Ғибратты ғұмыр иесі 70-те

Ішкі істер органдарының құрылуы мен қалыптасуына көп еңбек сіңірген, саналы ғұмырын құқық қорғау органдарына арнаған ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері, бұрынғы Ішкі істер министрі, генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов 70 жасқа толды.
Соған орай ІІМ-нің клубында Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тургымбаевтың төрағалығымен салтанатты жиын өтті. Қайырбек Сүлейменовті мерейлі жасымен қызметтес болған әріптестері, замандастары, тәлім-тәрбиесін алған шәкірттері құттықтап, ақжарма тілектерін жаудырды.
Салтанатты жиынды Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлы құттықтау сөзімен ашты. «Бүгін біз Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері, еңбек сіңірген қызметкері, генерал-полковник Қайырбек Сүлейменовтің 70 жасқа толуына орай жиналып отырмыз. Қайырбек Шошанұлы Ішкі істер министрі, Мемлекеттік хатшы, Президент көмекшісі, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы сияқты көптеген мемлекеттік маңызды қызметтерді атқарды. Қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген азаматтың мерейлі 70 жасқа толуының біз үшін де маңызы зор. Бұл еңбегі үшін Елбасы генерал-полковник жоғары атағын берді және ол бірқатар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Қазіргі күні ол «Данқ» орденінің иегері.
Өмірінің қырық жылын құқық қорғау органдарына арнаған Қайырбек Сүлейменовтің ішкі істер органдарының құрылуы мен қалыптасуына сіңірген еңбегін айтпай кетуге болмайды. Ол көп жылғы қызметінің барлық кезеңінде өз ісіне адалдық танытып, қажыры мен қайратын соған жұмсады. Өз ісінің хас маманы әрі тәжірибелі жетекші екенін көрсетті. Бүгінде оның тәрбиесін алған талай офицер үлгілі қызмет етіп жүр.
Осы сәтте, Қайырбек Шошанұлы, Сізге зор денсаулық, отбасыңызға бақ-бекере, таусылмас қажыр тілеймін», – дей келе ведомство басшысы мерейтой иесінің кеудесіне Ішкі істер министрлігінің медалін тақты.
Одан соң мерейтой иесін Ішкі істер органдары мен ҰҰ ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков құттықтады.
«Қайырбек Шошанұлын сонау 1980 жылдардан бері, Көліктегі Шығыс Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары болып тұрған кезінен білемін. Ол батылдығы мен қайсарлығы, мақсаткерлігінің арқасында талай биікті бағындырды. Кеңес Одағы ыдыраған тұста еліміз күрделі кезеңдерді бастан кешіріп, қоғамда тапсырыспен кісі өлтіру сияқты аса ауыр қылмыстар өршіп тұрды. Міне, сол кезде Ішкі істер министрінің орынбасары лауазымын атқарған Қайырбек Сүлейменов қылмыстық ахуалды тұрақтандыруға, ведомствоны аяқтан тұрғызуға белсене кірісті. Ол бір уақытта Ішкі істер министрі әрі Ішкі іскер қолбасшысы болып, ТМД елдерінің тарихында болмаған нәрсе жасады.
Қайырбек Шошанұлы білікті басшы, қайырымды азамат қана емес, ардақты әке, сүйікті ата. Осындай аузын ашса жүрегі көрінетін азамат жетпіске келіп отыр. Атаулы датамен ІІО мен ҰҰ ардагерлері қазақстандық кеңесінің президиумы атынан құттықтаймын. Осы қалпыңызды жоғалтпай, жетпісте де желпініп жүре беріңіз!» – дей келе Өмірзақ Құспанұлы ардагерлер кеңесі атынан сый-сияпатын табыстады.
Қауіпсіздік Кеңес бастығының орынбасары Мұрат Баймұқашев та ғибратты ғұмыр иесін меншікті мерекесімен құттықтай келді. Ол өзінің құттықтау сөзінде Қайырбек Шошанұлын білікті маман, көреген басшы, ақылшы аға ретінде құрмет тұтатындарын айтып, жылы лебізін білдірді. Бұл күні өнегелі ғұмыр иесі әріптестерінің ерекше ілтипатына бөленді. Барлығы Қайырбек Сүлейменовпен қызмет еткен жылдарды еске алып, қызықты оқиғаларымен бөлісті.
Әріптестерінің құттықтауын қабылдаған Қайырбек Шошанұлы: «Бүгін ерекше сезімге бөленіп отырмын. Мерейімді асырып жатқандарыңызға шын көңілден алғысымды айтамын», – дей келе ол қызмет барысында кездескен қиындықтар мен қызықты оқиғаларды еске алды. Кеш соңында қонақтардың назарына Қайырбек Шошанұлы туралы деректі фильм көрсетілді.
Қайырбек Сүлейменов 1949 жылдың 12 мамырында Ресейдің Новосібір қаласында дүниеге келген. 1972 жылы Свердлов заң институтын бітіріп, прокуратура органдарына қызметке араласады. 1979 жылы Ленин ауданы прокурорының орынбасары лауазымынан Калинин ауданы Ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметіне ауысады. Сол сәттен Қайырбек Сүлейменовтің ішкі істер органдарындағы мансабы басталады. Содан ол 1981-1986 жылдары Алматы қаласының Ленин ауданы Ішкі істер бөлімі бастығы болған. 1986 жылы Қазақ КСР-і ҚҚМ Көліктегі Шығыс ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалған. 1987-1989 жылдары Алматы қаласы және облысы партия комитетінің әкімшілік органдар бөлімінің меңгерушісі болды.
1989 жылы Қазақстан КП ОК мемлекеттік-құқықтық бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ал 1990 жылы Қазақ КСР-і Президенті аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі болды. 1991 жылы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. 1992-1995 жылдары мемлекеттік кеңесші болды. 1995 жылы Ішкі істер министрі әрі Ішкі әскер қолбасшысы лауазымына тағайындалды.
2000-2002 жылдары ҚР Ішкі әскерінің қолбасшысы болды. 2002 жылы қайтадан Ішкі істер министрі қызметіне келген. 2003-2008 жылдары Ішкі әскерге қолбасшылық етті. Содан 2008 жылы Қайырбек Шошанұлы Президенттің көмекшісі әрі Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып сайланды. 2009-2013 жылдар аралығында Ардагерлер кеңесінің төрағасы болса, 2012 жылы Парламент Мәжілісі 5-шақырылым депутаты болып сайланған.
Қайырбек Шошанұлы арыстай үш ұлдың әкесі. Үлкен ұлы Тимур Қостанай облысының прокуроры, Әмір Мәскеу мемлекеттік университетінің студенті, Алмат Англияда оқиды. Тимурдан төрт немере сүйіп отыр.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суреті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*