Батыс аймақтың бас қаласында

Кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барды.
Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында жылына 3 мың тонна көкөніс өсіретін «Green Capital Kazakhstan» ЖШС-нің жылыжай кешенін аралап көрді.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорынның шығаратын өнімдерін көрді және жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін осындай инвестициялық жобаларды іске қосудың маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе қаласының Индустриялды аймағының жұмысымен танысты.
Мемлекет басшысына керамогранит пен керамикалық плиткалар шығаратын «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС зауытының құрылысы жөнінде мәлімет берілді. Аталған инвестициялық жобаның жалпы құны 9,2 миллиард теңге.
Қазақстан Президентіне Индустриялдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы, өнеркәсіптің жаңғыртылуы, шағын және орта бизнестің дамуы туралы баяндалды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыстағы ірі өндіріс нысандары, соның ішінде мұнай өндіретін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының және жел электр стансасының құрылысымен айналысатын «ARM WIND» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы жөнінде мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев компания басшыларына арналған сөзінде еңбеккерлердің жалақысын жыл сайын өсіру және сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердегі Қазақстанның үлесін арттыру қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамыту үшін ірі кәсіпорындардың айналасында белдеу құрудың маңыздылығын атап өтті.
Соңында Қазақстан Президенті облыс басшылығына өңірге инвестиция тарту бойынша кешенді шара қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбедегі «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының ферроқорытпа зауытында болды.
Мемлекет басшысына Қазақстан металлургиясы көшбасшыларының бірі саналатын зауыттың технологиялық үдерісі мен өндірістік көрсеткіштері көрсетілді.
Қазақстан Президентіне «халық бақылауы» жобасы таныстырылды. Бастама аясында мүмкіндігі шектеулі жандар өндіріс орнында қауіпсіздік техникасының сақталуы мен еңбектің қорғалуын қамтамасыз етуге атсалысады.
Мемлекет басшысы жобаның әлеуметтік маңызын атап өтіп, оның іске асырылу нәтижелерін жоғары бағалады, сондай-ақ, бұл тәжірибені кеңінен қолдануды тапсырды.
– Біз бұл бастаманы қолдаймыз. Өйткені, өндірісте жарақат алып қалу қаупі жоғары болғандықтан, мұндай жұмыс өте пайдалы және қажет. Еңбеккерлерді әлеуметтік жағынан қызықтыратын жобаның маңызы зор. Баршаңызға денсаулық, бақ-береке тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*