Полиция полковнигі Дмитрий РОЖДЕСТВЕНСКИЙ: Тоғыз жолдың торабында міндет зор

ІІМ Көліктегі ПД Қарағанды-Сұрыптау стансасындағы Желілік полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Дмитрий Рождественскиймен ішкі істер органдарының қызметі және қазақстандық полицияны жаңғырту, сондай-ақ, Қарағанды-Сұрыптау стансасындағы темір жол көлігі нысандарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша атқарылған іс-шаралар жайлы сұхбаттасқан едік. Ішкі істер органдарында 30 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі маманның айтары мол.

Дмитрий Нилович, сіз басқарып отырған Қарағанды-Сұрыптау стансасындағы Желілік полиция бөлімінің қызмет көрсету аумағы 2275 шақырымды құрайды. Әрине, ауқымы шағын емес. Жұмыс қалай жүріп жатыр?
– Иә, дұрыс айтасыз, сегіз облыспен шектесіп, тоғыз жолдың торабында орналасқан Қарағанды облысы – аумағы жағынан еліміздегі ең көлемді аймақ. Соның ішінде Қарағанды-Сұрыптау стансасындағы Желілік полиция бөлімінің қызмет көрсету аумағында 68 станса, 21 разъез және 1 озу пункті бар. Бөлім құрылымына 13 желілік полиция бөлімшесі кіреді. Онда күн сайын 35 жұп халықаралық, республикалық және қалааралық жолаушылар пойыздары жүріп тұрады. Аумақтағы 2 әуежай да халықаралық мәртебеге ие. Темір жол көлігінде тәулігіне орта есеппен алғанда 7 мыңнан астам жолаушы тасымалданады.
Сондай-ақ, өткен жылы Қоскөл стансасынан Желілік полиция бөлімшесін аштық. Бөлім қызметкерлері жылжымалы құрамды тонау, жолаушылар пойыздарындағы ұрлық, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте және басқа да темір жол мен әуе көлік нысандарында орын алатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды болдырмау үшін еңбек етуде.
Аумағы үлкен өңірдің қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау асқан жауапкершілікті талап ететіні даусыз. Жыл басынан бергі қылмыстық ахуалға тоқталып өтсеңіз.
– Жыл басынан бері 57 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. 2018 жылы 71 құқық бұзшылық тіркелгенін ескерсек, биыл қылмыстың 24%-ға төмендегені байқалады. Қазіргі уақытта ауыр қылмыстар және аса ауыр, сондай-ақ, өзгенің мүлкін ұрлау сынды қылмыстардың алдын алуға негізгі күш жұмсалуда. ІІМ Алқасының шешімдерін орындау үшін ауыр емес қылмыстарды ашу бойынша жұмыстар жүргізілді, 2-і өндіріспен аяқталды.
Қылмыстың ашылу көрсеткіші 66,7% (2018 – 100%) құрады. Ауырлығы орташа деңгейдегі қылмыстардың ашылу көрсеткіші – 48,4% (2018 жылы – 58,1%). Оның ішінде бөгденің мүлкін ұрлау фактісі бойынша 29 қылмыстық іс тіркелді (2018 жылы – 42, яғни 31%-ға төмендеген). Жылжымалы құрамнан жүк ұрлау фактісі бойынша 1 қылмыстық іс тіркелді (2018 жылы – 5, 80%-ға төмендеген).
Ұдайы жүргізілетін алдын алу іс-шараларының негізінде ұялы телефон ұрлау фактісі біршама тұрақталды. Яғни, 10 іс тіркелді (2018 жылы – 19, 47.4%-ға төмендеген). 2019 жылдың 5 айында бұрын жасалған 11 қылмыс ашылды. Оның ішінде 3 қылмыс «өткен жылдар» санатындағы қылмыстар, сонымен бірге, «кезекші тәулікте» 5 қылмыс ашылды.
Қарағанды-Сұрыптау стансасындағы ЖПБ-нің қызмет көрсету аумағында жыл басынан бері «мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша қандай шаралар жүзеге асырылды?
– Құқық бұзушылықпен күрестің ең тиімді түрі – оның алдын алу. Осы бағытта жедел алдын алу іс-шаралары ұдайы жүргізіліп отырады. Атап айтқанда, «Құқықтық тәртіп», «Абайлаңыз, пойыз», «Жасөспірім. Заң. Қауіпсіздік», «Учаске», т.б. Жыл басынан бері 1017 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нақтырақ айтсақ, «мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша 559 әкімшілік құқық бұзушылық анықталса, соның ішінде белгіленбеген орындарда сауда жасау – 56, ұсақ құқық бұзушылық – 24, ішімдік ішу – 323, белгіленбеген орында темекі шегу – 140, кәмелетке толмағандардың кешкі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғын жайдан тыс жерде жүруі – 8, қоғамдық орындарда тиісу – 33, темір жолды белгіленбеген жерден кесіп өту – 235, көші-қон заңнамасын бұзу – 26, Әкімшілік кодекстің басқа да баптары бойынша – 172 дерек. Осы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 426 рет ескерту жасалса, 465 азаматқа 4 038 737,5 теңге көлеміндегі айыппұл салынды.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлеріне жиі сын айтылады. Сіздіңше, бүгінгі Қазақстан полицейінің бойында қандай қасиеттер болуы тиіс?
