Өнері асқан «Жігіт сұлтаны»

Отбасына ұл баланың келуін «ұл туғанға күн туған» деп ерекше бақыт санаған. Оның себебі – қазақта отбасының жалғасы, шаңырақтың иесі ұл бала болып есептелген. Ер баланы жасынан жауынгерлік рухта, батылдыққа, ептілікке, имандылыққа баулыған.
Жуырда «Жас Star» ҚБ «Қостанай облысы әкімдігінің жастар мәселелері жөніндегі басқармасы» ММ қолдауымен «Студенттік көктем-2019» облыстық фестивалі өтті. Жыл сайынғы облыстық фестивальге ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының курсанттары белсене атсалысты. Осы фестивальдің ерекше сайысы – «Жігіт сұлтаны» байқауы болды. Қостанай Академиясынан бұл байқауға полиция кіші сержанты, 2-курс курсанты Рүстем Сәрсенәлі қатысты.
«Жігіт сұлтаны» байқауының бірінші күні аударыспақ сайысынан басталды. Осы сайыста Рүстем екі бірдей жігітті жеңіп, ақтық сында Бақдаулет Асанов атты Академияның түлегі, көкпар, аударыспақтан бірнеше дүркін жеңімпаз болған жігітпен сайысқа түсті.
Екінші күнгі сайыс қатысушының өз-өзін батыр кейпінде таныстыруынан тұрды. Рүстем Сәрсенәлі өзін Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик Бауыржан Момышұлы атамыздың кейпінде таныстырды.
Келесі сайыс «Сұрақ-жауап» деп аталды. Ортаға шыққан барлық қатысушыға сұрақтар таратылды. Сұрақтар көбінесе қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы болды. Одан кейін Рүстем «Өз өнерің» деп аталатын сайыста өз шеберлігін көрермендерге паш етті. «Қазақ – нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегендей, бір күйден үзінді ойнап, «Батырлар ұраны» деген әнін шырқады.
Төрт кезеңнен тұрған «Жігіт сұлтаны» байқауында 2-курс курсанты Рүстем Сәрсенәлі өзін жан-жақты білімді, білікті, қарапайым, адамгершілігі мол, болашақ тәртіп сақшысына лайық, халқының қорғаны болатын, нағыз қаһарман ұл ретінде көрсетті.
Бүгінгі таңда Қостанай академиясында білім алып жатқан курсанттарымыз, яғни болашақ тәртіп сақшыларының бойында мемлекеттік-құқықтық дүниетаным, кәсіби-адамгершілік, құқықтық және патриоттық тәрбие, жоғары тұлғалық қасиеттері бар қызметкерлер полиция беделін биікке көтереді деген сенім мол.

О. УАҚПАЕВА, Қостанай қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*