Ізгі тілекпен – әр үйге

Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тургумбаевтың тапсырмасымен Жеңіс күні қарсаңында ІІМ Кадр саясаты департаменті ІІО мен Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбековпен бірге Ұлы Отан соғысына қатысушы милиция ардагерлерін мейраммен құттықтады.
– Жеңіс күні қарсаңында біздің дәстүрімізге сай Ұлы Отан соғысының қатысушыларын аралап шығамыз. Сондықтан бүгін министр Ерлан Заманбекұлының тапсырмасымен ҰОС ардагерлерінің үйіне барып, құттықтап жатырмыз, – деді ІІО мен ҰҰ ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Қоспанұлы.
ІІМ өкілдері алдымен милиция полковнигі Казис Жолдыбаевты құттықтады. Соғыс ардагері бүгінде 95 жаста. Ол 1924 жылы 16 наурызда Ақмола облысы, Астрахан ауданының Өндіріс селосында туған. 1942 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылады. 298-атқыштар дивизиясы қатарында Забайкалье майданында жапон самурайларына қарсы соғысты.
1950 жылдан 1973 жылға дейін ішкі істер органдарында еңбек етті. Көптеген медальдармен және ҰОС 2-дәрежелі орденімен марапатталған.
Сонымен қатар, ІІМ өкілдері 94 жастағы милиция подполковнигі Айдар Байкенге гүл шоқтары мен сыйлықтар табыстады. Ол 1943-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ал 1947-1968 жылдар аралығында ішкі істер органдарында қызмет еткен. Сол жылдары «Мінсіз қызметі үшін» және т.б медальдармен наградталған.
Бұл күні ішкі қызмет майоры 96 жастағы Иван Заиченко де ұмыт қалған жоқ. Иван Афанасьевич 1942 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылған. Сталинград түбінде 169-атқыштар дивизиясының жеке пулемет батальонында соғысқан. Соғыстан кейін 1946-1956 жылдары ішкі істер органдарында еңбек етті. Ал 1956 жылдан 1974 жылға дейін ТЖ жүйесінде жұмыс істеді. Ол өз еңбек жолында «Ұлы Отан соғысы» ордені және «Сталинградты қорғағаны үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен наградталған.
Милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков ҰОС ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады. Ардагерлер өз кезегінде көңіл бөліп, ұмыт қалдырмағандары үшін алғыстарын білдірді.
– Ұлы Жеңістің арқасында халқымыз бостандық алды. Егемен еліміз одан әрі гүлдене түсіп, мемлекеттігіміз нығайып, елімізде бейбітшілік пен тыныштық орнауын тілеймін. Мерекелеріңізбен! – деп қорытындылады сөзін Өмірзақ Құспанұлы.

Ботагөз ШАЙХИНА, сурет Қанат КӨЛБАЕВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*