Учаскелік пункттерді өзгерістер күтіп тұр

Ақмола облысының учаскелік полиция пункттері жетілдірілетін болады. Бұл туралы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов Көкшетау қаласындағы учаскелік пункттерін аралау барысында мәлімдеді.
Тексеру барысында Берік Біләлов бірінші кезекте ғимараттардың сыртқы, маңдайшалардың эстетикалық жағдайына және ақпараттық стендтердің мазмұнына назар аударды. «Учаскелік полиция инспекторлары тірек пункттерінде тұрғындармен тікелей жұмыс істейді. Мұнда азаматтарды қабылдау жүргізіледі. Сондықтан азаматтар үшін де, қызметкерлер үшін де жағдай барынша қолайлы болуы тиіс. Полиция жұмысына қатысты барлық ақпарат келушілер үшін қолжетімді болуы тиіс», – деп атап өтті ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол тірек пункттердің құжаттарын, учаскелік инспекторлардың жұмыс жоспарларын тексеріп, материалдық-техникалық жағымен де танысты. Тексеру барысында анықталған барлық бұзушылықтар бойынша полиция генерал-майоры Берік Біләлов Полиция басқармасының басшылығына тапсырма беріп, олардың орындалуын жеке бақылауына алды.
Жақын арада Көкшетау қаласының барлық учаскелік полиция пункттерін үлкен өзгерістер күтіп тұр. Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен учаскелік полиция инспекторларының қызмет атқаруы үшін қолайлы жағдай жасауда ауқымды жұмыстар жүргізілетін болады. Қызметтік бөлмелерді күрделі жөндеу, сондай-ақ, қосымша компьютерлік техника мен жиһаз бөлу жоспарланған.
Тағы бір жаңалық – қызмет көрсетілетін аумақтарда орнатылған барлық бейнекамералардың деректерін полицияның учаскелік пункттеріне шығара отырып, бейнебақылау желісін кеңейту болмақ.
«Біз полиция қызметкерлері мен бізге көмек сұрап келген азаматтар үшін барынша қолайлы жағдай жасауымыз керек. Учаскелік полиция пункттері барлық заманауи талаптарға сай болуы тиіс. Ал материалдық-техникалық жарақтандыруды жетілдіру учаскелік инспекторлар жұмысының тиімділігін және азаматтардың құқық қорғау органдарына сенімін арттыруға ықпал етеді», – деп атап өтті ведомство басшысы жұмыс сапарының соңында.
Айта кету керек, полиция генерал-майоры Берік Біләлов 10 учаскелік полиция пунктін тексеріп шықты. Олардың әрқайсысында қызмет атқару және халықпен жұмыс істеу үшін оңтайлы жағдайлар жасалатын болады.

Ақмола облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*