Мекемедегі мерейлі турнир

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД ЕС-164/9 мекемесінде қызметкерлер мен сотталғандар арасында футболдан жолдастық кездесу өтті.
Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған турнирде ҚАЖ департаментінің, Петропавл қалалық Пробация қызметі бөлімінің қызметкерлері, ЕС-164/9 мекемесінің жеке құрамы, қоныс колониясының 1, 2 жасақтары, сондай-ақ, қалалық Пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар өздерінің спорттық шеберліктерін көрсетті.
Алаңда тартысты, қызықты күрес басталды, ешкім жеңісті қолдан бергісі келмеді. Бірақ, соңында ҚАЖД қызметкерлерінің командасы мықты болып, турнирді жеңіп алды.
– Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің мекемелерінде үнемі спорттық жарыстар өтеді. Осылайша, ЕС-164/9 мекемесінің әкімшілігі қызметкерлер мен сотталғандар арасында саламатты өмір салтын насихаттауды жүзеге асырады, сондай-ақ, оларды денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тартып келеді, – деп атап өтті ЕС-164/9 мекемесінің бастығы, әділет подполковнигі Алмат Ысмағұлов.
Жолдастық матчының қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді: І орын – облыстық ҚАЖ департаменті; ІІ орын – Петропавл қалалық Пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған сотталғандар командасы; ІІІ орын –ҚАЖД ЕС-164/9 мекемесінің 2-жасағының сотталғандары. Жарыс жеңімпаздары кубокпен, медальмен және грамотамен марапатталды.
Сондай-ақ, сотталғандар мен қызметкерлер арасында үздік ойыншылар анықталды. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД ЕС-164/1 мекемесі режим және күзет бөлімінің аға бақылаушысы, әділет сержанты Нариман Акишев тартымды ойын өрнегін көрсетті. Сотталғандар Д. Құмарбек пен А. Оразовқа «Үздік қақпашы» және «Үздік қорғаушы» номинациялары берілді.
ЕС-164/9 мекемесінің бастығы, әділет подполковнигі Алмат Маратұлының пікірінше, спортпен шұғылдану сотталғандардың тәрбиесіне оң әсер етеді. Осындай спорттық іс-шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырылатын болады.

Бөкенбай ЖҮСІПОВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*