Дала дастарқанынан дәм татты

Көлік полицейлері Ұлы Жеңіс күніне орай дала асханасын ұйымдастырды.
Нұр-Сұлтан қаласында Көліктегі Полиция департаментінің ғимараты алдында Ұлы Жеңіс пен Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, ол түстен кейін әрі қарай жалғасты.
Мерекелік іс-шараның ең жарқын да қызықты оқиғаларының бірі – департаменттің ауласында әскери шатырлардың құрылуы болды. Арнайы шақырылған қонақтар мерекеге жайылған дала дастарқанындағы жауынгерлік ботқадан дәм татты. Астың дәмді иісі мен жылуын шашып тұрған от-жалын дала асханасының нағыз шырайын кіргізді.
Дала асханасын дайындауға Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері мен көлік полицейлері белсене қатысты. Әскери киім киген қыз-келіншектер қонақтарға темір тәрелкелерге салынған қарақұмық ботқасын таратып, ыстық шәй берді. Сонымен қоса, жауынгер ботқадан Жас ұлан сарбаздары да дәм татты.
Департаменттің бастығы, полиция полковнигі Аманжол Кабылов сұрапыл соғыс жылдары майданда еңбек еткен және талай жылдар ішкі істер органдарында қызмет атқарған зейнеткерлерді құттықтап, оларға зор денсаулық, ұзақ өмір, бақ-береке және бейбіт күн тіледі.
Келген қонақтар арасында тыл ардагері Виктор Смоляков та болды. Виктор Петрович биыл 85 жасқа толмақ. Оның әкесі машинист болып жұмыс істейтін. Ол таңның атысынан кештің батысына дейін анасына Ақмола қаласының шетіндегі мал фермасының жұмысына көмектескендігін еске алды. Ашқұрсақ әрі суыққа тоңа жүріп, олар қолдарынан келгенше майданға бәрін жіберуге тырысқандықтарын айтты. Қария Ұлы Жеңісті асыға күткендіктерін, көзіне жас ала отырып әңгімелеп берді.
Жауынгер ботқасынан дәм тартқандардың енді бірі – Владислав Гилманов. Соғыс басталған кезде ол небары 3 жаста еді. «Көбіміздің әкелерімізді майданға алып кетті. Олардың бірен-сараны ғана елге оралды, тіпті біреулері мәңгілікке майдан даласында қалды», – дейді. Владислав Сергеевич мектеп бітіргеннен кейін Свердлов заң институтында оқыған. Зейнеттегі полиция полковнигі 20 жылдан астам көліктегі ішкі істер органдарында қызмет атқарды. Ол ІІМ-нің құрметті қызметкері атағына ие.
Көлік полицейлері соғыс жылдарында жауынгерлерді рухтандырып, бойларына күш-жігер әрі жеңіске деген үміт ұялатқан «Катюша», «Смуглянка», т.б. әндерді нақышына келтіріп орындады.
Еске сала кетейік, биыл Көліктегі Полиция департаментінде Ұлы Жеңістің 74 жылдығын 3 Ұлы Отан соғысының ардагері, 30 тыл еңбеккері мен 16 ҰОС қатысушылардың жесірлері атап өтті. Барлығына материалдық көмек көрсетілді. Мерекелік іс-шараға қатыса алмаған ардагерлерге сыйлықтар үйлеріне арнайы барып, табыс етілді.

Көліктегі ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*