Сайыпқырандарға сәттілік тіледі

Қазақстанның бас көлік полицейі КПД құрама командасының мүшелеріне шағын футболдан өтетін халықаралық турнирде сәттілік тіледі.
15 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында ІІМ Көліктегі Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Аманжол Қабылов Беларусь Республикасының Брест қаласындағы Брест темір жол вокзалының қорғаушыларын еске алуға арналған шағын футболдан ХХІ халықаралық турнирде еліміздің намысын қорғайтын қызметкерлерге арнап сөз сөйледі.
«Сіздердің алдарыңызда үлкен сынақ тұр. Департамент басшылығы осындай ірі жарыстарда Қазақстанның намысын қорғайтын спортшыларға ерекше үміт артады. Сіздерге әділ ойын және сәттілік пен жарқын жеңіс тілеймін», – деді А. Қабылов. Аманжол Жайғалиұлы, сондай-ақ, оларға алға қойған мақсаттарына жетулеріне тілектестік білдірді.
Өз кезегінде КПД спорттық командасының өкілдері департамент басшылығының денешынықтыру және спортты дамыту мәселелеріне ұдайы көңіл бөлетіндігін атап өтіп, үлкен қолдау көрсеткені үшін ведомство басшысына шынайы алғыстарын білдірді.
Команда капитаны болып халықаралық деңгейдегі спорт шебері, күш құрылымдары арасында үш дүркін әлем чемпионы, полиция подполковнигі Талғат Қожабаев тағайындалды. Оның айтуынша, бұл дүбірлі додаға Беларусь Республикасы ІІМ, Беларусь темір жолы (Брест бөлімшесі), Ресей Федерациясы ІІМ Орталық Федеральдық округі бойынша көліктегі басқармасы, Қазақстан Республикасы ІІМ Көліктегі ПД, сондай-ақ «Беларусь Республикасы ІІМ академиясы» білім беру мекемесі және Брест облыстық атқару комитетінің ішкі істер басқармасының командалары қатыспақ. Сондай-ақ, ол біздің командамыздың барлық мүшесі ҚР Мемлекеттік Туы мен «ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті» деген жазу бейнеленген жаңа спорттық формаға ие болғанын айтты.
«Ойыншылардың жасы 35 және одан жоғары. 12 полицейдің майордан полковникке дейінгі атақтары бар. Олар бір ай бойы ойын техникасы мен жаттығу дайындықтарын шыңдады. Шағын футболдан оқу-жаттығу жиыны Шымкент қаласында өтті», – деді команда капитаны.

Көліктегі ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*