Құрметке лайық қырандар

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің ведомстволық музейінде адам өміріне араша түскен қызметкерлер марапатталды.
Күні кеше құрамында Солтүстік Қазақстан облысы ПД ППБ полицейлері, полиция аға лейтенанты Жігер Балтабай мен полиция аға сержанты Батырхан Молдажанов болған автопатруль мектеп оқушыларының колоннасына ілесіп жүрген кезде орын алған экстремалды жағдайда батылдық танытты. Полицейлер жанып жатқан шағын автобустан балаларды шығарып, өрт сөндіргішпен тілсіз жауды сөндірмекші болады. Өртенген автобусты жүргізушімен бірге жолдан алыстау жерге итеріп, жиекке шығарған. Сауатты әрекеттерінің арқасында жапа шеккендер болған жоқ, полицейлер балаларды басқа көлікпен аман-есен үйлеріне жеткізді…
Жардан құлап, өмірімен қош айтыспақ болған қызды құтқаруға ойланбастан бел буған полиция кіші сержанты Денис Комаров солтүстікқазақстандықтардың ықыласына бөленді. Денис бойжеткенді әңгімеге тартып, жанына жақындауға тырысты. Бір кезде қолынан шап беріп ұстап алып, осы сәтте келіп жеткен әріптестерімен қауіпсіз жерге шығарды.
Ардагерлер мен жас 40 полиция қызметкері қатысқан іс-шарада облыстық ПД бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев погон таққан ержүрек жігіттерге грамота табыстады. «Қызметкерлеріміздің кез келген сәтте адамдарға қол ұшын беруге дайын екендігі көңіл қуантады. Осындай фактілер жас қызметкерлер үшін батыл, адал қызмет етудің үлгісіне айналуы тиіс», – деп алғыс білдірді ведомство басшысы.
Облыстық Білім басқармасының бас маманы Зәмзәгүл Тұрлыбаева іс-шараға арнайы келіп, тәртіп сақшыларына жылы лебізін айтты. Педагог Ұлттық бірыңғай тестілеу, жазғы демалыс, спорттық іс-шаралар кезінде балаларды тасымалдауда полицейлер қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, көмек көрсететіні туралы: «Жыл басынан полиция қызметкерлері 1068 бала мінген көліктерге 74 рет ілесіп жүрген. Олардың қауіпсіздігі үшін алғыс білдіреміз, ата-аналар мен мұғалімдер балаларының өмірін сіздерге сеніп тапсырады», – деп ойын білдірді.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*