Ұлылар ұлықталған күн

Түркістан облысының ПД
Қан майданда кеудесін жау оғына тосқан қазақтың батыр ардагерлеріне арнап Түркістан облысы ПД-нің полицейлері 6 мамырдан бастап ұлы мерекені атап өтті.
Департамент бастығы, полиция генерал-майоры Қ. Сұлтанбайұлы бастаған жеке құрам мерекені жоғары деңгейде өткізді. Одан әрі мереке аудандық Полиция бөлімдерінде де өз жалғасын тапты.
9 мамырда Мақтарал ауданы ПБ-нің бір топ қызметкері аудандағы Николай Дзепина, Бектас Махсұтов, Сайтмұрат Кузжанов есімді 3 соғыс ардагерінің үйлеріне барып, мерекемен құттықтап, сый-сияпаттарын табыстады. Қызметкерлердің тосын сый жасап, құттықтап, жылы лебіз білдіріп жатқанына батыр аталарымыз шексіз алғыстарын айтты. «Біз секілді өсіп-өніп, елімізді қорғап, жерімізді сақтаңдар! Ұрпағымыз үшін жан аямай еңбек етуге, кез келген сәтте тосыннан келіп қалуы мүмкін жауларға қаймықпай қарсы тұруға дайын болуларың керек. Білекті де ер жүректі болыңдар», – деп, өздерінің жүректерінен шыққан тілектерін, өсиетті сөздерін жеткізді. Сұрапыл соғыс кезіндегі бастарынан өткізген оқиғаларынан сыр шерткен ардагерлер көздеріне жас алды.
Арыс ауданының 6 ардагеріне Жеңіс саябағында өткен мерекелік шеруде құрмет көрсетілді. Бөлім бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Амангелдіұлының басшылығымен жеке құрам қызметкерлері мереке кезінде Жеңіс саябағының батырларымызға арналған ескерткішіне барып, гүл шоқтарын қойып, ардагерлерге «Біздің ортамызда аман жүргендеріңізге, еліміз бен жерімізді қаймықпай қорғағандарыңызға бас иіп тағзым етеміз», – деген жүрек жарды сөздерін арнады.
Түлкібас ауданы ПБ-нің жеке құрамы да батырлардың есімі жазылған ескерткіш түбіне гүл шоқтарын қойып, қаһарлы қан майданда қайтыс болған батырлардың құрметіне арнайы қарудан оқшашар атты. Сонымен қатар, Келес ауданы ПБ-де іс-шара ұйымдастырылып, 22 қызметкерге алғыс хаттар табысталды.
Қасиетті Қазығұрт ауданында айтулы күн өз алдына ерекше тойланды. Бөлімнің бірқатар қызметкері жеке құрам атынан аудандағы жалғыз ардагер Иса Телікбайұлының үйіне барып, қаржылай сый-сияпат табыстады. Иса ақсақал 1922 жылы 25 ақпанда дүниеге келген. Соғыс жылдары әскер қатарында «Отан соғысы», «Даңқ» ордендерімен, «Соғыстағы ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Үздік еңбегі үшін» медальдарымен және Тұңғыш Президенттің «Құрмет» орденімен марапатталған.
Мерекелік атмосфера жер жәннаты Жетісай ауданында да жалғасты. Аудандық бөлім бастығы, полиция полковнигі Е. Абдрамановтың басшылығымен ұйымдастырылған шараға ардагерлер қатысты. ІІО-ның ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, құттықтау сөздері айтылды.
«Ер бақыты ел қолында, ел бақыты ерлер қолында», – деп батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, ардагерлер – Қазақстан халқына бейбітшілік пен мызғымас тыныштық, бірлік пен береке әкеліп, бақыт орнатқан жандар ретінде біздің жүрегімізде мәңгіге сақтала бермек!

Г. АБДУРАХМАНҚЫЗЫ

Ақтөбе облысының ПД
Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай Полиция департаменті Тыл еңбеккерлерін үйлеріне барып құттықтады.

