«Қазақстан барысына» жолдама

Бүгінде екі мың жылдық тарихы бар ұлттық күресіміз «Қазақстан барысы» ұғымымен егізденіп, мақсаттары бір арнаға тоғысқан құндылығымыз болып отыр. Бұл Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың қолдауына ие болған ауқымды жоба әрі осы бір дүбірлі доданы елімізде жыл сайын өткізу дәстүрге айналды.
Биыл ол оныншы рет өткізілмек. Қазірдің өзінде Тұңғыш Президенттің жүлдесі үшін өткізілгелі отырған кезекті турнирге қатысуға ел аймағындағы балуандар іріктелу үстінде. Сондай іріктеулердің бірі – Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында өткен «Жетісу бөрісі» турнирі.
Жарыс барысында осы өңірдің барлық аудандарынан іріктеліп келген 40-қа жуық балуан белдесті. Олардың ішінен Алакөл ауданының балуаны Ернар Қабдолданов топ жарып, бірінші орынды иеленді. Шашасына шаң жұқтырмаған тарлан Алакөлдің мақтанышы ғана емес, сонымен бірге, Көліктегі Полиция департаментінің үлгі тұтар қызметкері. Ол департаменттің Арнайы жұмылдыру және даярлау басқармасының инспекторы, полиция капитаны. Еліміздің кіл мықты дарабоздары бақ сынаған сайыста суырылып алға шыққан Ернар Қабдолданов сыйлыққа темір тұлпар еншілеп, «Қазақстан барысы» турниріне жолдама алды.
Ернар Бауыржанұлы 1991 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданында туған. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған жас отбасының арқа сүйер азаматы. Мемлекеттік қызмет жолындағы еңбегіне биыл он жылдай уақыт болған.
2013 жылы Петропавл қаласындағы ІІМ ішкі әскерінің Әскери институтын бітіргеннен кейін, Семей қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде взвод командирі лауазымын атқарған. Ал 2017 жылы Көліктегі Полиция департаменті Достық стансасындағы Желілік полиция бөлімінің инспектор-кезекшісі болып тағайындалған. 2018 жылдың сәуір айынан бері Арнайы жұмылдыру және даярлау басқармасында қызмет етеді. Жеке құраммен арнайы-тактикалық, атыс, денешынықтыру дайындығы және күрестің жауынгерлік тәсілдері бойынша сабақтар өткізеді. Ернар өзіне жүктелегн міндетті абыроймен атқарып жүр. Әріптестері арасында зор беделге ие. Ол осыған дейін де көптеген марапаттарға ие болған.
Спортпен айналысқанына 20 жылдан асты. Полиция капитаны бүгінде қазақ күресі және самбодан спорт шебері. Жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай-ақ. Нақтырақ айтқанда, самбодан 2014 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ ІӘ күміс жүлдегері, 2015 жылы Ұлттық ұлан біріншілігінің жеңімпазы, сондай-ақ, 2017 жылы Қазақстан Республикасының чемпионатында қола және 2018 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ-нің біріншілігінде күміс жүлдені қанжығасына байлаған. Ал кешегі «Жетісу бөрісі» аламанында қол жеткізген жүлдесінің тіпті шоқтығы биік.
Спортты қызметпен қатар алып жүрген абзал азаматтың әлі талай асуларды бағындыратынына сеніміміз мол. Ендеше, алдағы «Қазақстан барысы» сынды білектің күші сыналар, сөйтіп ердің ері ғана шыдас беретін ұлы додада әріптесімізге тек қана сәттілік тілейміз!

Көліктегі ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*