Отанды қорғау – өр міндет

Әлібек СЕРӘЛИЕВ, Қазақстан Республикасы «Батыс» өнірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор
Отанды сүю әрі қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы. Отан – адамның түп-тұқиянынан, ата-бабаларынан бері кіндік қаны тамып, өсіп-өніп келе жатқан жері. Қай елдің азаматы болса да Отанынан қымбат, аяулы, қасиетті ұғым жоқ.
Елімізде Отан қорғаушы күні – мән-маңызы ерекше мереке. Ал Отан қорғаушылар – әрбір қазақстандық жас ұрпақ үшін ерлік пен патриоттықтың бейнесі.
Әлемдік қауымдастықта сарабдал саясаты, мығым экономикасымен өз орнын алған Қазақ елі әскери әлеуетінің мықтылығымен де ерекшеленіп отыр. Жас мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтуда Қазақстан Қарулы күштерінің рөлі айрықша.
Елбасымыз «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біздің басты күшіміз – бірлікте» дегендей, бейбіт елдің бірлігі мен тыныштығын әуеде, құрлықта, теңізде де қорғайтын, өз тағдырын ел тағдырымен байланыстыратын әскери азамат атанады. Жүрек түбінде ата-ана, туғандарына деген қимастық сезім жатыр. Алайда, Отан алдындағы міндет олар үшін бәрінен де биік.
Бүгін Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 27 жыл толуын 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 74 жылдығы қарсаңында атап өткелі отырмыз.
Еліміздің тарихында бұрын-соңды тұрақты, төл әскерінің болмағанын ескерсек, Қазақстан Қарулы Күштерін құруда және қалыптастыруда Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен орасан зор жұмыстар атқарылғаны баршамызға белгілі.
Өткен 27 жыл ішінде Қарулы Күштер жауынгерлері қызметте және оқу-жаттығу кешені барысында өздерінің жауынгерлік машықтарын жетілдіріп, бүгінгі күндері кең байтақ Отанымызды берік қорғауға әрқашан да дайын.
Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы және міндеті» деп белгіленген.
Әсіресе, 7 мамырда Қазақстан халқы еліміздің тарихына атаулы күн болып енген Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылған күні – Отан қорғаушы күнін атап өтеді. Бұл мереке – еліміз тарихында, әр адамның, әсіресе, погон таққан адамдар тағдырында ерекше орын алады.
«Қазақстан-2050» даму стратегиясында еліміздің басты және маңызды дамуы оның ұлттық қауіпсіздігінде деп белгіленген. Еліміздің әскери қауіпсіздігі мемлекеттің Қарулы күштерін құру мен ұйымдастыруға байланысты. Сондықтан да мемлекетіміз тәуелсіздік алысымен, Елбасы Қарулы күштерге баса назар аударып келеді. Еліміздің Қарулы күштері құрылыс және даму жолдарынан өтті.
27 жыл бұрын 1992 жылғы 7 мамырда Елбасы Н. Назарбаев «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» тарихи Жарлыққа қол қойды. Бұл тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерін құруға негіз болды. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамына әскери бірлестіктер, құрамалар және әскери бөлімдер, мекемелер, ұйымдар және полигондар, сондай-ақ, Қазақстан аумағында орналасқан бірлескен ТМД елдері Қарулы күштерінің әскери мүлігі енгізілді.
Осы жылдар ішінде Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н. Назарбаевтың басшылығымен елімізде әскери құрылыс жүзеге асырылды. Елбасы өз сөзінде: «Біз егемен, тәуелсіз мемлекетпіз. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі ішкі және сыртқы саясатты құрудың жалпы саласының шет бұрышты тасы болып келеді», – деді. Елбасының бұл талаптары қазақстандық армия құрылысының негізін салды.
Қазақстан Қарулы Күштерінің айбыны күн санап өскеніне куәміз. Қазақстандық сардарлар мен сарбаздар алдыңғы қатарлы мемлекеттердің әскерлерімен бірлескен оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп, тәжірибесін шыңдауда. Қазақстан әскерінің қатарында азаматтық борышын атқару әрбір жастың басты міндетіне айналды. Әскер қатарында болу жастарды отансүйгіштікке баулып, елі мен жеріне сүйіспеншілігін арттырып, өмірге бейімдейді.
Егемен Қазақстанның Қарулы күштері осы кезеңде аяғынан тұрудың қиын кезеңдерін бастан кешті. Бүгінгі таңда олардың қайта құрылуы, мобильді және кәсіби армияның құрылуы жүзеге асырылды.
Қазақстанның Қарулы күштері бір орында тұрмай, үнемі реформалар жүріп жатыр. 2013 жылы әскери қызметші мен әскери қызметті реттейтін жаңа Заң қабылданды. 2014 жылғы 24 сәуірде Елбасының Жарлығымен Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлері ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіретін Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы болып қайта ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде қызмет ету – халықтың әскери қызметшілерге, бейбіт еңбекті қорғаушыларға деген сенімі. Сондықтан да Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылу күні «Отан қорғаушы күні» болып жарияланды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы еліміздің бірыңғай қорғаныс кешеніне кіреді және елімізде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту бойынша маңызды міндеттерді орындайды. Ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге барлық күштерін салады.
