«Ұрпақтан-ұрпаққа»

Осындай атаумен Қостанай облысының полиция қызметіндегі династиялар жайында журнал жарық көрді. Мұнда Қазақстан полициясын жақсы қырынан көрсетіп, үшінші ұрпақ қатарынан қоғам қауіпсіздігі үшін қызметте жүрген жүзден астам отбасы тарихы баяндалады.
«Ұрпақтан-ұрпаққа» журналының жарық көруіне Қостанай облысы Полиция департаментінің Ардагерлер кеңесі мұрындық болды. Сондай-ақ, бұл жұмыс Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңіс күні қарсаңында іске асып отыр. Журналды ұйымдастыру барысында мұрағаттарды ақтарып, ҰОС ардагерлермен және жас полицейлермен сұхбат жүргізілді.
Полиция династияларының ішіндегі беделді отбасылардың бірі – Дүйсенбиндер әулеті. Қайрат Дүйсенбин – полиция генерал-майоры. КСРО ІІМ-не еңбек сіңірген қызметкері. Ол 1990 жылдан бастап Қостанай облысы ІІБ-сын бес жыл басқарды. Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстық халық депутаттары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Делегация басшысы үш рет қылмысқа қарсы күрес мәселелері бойынша халықаралық симпозиумдарға қатысты. Әртүрлі наградалармен марапатталған. Ардақты азамат жұбайымен бірге төрт бала тәрбиелеп отыр. Бүгіндері екі ұлы әкесінің ізімен келеді. Біржан Қайратұлы – отставкадағы полиция подполковнигі.
Ал Сүлейменовтер әулеті полиция қызметкерлерінің екі буынын жалғап келеді. Қабдраш Сүлейменов 1927 жылы Қостанай облысы, Обаған ауданы, Қызылағаш ұжымшарында туған. Ішкі істер органдарына 1949 жылдың тамыз айында қабылданды. 1966 жылы КСРО ІІМ жоғары мектебін бітіріп, Қостанай ауданы ІІБ бастығы болып тағайындалды. Одан кейін ІІБ аппаратында қызметін жалғастырды. Қызмет еткен жылдары ол III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», «Кеңес милициясына – 50 жыл» медальдарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бірнеше рет ІІБ, ІІМ басшылығымен мадақталды.
Қостанайда Гоголь көшесіндегі №78 тұрғын үйдің қасбетінде «1962 жылдан 1969 жылға дейін бұл үйде ішкі істер органдарының ардагері, полковник Сүлейменов Қабдраш тұрған» деген мәтіні бар мемориалдық тақта орнатылды.
Оның отбасында 5 бала бар. Сағындық Қабдрашұлы Торғай облысы ІІБ-де Сүлейменовтар отбасының полицейлік қызметін жалғастырды. Мұнда 1979 жылы оның полициядағы қызмет жолы басталды. 26 жастағы Қ. Сүлейменов қылмыстық іздестіру инспекторы, одан кейін аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл болып жұмыс істей бастады. Жедел қызметтен кейін Сағындық Қабдрашұлы Торғай облысы ІІБ ақпараттық орталығын басқарды, Торғай облысы ІІБ штаб бастығының орынбасары болып жұмыс істеді.
Қызмет еткен жылдары С. Сүлейменов әртүрлі басқармаларда жұмыс істеді – бұл есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті, ІІМ Криминалдық полиция комитеті.
Аталмыш журналды Қостанай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полковник Мереке Альшагиров ардагерлер кеңесінің төрағасы А. Умербаевқа табыс етті.

Кенже ҚОНЫСАЙ, Қостанай облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*