Су айдындарындағы қауіпсіздік

23 мамырда Батыс Қазақстан облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының аумағында жағажайларда қауіпсіз демалу, сондай-ақ, балалардың жазғы сауықтыру және шатырлы лагерьлерде шомылуын ұйымдастыру тақырыбында жиын-семинар өтті.
Семинарға 58 адам қатысса, олардың 40-ы – балаларды сауықтыру және мектеп жанындағы лагерьлерде жүзу бойынша нұсқаушылар, 18-і – қала мен облыстың жеке жағажайларының қоғамдық құтқарушылары. Семинарда жасақтың сүңгуірлік-құтқару қызметінің басшысы Алексей Еремеев баяндама жасады. Баяндамашы жиналғандарды облыстың су айдындарында адамдардың қаза болуы және олардың себептері статистикасымен таныстырудан бастады.
ІІМ-нің №34 бұйрығымен бекітілген су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерінде көрсетілген талаптарды толық түсіндірді. Семинар қатысушыларына су объектісін таңдау, жағажай құру, оның дайындығы мен жабдықтары, ашық су қоймаларының жағажайларында қауіпсіз шомылуды ұйымдастыру, жүзу құралдарында сырғанауды ұйымдастыру және суға кеткен адамды құтқару тәсілдері туралы ақпарат берілді.
«Жоғарыда айтылғандай, судағы барлық қауіпсіздік ережелерін орындау – су айдындарында демалу кезінде адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың кепілі. Есіңізде болсын, сіз өзіңізге бекітілген акваторияларда адамдардың денсаулығы мен қаза табуына, сондай-ақ, су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерінің талаптарына сәйкес шомылуға арналған орындарды жабдықтауға жауапты боласыз!» – деп Алексей Еремеев өз сөзін қорытындылады.
Көрнекілік үшін тыңдаушыларға слайд және бейнефильм көрсетілді.
Семинарды ұйымдастырушылар семинардың практикалық бөлігін Шаған өзенінің жағасында өткізді. Құтқарушылар үрмелі қайықпен балық аулап жүрген екі балықшыны құтқаруды көрсетті. Құтқару шеңберін және Александров қармағын беру бойынша шеберлік сабағын өткізді.
Жасақтың медициналық-психологиялық қызметінің басшысы Нұрмұхан Жұмағалиев зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін көрсетті. Семинар соңында қатысушыларға алдын алу плакаттары, жаднамалар мен жергілікті жерлерде ақпараттық стендтерді рәсімдеу үшін трифолдерлер, сондай-ақ, оқудан өткені туралы анықтамалар берілді.

Л. ӘБДІРАХМАНОВА, Орал қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*