Отбасы – бақыт мекені

Жуырда «Динамо» облыстық денешынықтыру және спорт қоғамының шаңғы базасында Халықаралық отбасы күніне арналған спорттық шара өтті.
Таңғы самал жел ескен саф ауа аясында спортшы отбасыларды бұл күні мерекелік көңіл күймен безендірілген спорт алаңы, жанкүйерлер және әділ қазылар алқасы қарсы алды. Үй тапсырмаларын тыңғылықты орындап, жеңіске ұмтылған ынталы отбасылар алдында алғаш сөз алған облыстық «Динамо» денешынықтыру және спорт қоғамының төрағасы Павел Ставкин айтулы мерекемен құттықтап, әр отбасына амандық пен бақ-береке тіледі. Одан әрі Батыс Қазақстан облысы ПД Кадр саясаты басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Мырзахан Батырқұлов отбасының мызғымас достығы мен қызметінде үздік көрсеткіштерге ие болып, саламатты өмір салтын ұстанған ата-ананың әркез балаға үлгі болатынын айтып, еліміздің өркендеуі жолында отбасының алатын зор рөліне тоқталды. Үміттерін үкілеп келген спортшы отбасыларға толағай табыстар тілеп, жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектес екенін жеткізді.
Отбасылар арасындағы жарыста әр команда 7 шарттан сүрінбей өтулері тиіс болды. Сайысқа Абай полиция бөлімінен Вахитовтар, Орал қаласы ПБ-нан Махамбетовтер, Орал қаласы ПБ патрульдік полиция батальонынан Құрмановтар, облыстық ПД жанындағы ЖҚАЖ-дан Адиетовтар, Орал қаласы ПБ қабылдап-тарату орнынан Аманжолұлының отбасылары қатысты.
1 шарт бойынша таныстыру айдарында әр отбасы мүшелері өздерін музыка сүйемелдеуімен таныстырып, 2 шарт негізінде үй тапсырмаларын көрсетті. Яғни, плакатқа отбасының суретін алақандары арқылы салып, достықты, махаббат пен бірлікті бейнелеуі тиіс еді.
3 шартта әкелер сайысында отағалары 16 немесе 24 келі салмақтағы кір тасын көтеріп, команда қоржынын ұпай санымен толтырды. Аналар сайысында отаналары бір орында секіртпемен секірді. Нысана көздеуге қатысқан ұл-қыздар қырағылықтарын паш етті. «Қырықбуын» шартына сүйенген отбасылар 3 шарды ұстап жүгіріп, келесі отбасы мүшесіне табыстады. Жетінші шарттың «Жастар және спорт» деп аталуына сай, спорт, денешынықтыру, қазақстандық спортшылардың жетістіктері туралы сұрақтарға жауаптар берілді.
Сайыстың жеті шартын саралап қараған әділқазы мүшелері 1-орынды Құрмановтар отбасына, 2-орынды Адиетовтар отбасына, 3-орынды Вахитовтар отбасына берді. Жеңімпаз отбасылардың әрқайсысына «Динамо» облыстық денешынықтыру және спорт қоғамының атынан бағалы сыйлықтар, отбасы құрамындағы кішкентай ұл-қыздарға түрлі тәттілер табысталды.
Сайыс соңында «Динамо» денешынықтыру және спорт қоғамының төрағасы Павел Ставкин, облыстық ПД Кадр саясаты басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Мырзахан Батырқұлов жеңімпаз отбасыларын құттықтап, естелік сыйлықтар тапсырды.

Гүламан ИСМАҒҰЛОВА, Орал қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*