Дін мен дәстүр – мызғымас діңгек

Еліміз тәуелсіздік алып, әлемдік өркениеттегі өз орнын анықтауға бет алғанына да жиырма жеті жыл болды. Осы әлемдегі біздің алатын орнымыз қандай деген мәселеге тоқтар болсақ, онда ұлттың ертеңі оның бүгінгі ұрпағының тәрбиесіне, біліміне, татулығына, ұлт алдындағы жауапкершілігін сезінуіне тікелей байланысты екені анық.
Дінімізді бұрмалап әртүрлі жаңалықтар енгізіп, сенімімізден, тілімізден, мәдениетімізден, қазақты қазақ етіп көрсететін салт-дәстүрімізден, ұлттық құндылықтарымыздан айырып, халық арасында араздық, дұшпандық, жеккөрушілік, тасбауырлық тудырып, ынтымағынан, бірлігінен айырып ұмыттырғысы келетін түрлі ағымдардың өте белсенді жұмыс жасап жатқандығы бізге мәлім.
Дін адамға адам болуды, ұлттарға бірлік пен тұтастықта өмір сүруді үйретеді. Біз зайырлы мемлекет болсақ та, ұлтымыздың ата діні Ислам екенін ұмытпауымыз керек. Ислам дінінің парыздарын орындауға шын ықыласымен ниетті кейбір мұсылман бауырларымыз өздерінің теріс ағым жолына қалай кетіп қалғандарын аңғара алмай жатады.
Қазақстан Республикасының аумағында соттың шешімімен тыйым салынған террористік және экстремистік ұйымдар қатарынан елімізде кеңінен танымал «Таблиғи жамағат» пен «Ат-такфир уәл-Хиджра» ұйымдары орын алады. Кейбір ислами радикалды ағымдардың өз иделогиясын насихаттау жолында бірнеше сатылы әдіс-тәсілдеріне тоқталып өтсек.
Бірінші сатыда, Ислам дінінде белгіленген құлшылықты орындауды мақсат еткен адам қалыптасқан белгілі бір «жамағат» қатарына ақырындап тартыла бастайды. Көбіне мұндай «жамағаттардың» қақпандарына жаңадан намаз оқуды бастаған, діннен тек үстірт қана хабары бар адамдар түсіп жатады. Қармағына бір ілінген адамды уағыздар арқылы айналасына топтастыра бастайды. Уағыздардың басым көпшілігі о дүниенің бар жақсылықтарына арналған және сол бақытқа «кедергі» болатын бұл дүниедегі көп нәрсені тәрк ету қажет. Мысалы, музыка тыңдамау, теледидар көрмеу, шығарма жазбау, сурет салмау, әдеби көркем шығармалар оқымау деген ұстанымдар «жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю» принципіне айнала бастайды.
Екінші сатыда, күнделікті өмірде «анау болмайды», «мынау болмайды», «ол дұрыс емес», «мынау дұрыс» деген сынды тыйымдар мен сындардың көбеюі қоршаған ортада, яғни отбасы, туыстары, достары, таныстары арасында түсініспеушіліктерге бой алдыра бастайды. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының шариғатқа мүлдем сай келмейтіндігі сөз болады.
Бұл сатыда дінді ұстану мен оның шарттарын орындау барысында агрессиялық қысым басымдылық танытып, көбінесе Ислам дінінің ішкі терең мазмұнынан гөрі атрибутикалық әрекетке көп көңіл бөлінеді. Мысалы, балақ қысқарту, сақал қою (бұл жерде жас мөлшері, жарасу немесе жараспау мәселесі назардан тыс қалады), діни құқықтық мәселелерді ескерместен «сүннет» деген желеумен екінші, үшінші, төртінші әйел алу және қалаған уақытта талақ қылу, яғни отбасылық құндылықтардың сақталмау мәселесі қоғамда үлкен резонанс тудыруда.
Жоғарыда аталып өткен мысалдар салдарынан сол адамның немесе адамдар тобының қоғамнан оқшаулану үрдісі орын алады. Өздерінің «таза ислами» әрекетін қолдамаған ортаға, зайырлы мемлекет принципін ұстанған билік органдарына деген өшпенділік сезімін тұтатып, оларды «кәпірге» шығару түсінігі қалыптасады.
Үшінші сатыда қоғамнан оқшаулану әрекеті өзінің шырқау шегіне жетіп, өз елінен басқа шариғатпен амал етуші мемлекетке қоныс аудару, дін жолында аянбай күресу мәселесі мақсат болып алға қойылады. Ендігі кезекте ол адам өзі сіңірген діни радикалдық идеологиясын таратуға барынша ден қояды. Осындай әрекеттер салдарын Таяу Шығыс елдерінен көріп отырмыз. Радикалдық идеологияның кез келген түрі қоғам үшін аса қауіпті. Ол қоғамда ұлтаралық, дінаралық араздықты қоздырып, бірлік пен ынтымаққа нұқсан келтіреді. Рухани құндылықтар шетке ысырыла бастайды.
Сол мәселелерді болдырмау үшін жуырда Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты барлық мекемелерде деструктивті діни ағымды ұстанушы сотталғандармен «Бұл әлем қандай керемет», «Менің болашағым», «Бостандықтағы менің өмірім», «Менің отбасым», «Менің мақсатым» тақырыптарында шығармашылық науқан өткізілді. Әр мекемеде орын алған шығармашылық жұмыстар 2-ші кезеңге өткізіліп, облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінде 2019 жылдың мамырында облыстық Дін істері басқармасы басшысының орынбасары А. Исабаев, Дін істер басқармасының бөлім бастығы А. Тұрғанбаев, Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы Р. Ахметов, Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҰҚКД 3-басқармасы өкілдерінің қатысуымен, теріс ағымға жол бермеу шаралары негізінде өткізілген шығармашылық науқанға үздік суреттер номинациясы бойынша 5 адам, үздік шығармалар номинациясы бойынша 3 адам, үздік өлең номинациясы бойынша 1 адамға Қазақстан Республикасының Қылмыстық атқару кодексінің 128-бабына сәйкес көтермелеу шараларын қолдану ұсынылды.
«Ұрпақ тәрбиесінде діни тәрбиенің орны зор. Өйткені, діни сауатсыздық және дінсіздік адамзатты құрдымға алып барады. Сол мәселелерді болдырмас үшін адамдарды дұрыс арнаға түсіру керек. Дін мен дәстүрдің үйлесімді бірлігін қалыптастыра білген ұлттың ғана ғұмыры ұзақ болмақ», – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысы Дін істері басқармасы басшысының орынбасары Асқар Мұратұлы.
Ата-бабамыз Ислам дінінің сүнниттік жолымен өмір сүрген халық. Бұл жөнінде Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаев: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанған сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше бүгінгі ұрпақ әлемдегі ең ізгі дін Ислам дінін қадірлей отырып, ата-дәстүрін ардақтаған жөн», – деп атап өткен болатын. Дәстүрсіз ел, халық, ұлт өмір сүре алмайды. Бұл мойындалған дүние, яғни дәстүріне берік болған адам, дініне де адал болады.

Е. НҰРТАЗИНОВ,
Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД бастығы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*