Сыр еліндегі сындарлы жобалар

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды.
Алдымен Президент Қызылорда қаласындағы көпсалалы балалар ауруханасына барды. Мемлекет басшысы Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында 2017 жылы пайдалануға берілген мекеменің жұмысымен, ондағы балаларды емдеу және сауықтыру үшін алынған заманауи медициналық құрылғылардың жұмысымен танысты.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев балалар ауруxанасының медициналық қызмет көрсететін кабинеттерін аралап көріп, дәрігерлермен әңгімелесті.
Еркін әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті бала денсаулығын жақсарту ісі мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар жандана түсетінін айтты.
– Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыздың оңай емес екенін жақсы білемін. Балаларды емдеп, халықтың алғысына бөленіп жүрсіздер. Еңбектеріңіз елене берсін! – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев медицина мекемесі ұжымының жұмысына табыс тіледі.
Балаларға кәсіби, стационарлық және диагностикалық көмек көрсетуге бағытталған ауруxананың жалпы аумағы 24436 шаршы метр. Медициналық мекемеде xирургия, терапия, зерттеу жүргізу, ота жасау блоктары, сәулемен емдеу және физиотерапия бөлімшелері бар. Ұйымда 500-ден астам персонал қызмет етеді.
Сонымен бірге, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күріш өңдеу ісіне мамандандырылған «Жан-Арай» агроиндустриялық кешенінің жұмысымен танысты
Қасым-Жомарт Тоқаевқа зауыттың негізгі шығаратын өніміне қатысты мәлімет берілді.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен әңгімелесіп, бұл саланы өркендетудің басты бағыттарын атап көрсетті.
– Ауыл шаруашылығы – әлеуеті өте зор, стратегиялық маңызды сала. Бұл саладағы мәселелерді жақсы білеміз. Мемлекет оларды шешудің барлық мүмкіндіктерін қарастырады, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өңір еңбеккерлеріне зор табыс тіледі.
Осы күні Қазақстан Президенті Қызылорда облысындағы өңірлік «Рухани жаңғыру» орталығында болды. Мемлекет басшысына орталықтың негізгі қызметі жөнінде мәлімет берілді.
Жергілікті бюджет есебінен бой көтерген бұл орталық «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» сияқты бағыттар бойынша жұмыс істейді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту жөніндегі шаһардың бас жоспары таныстырылды.
Аумағы 1,5 мыңнан астам гектар жерді қамтитын бұл құрылыс алаңына тиісті инфрақұрылымдар жүргізілген. Мемлекет басшысына алдағы уақытта бұл жерде неке сарайы, өрт сөндіру депосы, 900 орындық орта мектеп, тұрғын үйлер, отбасылық медицина орталығы және басқа да әлеуметтік нысандар салынатыны жөнінде баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының құрылыс саласындағы көрсеткіші жоғары екенін атап өтіп, шаһардың өркендеп келе жатқанына тоқталды.
– Қала құрылысына осы саладағы үздік тәжірибелерді қолдану керек. Жаңа теxнология мен құрылыс материалдарын пайдаланып, «Ақылды қала» (Smart City) жүйесінің компоненттерін белсенді түрде енгізу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*