Жетісуда туристік полиция құрылды

Жер жәннаты атанған Жетісу өңірі тамылжыған табиғатымен ғана емес, құпияға толы тарихымен де аты аңызға айналған өлке. Жетісу жерін ежелгі сақ, үйсін, қаңлы тайпалары мекендегеніне куә – атақты Тамғалы тас. 12 миллион жылдық тарихы бар Шарын шатқалы да Алматы облысының аумағында. Қайыңды көл, Көлсай көлі, шетен тоғайы да Жетісудың баға жетпес байлығы. Табиғаты әсем, тарихы бай өлке туристердің де жиі келетін аймағы.
Осыған орай, жуырда Алматы облысы Полиция департаментінде туристік полиция бөлімшесі құрылды. Бүгінде жаңа құрылымның штат кестесі бес офицерлік құрамнан тұрады.
«Туристік полиция құрамына заңдылықтар мен біздің өлке тарихын жақсы білумен қатар, шетел тілін де жетік меңгерген мамандар тартылды. Олардың барлығы да ағылшын, орыс және қазақ тілінде еркін сөйлейді. Біздің облыстың Қытай Халық Республикасымен шекаралас екенін ескерсек, аталған бөлімшедегі инспекторлардың бірі қытай тілінде еркін сөйлейді. Бөлімше қызметкерлері кеудеге тағатын бейнетіркегішпен, радиостанса, планшет сияқты құрылғылармен және нысанды кеудешемен қамтамасыз етіліп, арнайы автокөлік берілді», – деп хабарлайды Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Туристік полицияның міндеті – шетел азаматтары мен қонақтар қызығушылық танытқан мәселелер бойынша кеңестер беріп, олардың Қазақстан аумағында болған кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Аталған туристік полиция өз жұмысын туристер жиі демалатын Алакөл ауданынан бастады. Мұнда кеңсе жиһаздарымен, техникамен және байланыс құралдарымен жабдықталған және ақпараттық жүйеге қосылған арнайы стационарлық бекет бар.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*