным соншалық, сол сыйлықты он бес жыл сақтадым. Бала арманым өскенде мамандық таңдауда қателестірмегеніне қуанамын», – деді полиция подполковнигі Берікбол Қуанышұлы.
Әке жолын қуған бала да жиырма жылдан аса өмірін құқық қорғау саласына арнап келеді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөзді қазақ халқы тегін айтпаса керек. Берікбол әке жолын қуып, бала арманына қол жеткізді. Оның ұлы Серік те атасы мен әкесінің жолын жалғастыруға бел байлап отыр. Арманшыл бала атасының айтқан әңгімесін ұйып тыңдап, түсінбеген жерін сұрайды. Болашақ сақшы үнемі атасын сауалдың астына алады, ал ардагер қария болса немересінің білмегенін түсіндіруден ешқашан жалыққан емес. Баланың бар арманы – полиция қызметкері болып, атасының үмітін ақтап, генерал болу.
Міне, жаратылысынан қарапайым, еңбек жолын қара жұмысшыдан бастаған Қуаныш Тоқмырзаевтың өмір жолы осындай мерейлі істерге толы. Оның мұндай құрметке бөленуі еңбекке деген ынта мен тынымсыз ізденістің нәтижесі. Қария қарттықты ғұмырының соңы деп емес, өмірінің сыры мен сын сағатынан сүрінбей өткен сәтті жылдары деп санайды. Сексеннің сеңгіріне шыққан ардагер атамызды мерейтойымен құттықтап, өткен күндердің естеліктерін тыңдап қайттық. Дегенмен де, ардагер ағамыз отыз жыл еңбек еткен ішкі істер органдары өзінің мерейлі мерекесін ұмытып кеткеніне аздап қынжылады. Саналы өмірін құқық қорғау саласына арнаған ардагерлердің елеусіз, олардың еңбегінің ескерусіз қалғаны қиын-ақ…

Раушан НАРБЕК

 

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*