Басты мақсаты – Отанға қызмет

«Мен соғыс кезіндегі ауыр өмір, қиын-қыстау кезеңдегі жағдай суреттелген, өз Отанының бостандығы үшін, өз балаларының еркін өмірі үшін күрескен ержүрек сарбаздардың өмірі сипатталған әскери фильмдерді көп көріп өстім. Сол себепті де мен өзімді әрдайым әскери адам ретінде көрдім. Институтты бітірместен, бізді Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына шақырды. Дипломмен бірге біз лейтенант атағын алдық», – дейді Қайрат Ахметқанұлы.
Әскерде қызмет ету мерзімі аяқталғаннан кейін, Қайрат Ахметқанұлы әрі қарай әскери мансабын жалғастыруды шешті. Оның алдында қайда бару керектігі туралы таңдау тұрды. Полицияға немесе өртке қарсы қызметке барғаны жөн бе? Ең ұлы және ақылды адамдар маңызды шешімдер қабылдауда әрдайым өзінің түйсігіне сүйенеді. Бір күні Қайрат Ахметқанұлы хаки түсті китель киіп жатқаны туралы түс көрді. Ояна сала ол болашақ өміріне қатысты шешім қабылдайды, қабылдаған шешіміне әлі күнге дейін өкінген емес. Өйткені, қазіргі уақытта Қайрат Амангелдинов ІІМ ТЖК Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті кадр жұмысы бөлімінің бастығы болып қызмет атқарады, шені – азаматтық қорғау полковнигі.
Қайрат Ахметқанұлының еңбек жолы 1996 жылдан басталды. Биыл осы салада қызмет етіп келе жатқанына – 23 жыл. 5 ведомстволық награда, 2 мемлекеттік наградамен. яғни Президенттің алғысхатымен және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
Қайрат Ахметқанұлы – сегіз қырлы, бір сырлы жан. Қызметіне байланысты психологияны да зерттейді. Онымен тарихи тақырыптарға сөйлесу, проблемалық мәселелерді талқылау өте қызықты. Айтқан ақылдары ойға қонымды, бейне даналыққа жеткен адаммен әңгімелескендей сезімде боласыз.
Жұмыстан тыс уақытта үлгілі отағасы және қамқор әке, балаларының асқар тауы. Оның отбасы үлкен. Ол екі ұлы мен екі қызын, сүйікті немересін тәрбиелеуде. Немере-жиендері үшін ешкімге теңгермес мейірімді ата.
Ол Отанын, халқын, шынайы сүйетін, халық мүддесі, ел игілігі үшін, азаматтық қорғау саласының өркендеуі жолында бар күш-жігерін, қабілетін аямайтын адам.

С. ЖҮНІСОВА, Нұр-Сұлтан қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*