Біздің әскери қызметшілер ішкі істер органдары қызметкерлерімен бірлесіп, қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті қадағалайды, көпшілік шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, ерекше маңызды мемлекеттік нысандар мен арнайы жүктерді, түзеу мекемелерін күзетеді.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығына 5517-әскери бөлім (Орал), 6655-әскери бөлім (Ақтөбе), 6656-әскери бөлім (Ақтау), 5546-әскери бөлім (Атырау), 3502-әскери бөлім (Ақтау) және 5548-әскери бөлім (Жаңаөзен) кіреді. Өңірлік қолбасшылықтың штабы Орал қаласында орналасқан. Жеке құрам Орал, Ақтөбе, Атырау, Ақтау және Жаңаөзен қалаларында өз міндетін атқарып келеді.
Әлемнің әр қиырында тұрақсыздық орын алып отырғандықтан, қырағылықты күшейту керек-ақ. Осы бағытта біз барлық деңгейдегі сардарларға деген талапты күшейттік. Сондықтан әскерлер жыл басынан-ақ барлық машықтық және далалық жаттығулардың жоғары деңгейде болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Бұл ретте, Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы тың серпін берді. Ақтау қаласында «Ақтау-Антитеррор-2018» «Кобальт-2019» республикалық лаңкестікке қарсы жедел-тактикалық оқу-жаттығуының өтуін жылдың басты оқиғаларының бірі деуге болады. Бұл содырлық әрекет қаупі туғанда немесе жасалғанда барлық жағынан дайын болу үшін жұмыс тәсілдерін жетілдіру бағытында ұйымдастырылды.
Мықты Қазақстанды мықты кәсіби әскерсіз елестету қиын. Сондықтан 2019 жыл Ұлттық ұланда «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан Ұлттық ұлан – елі мен халқына қорған!» ұранымен өтуде. Ел басына алмағайып күн туған сәтте халқын қорғай білген Абылай хан, Әбілқайыр хан, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Сырым Датұлы, Махамбет Өтемісұлы сынды хан-батырларымыздың есімдерін біз әрқашан да қастерлейміз. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс те оңайлықпен келген жоқ. Бауыржан Момышұлы, Нұркен Әбдіров, Талғат Бигелдинов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова сынды аға буын өкілдері ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсете білді. Олар елді қалайша қорғай білсе, біз де солай ата-баба дәстүріне сай болуға тиістіміз.
Осы орайда, Ұлттық ұлан жауынгерлері де қырағылық танытып, қиын жағдайларға ұшыраған азаматтарға дер кезінде қол ұшын созады. Олардың арасында батылдығымен көзге түсіп жүргендер аз емес. Қазақ елі – қашаннан жауынгер, намысшыл, елжанды халық. Бесігінен «Батырлар жырын» жаттап өсетін ұлы халықтың ұрпағы «Ер Төстік» ертегісімен есейетін. Жоңғарлармен шайқаста жауын жауып, Ұлы Отан соғысы ұрыстарында Берлинге Жеңіс туын тікті. Кешегі Ауған соғыстарынан да абыроймен оралып, Отан алдындағы борыштарын жанкештілікпен өтеді. Ұлттық ұланның 17 сарбазы тәжік-ауған шекарасында мемлекеттік міндеттерді атқару кезінде ерлікпен қаза тапты.
Ерлік ешқашан ұмытылмайды, жылдар өткен сайын мәртебесі өсіп, айбындана түседі. Аға ұрпақтың жауынгерлік дәстүрлері бүгінде Ұлттық ұланның сапында қызмет атқарып жүрген жауынгерлермен лайықты жалғасын табуда. Мәселен, өткен жылдары Ұлттық ұланның сапында жауынгерлік міндеттерін атқаруда адалдық танытып, қауіпті қылмыскермен күресте өз өмірлерін ажалға тігіп, ержүректікпен танылған жауынгерлер Ербол Отарбаев, Бақтияр Кайырбеков, Сырым Сүндетов пен Денис Чернышевтар Елбасының қолынан жоғары мемлекеттік «Айбын» ордені және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарын алған болатын.
2015 жылдың мамыр айында, яғни Отан қорғаушы күні қарсаңында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының офицерлері, подполковниктер Ринат Жұмалиев пен Салауат Қабдықұлов Елбасының Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Олар өрт кезінде адам өмірін сақтап қалған болатын. Сол секілді, 3502-әскери бөлім жауынгері Бекжігіт Батырбеков өміріне қауіп төнсе де, суға толы кәріз құдығына түсіп кеткен төрт жасар қызды құтқарды. Ол «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалін өңіріне тақты.
Атыраудағы 5546 әскери бөлімнің офицері, майор Тимур Рахимов қыз баланы қауіпті қылмыскерден құтқарғаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін алды.
