Офицерлік шен алды

Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетов салтанатты түрде жол-патрульдік қызметінің 44 сержантына жаңа лауазым погондарын тақты.
Мұндай маңызды салтанат Қостанай облысында алғаш рет өтіп отыр. Полиция департаментінде кадрлық әлеуетті күшейту үшін «2019-2021 жылдарға арналған ҚР ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі Жол картасын» жүзеге асыру шеңберінде сержанттық құрамның бірқатар лауазымдары офицер санатына ауыстырылды.
– Қостанай облысының Полиция департаментінде маңызды оқиға болып отыр. Жол-патрульдік қызметінің 44 сержантына полиция лейтенанты погондары табыс етілмек. Бұл мемлекеттік бағдарламаларды, соның ішінде «ІІО жол картасын жаңғырту 2019-2021 жылдарға арналған» бағдарламасын іске асырудың арқасында жүзеге асып отыр. Алдағы уақытта облыстық жол-патрульдік полициясы батальонының тағы 50-ден астам қызметкері офицерлік погондарға ие болады. Бұл шаралар еңбекақы төлеу жүйесін, полицейлерді әлеуметтік қорғауды және қызметтің беделін арттыруға зор мүмкіндік береді.
Сіздер үшін офицерлік погон алу маңызды оқиға екенін білемін. Кейбіреулеріңіз мұны ұзақ жылдар күткен боларсыздар. Бүгін офицер болған азаматтарды шын жүректен құттықтаймын! – деді Бекет Аймағамбетов.
Офицерлік шен алғандардың арасында жол-патрульдік полициясы ротасының аға инспекторы, полиция лейтенанты Таңат Лайықты атап өтуге болады. Ол 7 жыл бойы сержант лауазымында жұмыс істеп келеді.
– Мен және менің отбасым үшін бұл – үлкен мереке. Жалақыдан бөлек, бұл мансаптық өсудің мүмкіндігі. Жол-патрульдік қызметте жеті жылдан астам жұмыс істеймін. Мен үшін генералдан офицерлік атақ алу – үлкен құрмет, – дейді Таңат Лайық.
Ал оның әріптесі Мұрат Нұржанов та бүгін офицер атанып отыр. Ол осы қызметте 13 жылдан астам жұмыс істейді.
– Біз республикалық маңызы бар жолдарды қарауылдаймыз. Түрлі жағдайларға тап боламыз. Мысалы, биыл қаңтар айында тас жолда Қорғаннан келе жатқан автобус сынған болатын. 30-дан астам жолаушы аязды күні далада қалды. Барлық адамдарға дереу көмек көрсетіліп, жолай өткен көлікпен облыс орталығына жеткізілді, – дейді Мұрат Нұржанов.

Кенже ҚОНЫСБАЙ, Қостанай облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*