Қызмет көрсетудің заманауи тәсілі

Биылғы 12 ақпанынан бастап іске қосылған Қызылорда қаласы Полиция басқармасының фронт-кеңсесі халыққа қызмет көрсетудің жаңа форматын ұсынуда. Бұрынғы бақылау-өткізу бекеті техникалық жөндеуден өтіп, фронт-кеңсе ретінде қызмет қөрсетіп жатыр.
Фронт-кеңсеге келген азаматтар арыздарын беріп, қажетті анықтамаларын алады. Азаматтардың өтініштері бір орталықтан қабылданып, оған сәйкес тиісті қызметтер кеңестерін береді.
Фронт-кеңсенің жұмыс уақыты сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін жалғасады. Кеңесші арызданушы келген бойда оны қолайлы күту залына орналастырып, өтініштерін қарайды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кіру үшін ғимарат ыңғайлы пандуспен жабдықталған. Қабырғаларда ақпараттық-анықтамалық стендтер, сондай-ақ, басқарма басшыларының жеке қабылдау кестесі және арыз толтырудың үлгілері көрсетілген.
Полицияның сервистік модельге көшуі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде жаңадан ашылған фронт-кеңсеге келуші азаматтар жақсы бағаларын беруде. Жыл басынан бері фронт-кеңсеге кеңес алу үшін 4107 азамат жүгінген. Қала тұрғындары қажетті ақпаратты алып, құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты кез келген мәселе бойынша кеңес сұрай алады.
Халықпен өзара іс-қимыл жасасу және полиция қызметінде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында әр айдың 20-да басқарма бастығы, полиция подполковнигі Дәулет Беркімбаев жаңа фронт-кеңседе азаматтарды жеке қабылдайды. Ал бөлім басшылары апта сайын бекітілген кестеге сәйкес қабылдау жүргізуде.

Қызылорда қаласының ПБ баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*