Ұлы Отан соғысы басталғанда елді жаудан азат етуге тылда қалған еңбеккерлердің қосқан үлесі ерекше. Ақтөбе облысының Полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Дәулеталин мен Кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Алтыншаш Жасанова тыл ардагерлері мен оларға теңестірілген ішкі істер органдарының ардагерлерін Ұлы жеңістің 74 жылдығымен құттықтап, Полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстановтың атынан алғыс хат табыс етіп, мерекелік сыйлық табыс етті.
Солардың бірі – жасы 99-дағы ардагер Құрманалы Игісинов. Ол 1929 жылы дүниеге келген. Ақтөбе қалалық милиция бөлімінде бөлімше бастығы болып еңбек еткен ол жеңісті жақындастыруға өз үлесін қосты.
«Ел шетіне жау тигенде ақтөбеліктер де кәрі жасына қарамай таңның атысынан қара кешке дейін еңбек етті. Мен сол жылдары ішкі істер саласында еңбек етіп жүрдім. Мамандар қат болғандықтан, жұмысты жалғастырдым. Небір қиын кездерде төзімділік пен қайсарлық танытқан тылдағы еңбеккерлердің Жеңісті жақындатуға қосқан үлесі мол. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деп тілегін білдірді тыл ардагері.
Ақтөбе облысы Полиция департаментінің қызметкерлері тыл еңбеккерлеріне теңестірілген Дият Жолдыбаев, Қайролла Қойлыбаев пен Адайбай Көптілеуовтің үйлеріне барып, алғыс хат пен мерекелік сыйлықтар табыс етті. Олар өз кезегінде ризашылықтарын білдіріп, Жеңіс күнінің маңызын өскелең ұрпаққа жеткізіп, бейбіт күннің мәңгі болуын тіледі.
«Біздің ашық аспан астында өмір сүруіміз үшін кеудесін оққа тосып, көзсіз ерлік көрсеткен ағаларымыз бен аянбай еңбек еткен тыл еңбеккерлеріне деген айтар алғысымыз шексіз. Бабаларымыз бізге аманат еткен ел мен жерді дамыту, оның көркеюі үшін жалықпай еңбек ету – парызымыз», – деді Ақтөбе облысы ПД Кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Алтыншаш Жасанова.

Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі

Алматы облысының ПД
Полицейлер соғыстан кейін де бейбіт күннің тыныштығын күзеткен ардагерге құрмет көрсетті.
Алматы облысының полицейлері Ұлы Отан соғысынан 1951 жылы елге оралып, 1952 жылдан бастап табаны күректей 25 жыл ішкі істер органдарында қызмет еткен Сембек Қожахметұлын Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, құрмет көрсетті.
Отанды қорғау жолында кеудесін оққа тосқан ардагерлердің өзі бүгінде саусақпен санарлықтай ғана қалса, Сембек ата ішкі істер органдарында қызмет атқарған көзі тірі екі ардагердің бірі екенін айта кету қажет.
Сембек Қожахметұлы 1925 жылы дүниеге келген. 17 жасқа толмастан майданған аттанып, Сталинградты қорғауға қатысқан. Фашистер жеңілген соң, жапон милитаристеріне қарсы шайқасқа аттанған. 1951 жылы аман-есен елге оралған.
Елге келген соң, 1976 жылға дейін ішкі істер органдарында әртүрлі қызметтер атқарды. Отан қорғаудағы ерік-жігері мен ел игілігі үшін еткен еңбегі ескеріліп, Сталиннің құрмет қағазымен және түрлі орден-медальдармен наградталған. Қазір 9 баладан тараған 30-дан астам немере мен оннан астам шөберенің ортасындағы мәуелі бәйтерегі, шаңырақтың берекесі.
Алматы облысының полицейлері үшін Жеңіс күні мерекесін атап өтуді осы Сембек ақсақалды құттықтаудан бастау дәстүрге айналғандай. Тоқсанның төріне шыққан абыз қария қызметтестерінің аты-жөндерін әлі күнге есте сақтауымен таң қалдырды. Бұл күні де тәртіп сақшылары от пен су кешіп, ел қорғаған ардагерге құрмет көрсетіп, сыйлықтарын берсе, облыстық ІІО Ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Қожақов соғыс ардагерінің омырауына мерекелік медаль тағып, өз ұйымының атынан қаржылай сый жасады.
«Мереке қарсаңында соғыс ардагерлеріне, олардың отбасына және оларға теңестірілген тұлғаларға сыйлықтар жасаймыз, құрмет көрсетеміз. Бүгін Сембай Қожахметұлы ардагерімізді құттықтау үшін облыстық Полиция департаментінің басшылығы мен Ардагерлер кеңесінің атынан арнайы келдік. Бұл кісілердің ерлігі мен еңбегі ешқашан ұмыт болмайды. Өскелең ұрпаққа үлгі ету жолында жұмыстар жасалып жатыр», – деді ішкі істер органдарының облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Қожақов.
Ғасырға жуық ғұмыры бар, өмірдің ащысы мен тұщысын көрген көреген қарияға сәлем беріп, ақыл-кеңесі мен батасын алуға келген қонақтарға ардагердің отбасы қазақы салтқа сай дастарқан жайып, Сембек ата қонақтарға батасын беріп, өз ризашылығын білдірді.

