Ішкі әскердің сырттаны

Қазақта «Отан қорғау – ердің ісі» деген мақал бар. Болашақ Отан қорғаушы генерал Әмірбек Төгісов бала кезінен Абылай, Керей, Жәнібек, Хақназар, Қасым, Тәуке хандар және Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбайдай батырлар туралы аңыз-әңгімелерді естіп, батырлар жырымен сусындап өсті. Халық әдебиетінің мол мұрасы оның ер мінезді жігіт болып қалыптасуына үлкен ықпалын тигізді.

Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған…
Әмірбек – елі үшін туған ердің бірі. Ол оның тағдырына жазылған еді. Төгісовтердің тегінде атақты би Бөжей, Ұлтарақ, құт Шаянбай және Шығыс Қазақстанның болыс-басшылары болған.
1873 жылы Шорға болысын басқарған ұлы атасы Төгіс Шаянбаев Алтай мен Зайсан қазақтарының ішіндегі таңдаулы делегация құрамында Ресей императоры ІІ Александрдің қабылдауында болып, патшаның қолынан «Құрметті қазақ» грамотасын алған.
Генералдың атасы Әбділдәбек Төгісов елге танымал адам болды. Ол өте еңбекқор, батыл да әділ, сонымен қатар, қатарынан озық ойлы, көзі ашық адам болған. Өзінің замандасы балуан Қажымұқанмен тамыр еді. Әбділдәбектің ұлы Көлбай Төгісов «Үш жүз» атты алғашқы әлеуметтік партия құрған. Бұл партия тап күресінің негізінде бай-феодалдарға қарсы шығып, халық жағында болды. Қазақстанның автономды республика болуы үшін күресті. Мұрағаттарда К. Төгісовтің В. Ленин және И. Сталинмен хат алмасқаны сақталған. Көлбай Төгісов Колчак әскерінің қолынан қаза болды. Өзінің басшысынан айырылған партия бұдан кейін жұмысын тоқтатқан.
Генералдың әкесі Төгісов Әнуарбек Әбділдәбекұлы ҚХР-да Кеңес үкіметінің тапсырмаларын орындады. Термоядролық бомба, ғарыштық техника, ракета құрылысының алғашқы кезеңдерінде пайдаланылған стратегиялық шикізат – бериллий өндіруде Қытайдағы КСРО-ның мүддесін қорғады. Құрамында Әнуарбек Әбділдәбекұлы бар кеңестік қарсы барлау тобы 1950 жылы бериллий өндіруші нысанның айналасында шпиондық жасап жүрген ҚХР-дағы АҚШ-тың резидентурасын ұстап алады.
Ал анасы Раиса Гиляжқызы гимназияда математика пәнінен сабақ берген. 1948 жылы өз заманындағы озық ойлы осы екі жас тағдыр бас қосып, өмір бойы бірге боламыз деп сөз берді. 1949 жылғы 30 мамырда Әмірбек дүниеге келді. Әкесі ұлы үшін әрқашан ар мен абыройдың, Отаны мен еліне деген сүйіспеншіліктің үлгісі бола білді. Ұлының бойына осы қасиеттерді сіңіріп тәрбиеледі.
Әмірбек алты жасқа толғанда ата-анасы оған бастан-аяқ офицерлік форма тіктіріп берді. Бұл жағдай оның болашақта мамандық таңдауына және бүкіл саналы ғұмырын әскери өмірге арнауына түрткі болды.
Оның әскери мансабы мерзімдік әскери қызметке шақырылуынан басталды. 1968 жылғы 19 қарашада Алматы қаласының Калинин аудандық әскери комиссариатынан Магадан қаласындағы Ішкі әскердің 6611 әскери бөліміне жіберілді. Ол әскерде жауынгерлік және саяси дайындықтың үздігі ретінде «БЛКЖО ОК Құрмет грамотасымен» наградталды. Ефрейтор Төгісов В.И. Лениннің 100 жылдығына орай «Жауынгерлік айбыны үшін» мерейтойлық медаліне ұсынылған полктегі бірегей солдат еді. Ол осы жерде партия қатарына кірді. Қызметтегі табысы үшін әскери училищеге оқуға жіберілді.
Ол КСРО ІІМ ІӘ Орджоникидзе атындағы Қызыл жұлдызды командалық әскери училищесін аяқтаған соң, қайтадан Магадан қаласына қызметке жіберілді. Әмірбектің тағдырына Колыманың үлкен әсері болды.
