«Отанға адал қызмет – асыл парыз»

Әр адам өмірден өз орнын тауып, жүрек қалауымен еселі еңбек етіп, Отанымыздың өркендеуіне сүбелі үлес қосуы тиіс. Осы орайда, ел азаматтарының қауіпсіздігі мен қоғамның тыныштығын қорғауда уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының жұмысын жастарға үлгі ету де маңызды.
Әсіресе, аудандарда, ауылдық жерлерде тұрғындармен етене жақын араласып, олардың талап-өтініштеріне құлақ асу үлкен жауапкершілік жүктейді.
Ішкі істер органдарында қызмет етіп жүрген полицейлер үшін патриотизм, абырой мен қызмет борышы қашан да қарапайым сөз болып қалмайды. Әйтеке би ауданының Полиция бөлімінде де өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын мамандар жеткілікті. Солардың бірі – тергеуші, полиция капитаны Данияр Бегімов.
Ол – Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Қызмет барысымен Әйтеке би ауданына 2014 жылы келген. 2014-2018 жылдар аралығында Әйтеке би ауданы Полиция бөлімінің жедел-криминалистика тобында қызмет атқарып, кейін еңбек жолын тергеуші болып жалғастыруда. Екі бірдей жоғары білімі бар, өз жұмысына тыңғылықты қарайды.
«Мен ішкі істер органдары саласында еңбек етуді бала кезімнен армандадым. Тергеуші болу оңай емес. Ол қырағылық пен табандылықты, ең бастысы, сауаттылықты талап етеді. Менің ойымша, осы қиын да жауапкершілігі мол мамандықты таңдаған адамдар уақытпен санаспай, үнемі ізденісте болулары керек. Заңға енгізіліп жатқан толықтырулар мен өзгертулерді де дер кезінде біліп отырамыз. Өмірлік бай тәжірибелері бар аға буыннан да білмейтіндерімізді сұрап, ақылдасамыз», – дейді полиция капитаны Данияр Бегімов.
Жалпы, Әйтеке би ауданының Полиция бөлімінде Отан алдындағы қызметтік борышын шынайы атқаратын, ең бастысы, таңдаған мамандығына адалдық танытып, қоғам тыныштығы жолында темірдей тәртіпке бағынатын тәртіп сақшылары жас мамандармен толығып, ұрпақтар сабақтастығы жалғасын табуда.
«Біз тәртіп сақшысы болам деп талпынған жастарға Отанға, қызметке адал берілген аға буын өкілдерімен қатар, еңбекке талпынысы жақсы, ізденімпаз мамандарды да таныстырып отырамыз. Данияр өз ісіне жауапты әрі үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсете білетін кішіпейіл әріптес ретінде ортасына сыйлы деп ойлаймын. Берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындайды. Уақытпен санаспайды», – дейді Әйтеке би аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Еркін Ахметов.

Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*