Із кезуші иттер

Кинология – құқық қорғау қызметінің маңызды саласы. Қылмыскердің ізіне түсіп, көп ұзатпай құрықтау үшін иіс сезгіш иттердің пайдасы орасан. Тек 2018 жылдың өзінде Қостанай облысындағы екі жүзге жуық қылмысты ашуға осы иттердің пайдасы тиген.
Сондай батыр төбеттердің бірі – Зюйт. Ол күні кеше ғана полиция қызметкері А. Өмірзақовқа Қостанай қаласында есірткі сатқан күдіктіні ұстауға көмектесті.
Жалпы, 2002 жылдан бері Қостанай облыстық Полиция департаментіне қарасты кинология орталығы жемісті жұмыс істеп келеді. Бүгінде орталықта 27 төрт аяқты көмекші бар. Кинология қызметінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Сергей Гапоновтың айтуынша, облыста мұндай маңызды қызметте 73 ит жүр.
– Күшік кезінде Алматыдан әкелеміз, сосын біздің кинологтар өздері баптайды. Әрбір сарбазға 2 иттен бекітілген. Неміс тұқымы, лабродор сияқты із кесуге қабілетті жануарларды аламыз. Әрқайсының күтімі әртүрлі. Бір ит күніне шамамен 400 грамм ет, 700 грамм жарма жейді. Сәйкесінше, олардың қызметтері сан қилы, өйткені, бір ит бірнеше тапсырманы орындай алмайды. Сондықтан олар із кезуші, есірткі іздеуші, жарылғыш заттар іздеуші, шабуылдаушы иттер болып бөлінеді, – дейді тәжірибелі маман.
Ақылды жануарлардың жетістігі жайлы айта беруге әбден болады. Мәселен, ел аузында жүрген ерліктерінің бірі мынадай. 2014 жылы облыс орталығындағы әйгілі «Любимая Ева» дүкеніне қаруланған қарақшылар басып кіріп, қомақты қаражатты жымқырып әкеткен болатын. Иісшіл иттердің көмегімен тәртіп сақшылары қылмыскерлерді дереу қолға түсірді.
Аталмыш орталықтағы иттер үздік қызметі үшін көтермеленіп те отырады. Атап айтсақ, Рекс атты төбет Садовый ауылындағы қару ұрлығын ашуға көмектескені үшін сондай құрметке ие болған. Иісшіл иттер, әсіресе, нашақорлармен күресте көп пайдасын тигізіп келеді. Сонымен қатар, ауыр қылмыстарды да ашуға кинолог мамандардың көмегі қажет екендігін айта кеткен жөн.

Қостанай облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*