– Полиция қызметкерлеріне қойылатын қатаң талаптар көп. Заңдылық пен жауынгерлік-қызметтік тәртіпті әуелі полиция қызметкерінің өзі қатаң сақтап, содан кейін өзгелерден талап еткені дұрыс. Полиция қызметкерінің басты ұстанымы – өз қызметіне адал болу, қандай қиындықтар, кедергілер болса да шыдау. Тәртіп сақшысы деген ұғымға сай болу үшін біріншіден кәсіби маман ғана емес, өз ісіне жауапты, сауатты тұлға болуы тиіс. Жауапкершілік, төзімділік, шыдамдылық сынды қасиеттерді бойға сіңіруі қажет. Сондықтан әр тәртіп сақшысының бойынан жігерлілік пен жүректілікті көргім келеді. Әрі өз ісіне адал, шыншыл болуы тиіс.
Ешкім де ерлікті батыр болам, тарихта қалам деп есеппен жасамайтыны анық. Десек те, ел тыныштығына, бейбіт адамдар өміріне қауіп төнген сәтте тәуекелге бас тіккен азаматтар туралы айту бізге парыз. Сын сағатында өзгенің өмірі үшін өз өмірін қиған атыраулық тәртіп сақшысы Ш. Ақымғалиевтай патриот полицейлер бүгінгі Қазақстан полициясының қатарында көп болуы үшін жеке құрам арасында қандай іс-шаралар жүргізу қажет? Әлде ерлік – әркімнің бойына ұя сала бермейтін қасиет пе?
– Әрине, дұрыс айтасыз. Жақсының жақсылығын айтып, олардың есімдерін ел есінде мәңгіге қалдыру – біздің парызымыз. Өткенде ғана орын алған, яғни өзіне қол салмақ болған азаматшаны құтқарам деп өз өмірін қиған атыраулық полицей Шалқар Ақымғалиев бүгінде есімізде ғана емес, жүрегімізде. Нағыз адал азамат өзгенің өміріне қауіп төнгенде тәуекелге бас тігеді. Мұндай сәтте ердің ері, тіпті аранын ашқан ажалға да тайсалмай қарсы тұрады. Шалқар Ақымғалиев біздің есімізде нағыз батырлық пен адалдықтың шынайы үлгісі болып мәңгі сақталады. Отанын сүйген адам ғана ел мүддесін бәрінен биік қоятыны баршамызға белгілі. Небәрі 25 жасында өмірден озған азаматтың рухына бас иеміз.
Әлбетте, бөлімнің кадр саясаты тобы жеке құрам қызметкерлері арасында патриоттық бағыттағы шараларды үнемі жүргізеді. Біріншіден, ішкі істер органдарына өмірін арнағысы келетін қызметкерлерге мықты дене дайындығы, күйзеліске төзімді болу керектігі, сонымен қатар, моральдық тұрғыдан таза, жоғары ақыл-парасатқа сай тұлға ретінде қалыптасу керектігі баса айтылады. Екіншіден, ерлік жасау кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бұған әркімнің ерік-жігері де жетпес. Сондықтан адал қызметтің нағыз үлгісін көрсеткен ерлерді ұлықтау – міндетіміз.
Қазіргі жас қызметкерлердің білімділігіне, біліктілігіне және қабілеттілігіне көңіліңіз тола ма?
– Бір жақты пікір айту қиын. Меніңше, жас қызметкерлердің білімділігі тәжірибелі басшыға байланысты. Үйретушісі жақсы болса, жастардың қабілеті бар, тек соның көзін аша білу керек. Бүгінгі жас маман – ертеңгі білікті қызметкер. Сондықтан қолымыздан келгенше білгенімізді жастарға үйретеміз.
– Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаевтың: «Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала», – деген сөзі бар. Қызметкерлердің спорттық даярлығын көтеріп, денешынықтыру дайындығын жоғары деңгейде ұстауын қамтамасыз ету жолға қойылған ба?
– Әрине, полиция қызметкерлері үшін қызмет пен спорт егіз ұғым. Бөлімде қызметкерлердің денешынықтыру дайындығы жоғары деңгейде. Бізде спортты жанына серік еткен жас қызметкерлер бар. Оларға барынша қолдау білдіреміз. Атап айтсақ, бүгінде қоян-қолтық ұрыстан полиция сержанты Айдана Тілеуханова еліміздің екі дүркін чемпионы, республикалық турнирдің күміс жүлдегері, спорт шебері, қара белбеу бойынша І дан иегері. Сондай-ақ, полиция лейтенанты Дидар Салкенов грэпплингтен Қазақстанның 2 мәрте чемпионы, «Asia open» чемпионатының қола жүлдегері. Күні кеше ғана полиция кіші сержанты Ерғанат Әбдікәрімов джиу-джитсудан өткен үлкен жарыстан 3-ші жүлделі орынмен оралды.
Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ж. ТҰРСЫНОВА, Қарағанды облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*