Ардагерлерге арналған тосынсый

Павлодарлық полицейлер өз ардагерлеріне – Ұлы Отан соғысына қатысушы, ішкі қызмет полковнигі Петр Кунгуровке және милиция аға сержанты Құдайберген Қапсалямовке ерекше тосынсый жасады.
Жеңіс күні қарсаңында павлодарлық полицейлер ҰОС қатысушыларын үйлеріне барып құттықтады. Құттықтау сөздер, сыйлықтар және азық-түлік себеттерінен басқа, таңертеңнен бастап батырларымыз үйлерінің терезелерінен облыс Полиция департаменті хорының орындауында әскери әндерді тамашалады.
– Қанша жыл өтсе де, бостандығымыз, абыройымыз бен тәуелсіздігіміз үшін қанын төккен халқымыздың ерлігін естен шығару мүмкін емес. Бұл мереке шын мәнінде қасиетті және ұлы, біз бұл соғыста жауды қандай қиындықпен жеңгенімізді есте сақтауға міндеттіміз. Баршаға денсаулық, отбасылық құт-береке және сіздердің жанымызда тағы көп жылдар болуларыңызды тілеймін, – деді өз сөзінде облыстық ПД бастығы, полиция генерал-майоры А. Әубәкіров.
– Мен 1927 жылғы 12 шілдеде дүниеге келдім. Әскери жолымды 1944 жылы бастап, 297-ші атқыш полкінде қызмет еттім. Жапониямен соғысқа қатыстым. Соғыстан кейін телефон-телеграф байланыс желісі бойынша әртүрлі лауазымда жұмыс істедім.
Ішкі істер органдарына қызметке 1969 жылғы желтоқсанда келіп, 1987 жылы зейнетке шықтым. Бүгінгі құттықтауларыңызға өте ризамын, – деп алғысын білдірген ішкі қызмет полковнигі Петр Кунгуров: – Бүгін маған полицейлер нағыз мереке ұйымдастырды. Тереземді ашсам, полицейлер «Жеңіс күні» әнін және өзге де жаныма жақын, мен үшін қастерлі, сүйікті әндерді орындап тұр. Мені бүгін құттықтап келген барлықтарыңызға көп рахмет! – деп көзіне жас алды.
Жауынгерлік еңбегі үшін соғыс ардагері Петр Кунгуров көптеген орден-медальдермен марапатталған.
– Мен ас үйде жүрген едім, бір кезде әннің дауысын естіп, тереземді ашсам, полицейлер әскери әндерді шырқап тұр. Бұл сондай әсерлі, тамаша болды, – деп өз әсерін бөлісті ардагердің көршісі Сан Ирма. Полицейлер хорының орындауы аяқталған соң, көршілері де ардагерді құттықтауға асықты.
Келесі құттықтау пункті Ақсу қаласында, ҰОС ардагері Құдайберген Қапсалямов ағаның үйінде өтті.
– Полицейлер менің сүйікті әндерімді орындады. Мен өзіммен бірге майдан даласында болған, шейіт кеткен жауынгерлерімді еске алдым. Көбі қазір арамызда жоқ. 9 мамырда әрқайсысын еске аламын. Өзімнің жауынгерлік жолымды 1943 жылы Забайкалье әскери округінің 34-ші жеке танкілерді жою дивизиясының нысанашы көмекшісі болып бастадым. 8 армия құрамында 1-ші Белоруссия майданында борышымды өтедім. Варшава ұрысында соғыстым, Берлинді алуға қатыстым. Жауынгерлік ерлігім үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен және көптеген медальдармен, оның ішінде «1941-1945 жылдардағы ҰОС-да Германияны жеңіп шығу» медалімен марапатталдым. Мені осындай ерекше түрде құттықтағандарыңыз үшін өте қуаныштымын, – деп елжіреген көңілмен ризашылық білдірді Құдайберген қария.
– Әкеміз – Полиция департаментінің қызметкері. Оны ұмытпай, әрдайым халін біліп, мерекеде құттықтап тұратындарыңыз бізді қуантады. Міне, бүгін де ауламызда тамаша концерт қойдыңыздар, ерекше бір әсерге бөлендік, – деді Құдайберген ағаның балалары.
Соғыс ардагерлеріне арнап орындалған әскери әндерді Ақсу тұрғындары да тыңдады. Өз кезегінде ардагерлер жас полицейлерге қызметтері табысты болып, ашық аспан аясында бақытты өмір сүруді тіледі.

Павлодар облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*