Магаданда ол өзінің өмірлік жары Татьянаны кездестіреді. Көп ұзамай тұңғыш ұлдары Ренат дүниеге келді.
Офицерлік қызметі де осы жерде басталды: училищені аяқтағаннан кейінгі алғашқы офицерлік шені – аға лейтенант, алғашқы лауазымдары – взвод командирі, рота командирінің саясат бөлімі бойынша орынбасары, саясат бөлімі бастығының комсомол жұмыстары бойынша көмекшісі еді.

Өрлер мен белестер
Қызмет бабымен ең бірінші Комсомольск-на-Амуре қаласына көшіп барып, әрі қарай Қарағанды, Алматы, Гурьев, қайтадан Алматы, Мәскеу, Алматы және Астана қалаларында қызмет атқарды. Офицердің қызмет географиясы осындай.
1977 жылы оны туған елі – Қарағанды қаласына қызметке жібереді. Қарағандыда Әмірбек пен Татьянаның отбасында қыздары Лариса дүниеге келді. Осы жерде кезекті майор шенін алып, аға офицерлердің қатарына қосылды.
Алматыға Әмірбек он бес жылдан кейін оралды. Бірақ, бір жылдан соң, қайтадан жүктерін жинап, КСРО Орталық комитетінің бекітуімен Гурьевтегі полкке саясат бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Ал екі жылдан соң Ішкі әскердің Орта Азия және Қазақстан бойынша басқармасына жаңа қызметке Алматыға қайтып оралады.
1988 жылы подполковник Әмірбек Төгісов КСРО ІІМ бұйрығымен Мәскеу қаласындағы КСРО ІІМ Ішкі әскерлер Бас басқармасы комитетінің саяси басқармасының инспекторы болып тағайындалды. Басқармада қызмет еткен жылдары ең қиын уақытқа тура келді. Ол барлық «отты нүктелерден» өтті. Полковник әскери шенін де осы кезде алды. 1989 жылы КСРО ІІМ ІӘ Бас басқармасы комитетінің арнайы жедел тобының құрамында Латвия, Литва және Эстонияда жұмыс істеді. 1989 жылы 20 наурызда Литваның Ионава қаласында ірі химия зауытында үлкен техногендік апат болып, 7500 тонна сұйық аммиак төгілген еді. Ауаға аммиак тарап, тиісті мөлшерінен неше есеге асып кетеді. Апаттан кейін жергілікті халықты жылдам қоныс аудару шарасы басталады. Осы кезде Ішкі әскер апат салдарларын жоюға, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, карантин шараларын жүзеге асыруға, қаланың маңызды нысандарын күзетуге белсенді қатысты. Литвада жүрген полковник Әмірбек Төгісов Ионаваға алғашқылардың бірі болып, әскердің қосымша күшімен келеді де, алғашқы аптада жедел штабтың құрамында жұмыс істейді. Улы аммиактың шектен тыс дозасын да осы кезде алады.
Бас басқарма офицерлеріне кейде стандарттан тыс, ерекше тапсырмаларды орындауларына тура келетін. Мысалы, 1989 жылдың маусымында КСРО ІІМ Ішкі әскерлердің қолбасшысы, генерал-полковник Ю. Шаталин полковник Әмірбек Төгісовті Ферғана облысындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты мәселелерді келісу үшін Өзбекстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы Ислам Каримовпен кездесуге Ташкентке жібереді. Ушығып тұрған әлеуметтік текетірес жағдайында жедел топтың арнайы операцияларды жүргізуі үшін Өзбекстанның басшылығымен уағдаластыққа келіссөздер жүргізу арқылы қол жеткізді.
Немесе 1990 жылғы Бакудегі жағдайды алайық. Ұлтаралық қақтығыстар себебінен енгізілген төтенше жағдай кезінде полковник Әмірбек Төгісов екі ай бойы әскери коменданттың дайындаған хабарламалары арқылы республикалық телеарнадан тікелей эфирде сөйледі.
Бас басқарма саяси басқармасының офицерлері, полковник Побединский және Төгісов Карабақ оқиғасына байланысты шекараның екі жағынан бес шақырымдық қашықтыққа әскери құрылымдарды алып кету туралы қаулы жобасын әзірлейді. Аталған саяси құжат Әзербайжан мен Арменияның Жоғарғы Кеңестерінің отырысында қаралып, стратегиялық шешімдерді дамытуға септігін тигізді.
