Айдынның кезекті жеңісі

Ақтөбелік полицей өз жеңісін соғыс ардагерлері құрметіне арнады.
Мамыр айының 1-4 күндері MMA ережесіз жекпе-жектен Таиланд астанасы Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатында Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ сарбазы Айдын Төлепбаев алтын медаль иеленді.
Айдын Төлепбаев MMA сайысына бірінші рет қатысып тұр. Осыған дейін жекпе-жек, қоян-қолтық ұрыс, панкриатион, әмбебап жекпе-жек жарыстарына қатысып, ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген танымал спортшының халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген атағы да бар.
Таиландағы Азия чемпионаты өте тартысты өтті. Спортшымыз Бахрейн, Аустралия, Жаңа Зеландиядан келген үш қарсыласын да айқын басымдықпен жеңді.
Айдын енді осы жылдың қараша айында Бахрейнде өтетін әлем чемпионатына дайындық үстінде.
Жуырда қоян-қолтық ұрыстан Санкт-Петерборда өтетін әлем чемпионатына қатыспақ.
«Ақтөбе облысы Полиция департаментінің басшылығына үнемі қолдау танытқаны үшін ризалығымды білдіремін. Бүгінгі қол жеткен жетістігімді, жеңісімді Отан үшін қан төгіп, елімізді жаудан қорғаған, бізге осындай бейбіт күнді сыйлаған ардагерлеріміздің құрметіне арнаймын», – деді Айдын.
Айдын Төлепбаев ішкі істер органдары саласына 2013 жылы келген. Алғашында жол-патрульдік полициясында инспектор болып, кейінгі 3 жылдан бері Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ құрамында еңбек етуде.

Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*