Акцияға халық дән риза

Кеше Ішкі істер министрлігінің баспасөз залында брифинг өтіп, оған ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңесбаев, Көші-қон қызметі төрағасының орынбасары Сабыржан Сейтжанов және Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз қатысты.
Қазақстандықтарды толғандырған маңызды мәселелер, соның ішінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау ішкі істер органдарының құзырында. Сондықтан тұрғындармен кері байланысты ұйымдастыру бірінші кезекте тұр. Осыған байланысты, республикалық «Жолда қабылдау» акциясы полиция жұмысының негізгі модельдерінің бірі. Еліміздің барлық өңірінде 17-18 мамыр аралығында өткен акция кезінде ел азаматтарынан 16 мыңға жуық өтініш түсті. Ал, жеті мыңнан астам сұрақ әлеуметтік желілерде өткізілген тікелей эфир кезінде келіп түскен болатын.
Журналистермен кездесу барысында Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз еліміздің әрбір өңірінде осындай акция өзінің жалғасын табатынын тілге тиек етті. «Журналистердің құлағына алтын сырға» демекші, біз осындай акцияны әр айда өткізіп тұруды жоспарлап отырмыз. Өздеріңіздің көкейлеріңізде туындаған сұрақтардың жауабын акция барысында мамандарға қоя аласыздар. Бұл сіздердің де жұмыстарыңызға қолайлы болады деген сенімдеміз», – деп атап өтті.
«Акция барысында 16 мыңға жуық өтінім келіп түсті. Азаматтар мәселелерінің 99 пайызы өз шешімін тапты. Сауалдардың басым бөлігі әкімшілік айыппұлдарға қатысты болды. Айта кетейік, акцияның тек бірінші күні 8 мыңнан астам азамат «Жолда қабылдау» кеңесіне жүгінді. Тағы 5,5 мың сұрақ әлеуметтік желі арқылы келіп түсті. Сауалдардың көбі жол ережесін бұзғаны үшін тіркелген айыппұлдарға, көші-қон заңнамасының орындалуына, жолдағы көлік қозғалысын ұйымдастыруға, автокөлікті тіркеуге, жүргізуші куәлігін беруге қатысты болды», – деді ІІМ Әкімшілік полициясы комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңесбаев.
Павлодар қаласында өткен акция барысында Ресей азаматшасы өзінің айыппұлының бар-жоғын тексеру үшін жүгінген еді. Полиция қызметкерлері бұл азаматшаның өтініші бойынша тексеру жүргізіп, өзінің берешегі туралы толыққанды ақпаратты алады. Мамандар көрші мемлекет азаматшасы Наталья Вишняковаға сол жерде планшет арқылы берешегін төлеуге кеңес береді. Отанына оралған кезде кедергілер туындатуы мүмкін мәселе осылайша бірер минутта шешімін тапты. Наталья полицейлерге бұл мәселені жедел шешкені үшін алғысын білдіріп, өзінің Ресейде жүргенде мұндай акциялармен ешқашан бетпе-бет келмегенін атап өтті.
Сонымен қатар, автокөлікті уақытында қайта рәсімдемеудің салдарынан 73 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны бірнеше жылдан бері өзінің атына бітпейтін айыппұлдың келіп түсіп отырғанының салдарын сұрайды. Бұл азамат осыдан алты жыл бұрын автокөлікті сатқан екен. Бұрын сатылғанына қарамастан, жол ережесін бұзушылыққа байланысты айппұлдар мен салықтар оның атына келуі жалғаса берген. Қулық жасап өзін алдап соққан сатып алушыны өз бетімен іздестіріп те көріпті. Бірақ, оның бұл ісінен ешқандай нәтиже шықпаған. Өзінің таныстарынан «Жолда қабылдау» акциясы туралы естігеннен кейін бірден полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінеді. Полиция мамандары сол бойда жүргізушінің жеке басын анықтайды. Ол Тараз қаласының 29 жастағы тұрғыны болып шыққан. Көлікті сатқан 73 жастағы ел ағасының әңгімесін тыңдағаннан кейін, ол өзінің айыбын мойындап, айыппұлдарды және алты жыл бойы төленбеген салықты төлеп, автокөлікті қайта рәсімдеуге уәде береді. Зейнеткер қария алты жылдан бері басын қатырып, шешім таба алмай жүрген мәселенің тез арада шешілгеніне қуанып, полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, олардың еңбектеріне табыс та тіледі.
Ал, Атырау қаласының тұрғыны өзін екі жыл бойы мазалаған мәселені бір сағатта шешті. Алаяқтар кәсіпкерден 40 мың теңгенің затын алып, бой тасалап кеткен. Атыраулық кәсіпкер әйел бұрын полицияға жүгінбепті. Бұл кісінің шағымын қабылдаған полицейлер жедел іздестіру ұйымдастырып, күдіктіні табады.
Бұған қоса, call-орталық арқылы түскен өтініш қорытындысы бойынша Жұмысшылар поселкесіндегі Қарттар үйі алдынан жаяу жүргінші жолағы мен жылдамдықты шектеу белгісі қойылды. Петропавл қаласының тұрғыны №9 орта мектептің жанындағы жолдан өтер жерге бағдаршам қою туралы өтініш жасады. Тек осы соңғы айдың өзінде акция кезіндегі азаматтардың өтініші бойнша барлығы 14 жол белгісі орнатылды.
Сондай-ақ, «Жолда қабылдау» республикалық акциясына М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты мен Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің өкілдері қатысты.
Акцияның республика бойынша келесі кезеңі 14-15 маусымға жоспарланып отыр.

Раушан НАРБЕК, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*