1992 жылғы ақпанда Қазақстан Үкіметінің қаулысымен полковник Әмірбек Төгісов Ішкі әскерлер қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Ол бес жыл бойы әскер қолбасшылығымен бірлесіп, егемен Қазақстанның ішкі әскерінің құрылуы мен дамуына үлкен үлес қосты.
Президенттің командирлердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарларының институтын құру туралы Жарлығының жаңа талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде ескірген барлық нормативтік-құқықтық актілер толық жаңартылды.

Антқа адалдық – ердің ісі
Тәрбиешілердің жаңа құрылымын құру кезеңінде оның пайда болуы мен жетілдірілуіне генерал-майор Әмірбек Төгісов үлкен үлес қосты. Генерал Ә. Төгісовтің тікелей қатысуымен әскердегі жастар саясатының негізгі бағыттары анықталды, әскери бөлімдер мен бөліністерде жауынгерлік сайыс өткізуді реттейтін құжаттар, офицерлік жиналыс туралы ереже, әскери саладағы тәрбие жұмысын жоспарлау туралы нормативтік-құқықтық құжаттар қабылданды.
Негізгі басшылыққа алынатын құжат ретінде генерал-майор Ә. Төгісов «Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінде тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарды дамыту мен қалыптастыру тұжырымдамасын» жазып шықты. Осы кезеңде әскерде құқықтық тәртіпті бұзуды есепке алу үшін «Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінде тәртіптік теріс қылық, қылмыс және оқиғаларды есепке алу бойынша нұсқаулық» әзірленді. «Ішкі әскердегі өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу, бөлімді өз бетімен тастап кету, жарғымен бекітілген қарым-қатынас ережесін бұзудың алдын алу және профилактикасы бойынша Директива» дайындалды.
«Тәртіп апталығы» айлықтары мен апталықтары өткізілді, әскери соттың ашық отырыстары тәжірибеге енгізілді, кешкі тексеру кезінде сотталған әскери қызметшілер туралы әскери соттың қаулылары жеке құрамға жеткізілді, белсенді жастар орталығы құрылды, ардагерлер ұйымының жұмысы жандандырылды.
Оның Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер қолбасшысының орынбасары болып отырған уақытында әскерде жауынгерлік қызметтен тыс адам шығыны мен әскери қылмыстардың саны 3,5 есеге қысқарды. Қазақстан Республикасы Қарулы күштері, басқа әскерлер мен әскери құралымдардың жалпы әскери Жарғыларының, оның ішінде Тәртіптік Жарғының әзірленуіне аса көңіл аударылды. Жауынгерлік сайысты ынталандыру үшін жауынгерлік сайыстың жыл сайынғы ұраны енгізіліп, І және ІІ дәрежелі «Қайсар» төсбелгісі жасалды.
Сонымен қатар, әскердегі жауынгерлік сайыс үшін бригада, полк және батальондарға Абылай хан, Әбілқайыр хан, Шоқан Уәлиханов жалаушалары (вымпел) жасалды. Осы ауыспалы жалаушаларға сәйкесінше І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар табыс етіліп, бөлімдер мен бригадаларға сақтауға қалдырылды.
1996 жылғы желтоқсанда Әмірбек Төгісовке Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен генерал-майор жоғары офицерлік шені берілді.
1997 жылдың қаңтарында генерал-майор Әмірбек Төгісов Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды.
1997 жылдың қыркүйегінде генерал-майор алғашқы бітімгерлік халықаралық «Центразбат-97» оқу-жаттығуын ұйымдастыруға қатысты. Оқу-жаттығу Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің десантшы бөліністерінен құрылған Ортаазиялық батальонның базасында өтті. Ол Қазақстан аумағында орналасқан болатын. Қазақ-қырғыз-өзбек Центразбат взводының 40 десантшысы АҚШ-тың 82-әуе десанты дивизиясының батальоны құрамында АҚШ аумағынан ешқайда қонбай ұшып келді. Ұшу кезінде әуеде екі рет жанармай құю тәжірибесін жасаған. Десантшылар 20 сағаттан кейін Шымкенттің іргесіндегі Сайрам аулына келіп қонды. Артынша, Ресей және Түркия Қарулы күштерінің десанттары жауынгерлік жорықты жүзеге асырды. Оқу-жаттығуға аталған елдерден барлығы 600 әскери қызметші бітімгерлік операциясына қатысты. Халықаралық «Центразбат-97» оқу-жаттығуы бұрын-соңды болмаған бірегейлігімен ерекшеленді.
