Боз кілем үстіндегі бәсеке

2-4 мамыр күндері Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің бастауымен, Қостанай облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасы, Қостанай облысының белбеу күресі федерациясының ұйымдастыруымен және ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясы басшылығының қолдауымен осы оқу ордасының спорт кешенінде Науырзым ауданының тумасы, елінің елеулісі, халқының қалаулысы болған, академик Шайсұлтан Шаяхметовті еске алуға арналған белбеу күресінен Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты өтті. Жарысқа 23 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер, соның ішінде Қырғызстаннан айыр қалпақты ағайынымыз және Татарстан Республикасынан таңдаулы балуандар қатысып, бақтарын сынады.
Аламан доданың ашылу салтанатында оқу орнының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Биекенов сөз сойлеп, өзінің ізгі лебізінде сонау алыстан ат терлетіп келген қырғыз, татар балуандарына және Қазақстанның барлық аймағынан келген қатысушыларға сәттілік тіледі. Келесі болып сөз сөйлеген Қостанай облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасы өкілі, Қ. Оспанов атындағы БЖСМ-нің директоры, Қостанай облысының спорттық самбо күресі мен жауынгерлік самбо федерациясының президенті, самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлемнің екі дүркін жеңімпазы Нұржан Ермағамбетов балуандарды және қонақтарды жарысымыздың ашылуымен құттықтады.
Ізгі тілектен соң, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Қазақстанның спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының «Самбо күресінің құрметті ардагері» медалімен Қостанай облысы белбеу күресі федерациясының президенті Анатолий Веклич, «Самбо күресінің дамуына қосқан ерен еңбегі үшін» арнайы медалімен «Қаржау» ЖШС-нің директоры, осы доданың бас демеушісі Мұхамеджан Акулов және дәл осындай мәтінде арнайы медальмен «Союз ТС» ЖШС-нің директоры Кәкімбек Сейдалин сынды азаматтар марапатталды.
Сөз тізгінін белбеу күресі қауымдастығының бас хатшысы Иманзайып Сатыбалдинов алып, жарысқа қатысушыларға ақ жол тіледі. Өзінің ізгі тілегін пайдалана отырып, академия бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Биекеновті, Қостанай облысы белбеу федерациясының президенті Анатолий Векличті Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиевтің арнайы алғыс хаттарымен марапаттады.
Сайысымыздың шымылдығын көтерер алдында, «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегендей, Қазақстан халқына еңбек сіңірген қайреткер, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Қалыбек Дерипсалдин басқаратын оқу орнымыздың домбырашылар ансамблі күмбірлеген күймен сайысқа өзгеше серпін беріп, балуандардың делебесін қоздырды. Сондай-ақ, одан әрі академияның күміс көмей әнші курсанттары мен мың бұралған бишілері өнер көрсетіп, додамызды одан әрі әсемдей түсті.
Жарысқа қатысушы балуандар жайылған қос боз кілемнің шаңын шығара белдесіп, нағыз мықты анықталар сайыста өздерінің шеберлігін көрсете білді. Нәтижесінде жеңіске жеткен балуандар мен жүлдегер спортшылар анықталып, медальдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
Сайысқа жиналған алыс-жақыннан келген қонақтар да аламан додаға куә болғандарына ризашылығын жеткізіп, көтерңкі көңіл күймен тарқасты.

Қостанай Академиясының баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*