Мықтылар таңдайтын мамандық

Жуырда Отан қорғаушы күні және Ұлы Жеңіс мерекесіне орай, Тараз қаласындағы №15 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде ашық есік күні өтті. Шараға Ы. Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушылары қатысты.
Ашық есік күніне арнайы келген оқушыларды кезекшілікке түскен қарауыл қызметкерлері қарсы алып, өрт сөндіру бөліміне экскурсия жасады. Балалар өрт сөндірушілердің жұмысымен танысып, одан әрі демалу орындары, құрал-жабдықтар бөлмесі, байланыс бөлімі туралы мәліметтерге қанықты. Оқушылар өрт сөндірушілердің тұрмыстық жағдайымен танысып болған соң, өрт сөндіру техникаларымен танысты. Кейбір оқушылар қызығушылықпен арнайы техникалардың кабинасына да мініп көріп жатты. Ал енді бірі жауынгерлердің өртке қарсы киетін арнайы киімдерін киіп көрді. Өрт сөндірушілер жас жеткіншектерге түрлі сипаттағы құтқару жарақтарын, олардың қолданылу бағытын көрсетті.
Одан әрі барлығы Жамбыл облыстық өрт сөндіру қызметі тарихын қамтитын мұражайға бас сұқты. Мұнда олар түрлі жәдігерлерді қызықтады. Әсіресе, оқушылардың көпшілігін таңқалдырған нәрсе – өрт кезінде қаза тапқан Талас ауданы, Қаратау қаласындағы №5 Өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Ржан Ахметов жөніндегі бұрыш еді. Олар оқиғаның қысқаша мазмұны ілінген бұрышта асқан бір қызығушылықпен топырласа тұрып қалды. Себебі, осы оқушылардың ішінде ерлікпен қаза тапқан Ержан Ахметовтің қызы бар еді. Иә, ер есімі – ел есінде!
Оқушылар шара барысында өрт сөндіруші жауынгерлердің ерлік істерімен және жалпы тыныс-тіршілігімен тереңірек танысып, әрқайсысы осындай күрделі мамандық жайлы ақпарат алып қайтты. Кім білсін, бәлкім олардың ішінде болашақта өмірін осы кәсіппен байланыстыратын қызметкерлер де жүрген шығар.

Жамбыл облысы ТЖД Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*