Отан үшін отқа түскендер

Облыстық Полиция департаментінің басшылығы және Ардагерлер кеңесі ішкі істер органдарында қызмет еткен Ұлы Отан соғысы ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады.
Отставкадағы милиция подполковнигі Григорий Красильников еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастаған. Соғыс өмірдегі жоспарларын күрт өзгертті. Жаяу әскер қатарында Курск доғасына дейін барды. Сол жерде жарақат алып, әскер қатарын ауыстыруға мәжбүр болды. Қатарға бомбалайтын авиацияның шебері болып қосылды. Григорий Ивановичтің соғыс туралы соңғы естелігі – Берлинге шабуыл жасау алдындағы бомбалау мен артилериялық қарудан атқылаудың өршіген тұсы. Шабуыл 18 сәуірде басталды, ал осыдан 6 күн бұрын Красильников майдандас жолдастарының өмірін аяусыз үзген минадан жарақат алып, госпиталге жатқызылған.
Ардагер бейбіт күндегі естеліктерді қуана есіне алды. Еңбек жолының әр сәті есінде. Қызметі Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекендерде болған, бұл туралы қуана айтып берді.
«48 жасымда зейнетке шықтым. Қалуға көндіргенімен, бас тарттым, – деді қария. – Бірақ, 80 жасыма дейін жұмыс істедім. Ең соңғы жұмыс орным – милицияның ерікті көмекшілерін басқардым».
Ардагердің төрт баласы, жеті немересі және үш шөбересі бар.
Отставкадағы милиция подполковнигі Никита Семёнов те туған-туысқандарының назарында. Соғыста ол мерген болған. Никита Герасимович оптикалық көздеуіші бар винтовкадан 11 неміс снайперін жойған.
«Нақты жойылғандардың саны – 11, – деді ол. – Барлығын санай алмайсың, олар бүркемеленіп жүреді. Көргенде – атасың, оның үні шықпай қалады. Тірі қалғанын, не қаза болғанын білмейсің».
Никита Семёнов талай қиындықтарды басынан өткерді. Майданда жолдастарынан айырылды, немістер ата-анасының үйін өртеді. Бірақ, ардагер өмірдің қиындықтарына мойымады.
«Мен 99 жасқа толамын. Тағы бір жылдан кейін жүзге жетемін», – деп еске салып өтті ардагер қонақтарға.
Мереке қарсаңында полицейлер ҰОС және ІІО барлық ардагерлеріне барып, материалдық көмек көрсетуде және жылы лебіздерін білдіруде. Тыл еңбеккерлері мен ардагерлердің жесірлеріне де ерекше көңіл бөлінуде.
«Майдан үшін қызмет етіп, бар күш-жігерлерін жұмсаған тыл еңбеккерлері – назарымызда, қолдаймыз, медициналық көмекті ұйымдастырудамыз, – деді Солтүстік Қазақстан облысы ПД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұраған Көпеев. – Бұл жұмыс тек Жеңіс күнінің қарсаңында ғана жасалмайды, жыл бойы жүргізіледі».

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*