Атырау облысы МКҚБ
Ұлы Отан соғысына қатынасып, ерлікпен қаза тапқан жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған Жәміл Жұмашевтың туғанына 100 жыл толуына орай Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде «Ерлік пен бірлік – жеңіске жеткізеді» атты тарихи-танымдық кеші өтті.
Тарихи-танымдық кештің мақсаты – келешек жас ұрпаққа Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ата-бабаларымыздың ерлік істерін қастерлеп, үлгі-өнеге тұту, ер есімін ел жадында мәңгілікке қалдыру. Бұл кешке Атырау облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері және кадр жұмысы бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Қ. Дүйсенбаев қатысты.
Сонымен қатар, Жәміл Жұмашевты еске алу кешіне туған-туыстары келіп, батыр туралы көптеген деректерді әңгімеледі. Жалпы, Жұмашевтер отбасынан 11 азамат соғысқа аттанып, оның бесеуі ұрыс даласынан оралмаған. Солардың бірі Жәміл Жұмашев те хабарсыз кетіп, кейін Берлин түбінде жерленгені белгілі болыпты. Жылдар бойы аталары туралы дерек іздеген ұрпақтары оның Берлинді алудағы қаһармандығы үшін Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылғаны туралы армия штабының бұйрығын тапқан. Алайда, жауынгер оны білместен қиянкескі ұрыста қаза тапқан.
«Ерлік пен бірлік жеңіске жеткізеді» атты тарихи-танымдық кештің құрметті қонағы, батырдың інісі Жайлыбек Кәкішов Ұлы Отан соғысы кезінде асқан ерлігімен көзге түсіп, Шпрее өзенін алуда командирдің қолында қалып, осы ұрыста өз автоматымен 30-ға жуық неміс басқыншысының және екі пулеметшісінің көзін жойып, ерлікпен қаза тапқан Ж. Жұмашевтың Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғаны туралы құжаттары бар екендігін біліп, ол құжаттарды Германия мен Мәскеу архивтерінен алғаны туралы айтты өз сөзінде.
Мұнан кейін сөз алған батырдың туысы М. Ғабдусәлімқызы ағасы жөнінде естелік әңгімелері мен батырдың отансүйгіштік, өз елі, жері үшін жанын берген ерлік, батырлық қасиеттері туралы сөз қозғады.

Қайыржан ДҮЙСЕНБАЕВ

ІІМ Оқу орталығы (Қостанай қ.)
ІІМ Оқу орталығында (Қостанай қ.) қанмен және термен бізге келген Жеңіс күнін өткізу үшін Ұлы Отан соғысы және ІІО құрметті ардагері Данил Надырбаевты шақырды.
Данил Айтмұханұлының ішкі істер органдарына сіңірген еңбегі мол. 90 жастан асса да, әлі күнге дейін Оқу орталығының қабырғасында өткізілетін барлық мәдени іс-шараларға үнемі қатысып отырады.
1943 жылы 16 жасында Данил Надырбаев өз еркімен соғыс майданында шайқасуға жазылып, сол уақыттан бері Отан үшін қызмет атқарды. Соғыстан кейінгі жылдары ішкі істер органдарында әртүрлі лауазымдарда 38 жыл бойы қызмет жасап, полиция майоры шенімен зейнеткерлікке шықты.
Кездесу барысында Данил Айтмұханұлы Оқу орталығының қызметкерлеріне өзінің сонау сұрапыл жылдары, Ұлы Отан соғысы кезінде бастаған қызметтік жолынан, көптеген тарихи оқиғаларға толы өмірінен сыр ақтарды. Жаңа қанаттанып келе жатқан сұңқарларға болашақта адал әрі абыройлы қызмет атқаруларына жылы лебізін білдіріп, ақ батасын берді.
Осындай кездесулер қазіргі таңда қызметтерін атқарып жатқан полиция қызметкерлерін отансүйгіштікке және адамгершілікке тәрбиелейді.
Кездесу соңында Оқу орталығының басшылығы, жеке құрамы және тағылымдамашылары Данил Надырбаевты құттықтап, зор денсаулық, қажымас қайрат тілеп, естелікке ескертіштік фотоальбом мен гүл шоқтарын сыйға тартты.

А. СҮЙІНБАЕВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*