Тәуелсіздік жылдары Елбасының Жарлығымен міндеттерін адал атқарып, батылдық пен ерлік әрекеттерге барған 170-тен аса әскери қызметші мемлекеттік награда алды. Олардың ішінде 40 сарбаз ордендермен марапатталса, полковник Қайрат Үмбетовке «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Бүгінгі ұрпақ отансүйгіштікті, бейбіт өмірді, өз жері мен елін қорғауды алдыңғы буыннан үйрене алады. Оған мысал жетерлік. Атап айтатын болсақ, олар – қазақ елінің бостандығы үшін болған Аңырақай шайқасы, фашизмнің бұғауынан құтқарған Ұлы Отан соғысы.
Сұрапыл Ұлы Отан соғысында қазақстандық азаматтар қан майданда қару ұстаса, тылда әйелдер мен балалар зауыттар мен фабрикаларда, ауыл шаруашылығында күндіз-түні аянбай еңбек еткенін жақсы білеміз. Соғысқа бір жарым миллиондай қазақстандық қатысып, олардың 60 мыңы батылдық пен батырлық көрсеткендері үшін ордендер және медальдармен марапатталды, 369 адам Кеңес Одағының батыры атағын алды. Кеудесіне екі мәрте батыр медальдарын таққан Талғат Бигелдинов пен Сергей Луганскийдің, қазақтың қос қарлығашы Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың аттарын аса құрметпен және мақтанышпен айта аламыз. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның құрамында соғысып, кейіннен оның командирі болған, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының ерліктері көптеген кітаптарға арқау болып, жастарды отансүйгіштік пен батырлыққа шыңдауға септігін тигізгенін көпшілік жақсы біледі.
Бостандық үшін қан майданда жас өмірлерін қиған бабаларымыздың ерліктері ешқашан ұмытылмайды, рухтарына әрқашан тағзым етеміз. Олардың есімдері тарихта алтын әріптермен жазылды.
9 мамырда Отан қорғаушылар барлық елмен бірге Жеңіске жету үшін қолдарынан келгеннің барлығын жасаған ата-бабаларымызды құрметтейді. Елбасы Н. Назарбаев: «Ардагерлерді, соның ішінде соғыс және еңбек ардагерлерін қамқорлау – мемлекеттің басты міндеті», – деді. Бұл сөздерде терең мағына жатыр.
Бұл күн қазақстандықтар үшін табандылық, ерлік, жанқиярлық және Отанға адалдық символы болып қалады. Ешбір шекаралар, кеден кедергілері, әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірдің қиындықтары мен қарсылықтары әлемдегі бейбітшілік пен фашистердің зорлық-зомбылығынан босату үшін халықтың жасаған Ұлы ерлігін ұмыттырмайды.
Ұлы Жеңістің 74 жылдығын қарсы алып, фашизмге қарсы соғысқа қатысқан халықтарға алғыс білдіре отырып, соғыстың қиындығын, жеңіліс күйзелісі мен жеңіс қуанышын Кеңес одағының халқы басынан кешті.
Соғыс жылдары кәсіподақ органдары тылдағы қауырт істердің басы-қасында болып, оларды орындау үшін аянбай тер төкті. Мысалы, 1941-1942 жылдары Қазақстанға батыс аймақтардан көшірілген 110 кәсіпорынды жайғастыруға атсалысты. Соғыс жылдары Қазақстанда өнеркәсіптің барлық саласы дамып, жеңіс үшін жұмыс атқарды. Бір мысал, тек қана жеңіл өнеркәсіпте еңбек еткен қыз-келіншектер мен балалар 350 дивизияға жаздық киім-кешек, 80 дивизияға шинель, 100 дивизияға аяқ киім, тонналаған азық-түліктер жөнелтті.
Қазақстандықтар екі жыл ішінде соғыс аймақтарынан көшіп келген 428,5 мың адамды, 1,6 мың жетім баланы бауырына басты, бір үзім нанымен бөлісті. Еңбекшілер өз қаражаттарына ондаған танк коллонналарын, әуе эскадрилияларын жасақтады. Бұл соғыста жеңісті әскер мен халық тізе қоса отырып, ерлік көрсетіп, ерен еңбек арқасында бірге шыңдады.
Жеңіс бізге жеңілдікпен келген жоқ. Жеңіске ата-бабаларымыз қиын да күрделі жолмен жетті. Жеңіске қол жеткізген ата-бабалар есіміне, ұрыс даласында қаза тапқандарға тағзым етеміз. Оларды ұмыту мүмкін емес. Олар өздерінің табандылығымен және ерлігімен мәңгілік есте қалады.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қатарында сұрапыл соғыста Жеңісті жақындатқан ата-бабаларымыздың немерелері мен шөберелері қызмет етеді. Олар аға буын дәстүрлерін мақтан тұтады.
Ұлы Жеңістің 74 жылдығы және Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, мол бақыт, қызметте табыс тілеймін! Отанымыздың тәуелсіздігі тұрақты, тұғыры берік болсын!

 

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*