1998 жылы қыркүйекте генерал-майор Әмірбек Төгісов БҰҰ жұмысына қатысып, БҰҰ-ның 5-комитеті отырысында Қазақстан Республикасы бітімгерлік іс-қимылдарының мәселелері бойынша баяндама оқыды. Бұл Қазақстан Республикасы Қарулы күштері басшылығының БҰҰ-дағы ең алғашқы баяндамасы еді.
Генерал-майор Әмірбек Төгісов Ш. Уәлиханов атындағы кадеттер корпусын және С. Нұрмағанбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебін ұйымдастырушылардың бірі. Әскери мектептің ашылу салтанатына Елбасы Н. Назарбаев және Белоруссия Президенті А. Лукашенко қатысты.
Ол үнемі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы отырыстарында және ТМД елдерінің Қарулы күштері Қорғаныс министрі орынбасарларының жиналыстарында Қазақстанның әскери-саяси мүддесін қорғап, өзінің ұсыныстарын енгізіп отырды.
Ресей, Белоруссия, ҚХР, Қырғызстан, НАТО, АҚШ, Өзбекстан және басқа мемлекеттердің әскери саласымен әскери-саяси мәселелер және әскери саясат бойынша халықаралық келіссөздерге белсенді қатысты. Осы жылдары Женевадағы Халықаралық Қызыл Крест штабының қасынан ашылған жоғары курсты оқып бітірді.
1999 жылы мамырда Алматыда ең алғаш «Жас ұлан» атты сарбаздар әнінің фестивалі өтті. Фестивальдың жастар арасында әскери-патриоттық тәрбие берудегі рөлі бүгінгі күні орасан. 2018 жылы республикалық «Жас ұлан» әскери әндер фестивалінің жиырмасыншы мерейтойы өтті. Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар департаментінің игілікті бастамаларын Қорғаныс министрі, армия генералы Мұхтар Алтынбаев және оның орынбасарлары жан-жақты қолдап, көмек берген еді. Бұл істе де генерал-майор Әмірбек Төгісовтің еңбегі зор.
Әмірбек Ануарұлы 2000 жылдың маусымында өзінің жеке өтінішімен және отбасы жағдайына байланысты Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріндегі қызметін аяқтап, бірден «Қазақалтын» концерні ААҚ-қа қауіпсіздік қызметінің директоры болып жұмысқа кіреді.
Генералдың өмірлік жары Татьяна Михайловна туралы сөз қозғап кетпесек, жөн болмайтыны анық. Әскери отбасынан шыққан Татьяна жұбайының әскери өміріне еш қиындықсыз араласып кетті. Оның шаңырағында ошағының түтінін түтетіп, балаларына тәрбие беріп, жарының алаңсыз қызмет атқаруына жағдай жасады. Татьяна Михайловнаның дипломат ретіндегі қабілеті де жұбайының Қорғаныс министрлігіндегі қызметіне көп септігін тигізді. Министрліктің басшылығы түрлі келіссөздер жүргізу кезінде Татьяна Михайловна да әскери делегация басшыларының жұбайларымен әңгіме жарастырып, әр тараптың жақындаса түсуіне жағдай жасайтын.
Төгісовтер отбасының шамшырағы – анасы Раиса апа Гиляжқызы. Раиса апаның 80 жылдығы қарсаңында «Женщины. Восток-Запад» журналында ол туралы «Оның жаны да, үйінің есігі де әрқашан ашық, қазыналы қарт анаға жүгініп келгендер салиқалы ақылын тыңдап, бағытын түзеп жатады» деп жазған еді. Биыл генералдың аяулы анасы 90 жасқа толды.
Төгісовтер отбасы – әскери династия. Әмірбек Ануарұлы мен Татьяна Михайловнаның балалары да әскери жолды таңдады. Ұлдары Ренат Мәскеудегі Мемлекеттік жол қатынастары университетін және Әскери-дипломатиялық академияны бітіріп, мемлекеттік барлау басқармасында қызмет етті. Қыздары Лариса Ресейдің Қарулы күштерінің әскери унверситетін бітірді. Қазір Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында қызмет атқарады.
Генерал-майор Төгісов Әмірбек Ануарұлын мерейтойымен құттықтай отырып, мықты денсаулық, ұзақ өмір, отбасына амандық, береке-бірлік тілейміз!

Данара БАЙМАҒАНБЕТОВА, Алматы қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*