Ұрпақтар сабақтастығын сақтаған ұжым

Жастар жылы аясында Әйтеке би ауданы Полиция бөлімінде ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғастыру, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесу өтті.
Шараға полицейлер отбасы, ерлі-зайыпты ардагер тәртіп сақшылары Бисембай Қазмұхамбетов пен Жаңылыс Байбашева қатысты.
Кездесу барысында Әйтеке би ауданы Полиция бөлімінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б. Қазмұхамбетов жас қызметкерлермен тәрбие жұмысын өткізудің негізгі бағыттарын түсіндіріп, еліміздегі оң өзгерістер мен жастарға тәлімгерлік турасында ой бөлісті. Ерлі-зайыпты полицейлердің өмір жолдары жас тәртіп сақшыларына үлгі.
Жаңылыс Байбашева ішкі істер органдарында 23 жылдан астам еңбек етіп, полиция подполковнигі шенінде зейнеткерлікке шыққан. Тергеуші болып еңбек еткен.
«Тергеуші мамандығы маған көп өмірлік тәлім берді, тәртіпке, адалдыққа тәрбиеледі. Сол еңбегімнің арқасында зейнеткерлікке шыққаннан кейін де мемлекеттік органдарында қызметімді жалғастырдым. Жолдасым қылмыстық іздестіру бөлімінің аға жедел уәкілі болып уақытта екеуіміз бір уақытта тергеу-жедел тобы құрамында болған кездер де жиі орын алды. Ол үйге кіріп жатса, мен жұмысқа кетіп бара жатамын. Кейбір кездерде бір тергеу-жедел тобына кезекшілікке түсіп қалсақ, ауылдық жерлерде орын алған оқиғаларға бірге кетеміз. Өмірде де, жұмыста да қандай жағдай орын алмасын, екеуміз ақылдасып, қиыншылықтарды бірге көтердік. Осының арқасы шығар, ішкі істер органдарында жұмыс істеу басқа әйел адамдарға қарағанда мен үшін оңайырақ болды. Жолдасың жұмыстың қыр-сырын біледі, түсінеді және сені жұмыста қолдайды, әйел деп емес, офицер деп қарайды», – деп өз ойын ортаға салды.
Ал, Бисембай ағай еңбек жолын жоғары оқу орнын бітірісімен Комсомол ауданының Ішкі істер бөлімінде кезекші-инспектор болып бастап, учаскелік полиция инспекторы, қылмыстық іздестіру бөлімшесінің аға жедел уәкілі, бірнеше аудандарда Ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары және бастығы болып қызмет атқарған.
2003 жылы полиция подполковнигі шенінде үздіксіз қызмет атқарғаны үшін зейнеткерлікке шыққан. «Полиция қызметі – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін, азаматтардың тыныштығын сақтауға көмектесетін, заңдылық пен құқық тәртібін қорғайтын ең жауапты жұмыс. Әрбір полиция қызметкері заңнамаларды жоғары деңгейде меңгеріп, заң талаптарын сақтауда аянбай қызмет етуі керек. Біз – ардагерлер, өмірлік тәжірибемізді жастармен бөлісіп, жас буынды үйрету басты міндетіміз деп білеміз», – деп өз пікірін білдірді.
Жас тәртіп сақшылары ерлі-зайыпты ардагер полицейлердің еңбек, өмір жолымен етене танысып, жұмыстың қыр-сыры туралы сауалдарын қойып, пікір алмасты.

Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*