Балалардың ақ қағаздағы тілегі

Түркістан облысы ПД-нің қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен болдырмаудың түрлі шаралар кешенін іске асыруда. Полиция қызметкерлері жол ережесін бұзғандарға үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң тұрғысынан ақпараттандырып келеді. Мейлінше рейдтік іс-шаралар кешенін іске асырып, нәтижелері БАҚ-та жариялануда.
Облыстық Полиция департаменті жол апаттарының алдын алу бойынша күндізгі және түнгі рейдтік шараларын жоспарлы түрде өткізуде. Жылдамдықты асырып, жол белгілеріне назар аудармайтын, қарсы бетке шығып немесе мас халде көлік тізгіндеп, апатқа себепші болған жүргізушілерге арнап, жасөспірімдердің көмегі арқылы жол апатының себепкерлеріне ой салуға талпынуда. Бұл бойынша атқарылып жатқан тиянақты іс-шаралардың бірін мысалға келтірер болсақ, облыстық ПД-нің ӘПБ-ның қызметкерлері өткен айдың соңында ғана «Жолдағы қабылдау» акциясын өткізді. Полиция қызметкерлері жол бойына шығып, көліктерді тоқтатып, оларға жолда жүру ережелері бойынша қажетті мәліметтері бар жадынамалар мен дәмді бауырсақтар ұсынды. Аталған акция департамент қызметкерлері тарапынан дәстүрлі түрде атқарылып тұрады.
Сонымен қатар, облыс бойынша жол апатынан қаза тапқандардың санын азайтуды көздеген сақшылар «Жүргізушіге хат» акциясын да аудан-аудандарда өткізуде. Мәселен, 26 сәуір күні Келес ауданы Полиция бөлімінің ұйымдастыруымен «Жүргізушіге хат» акциясы мектеп оқушылары арасында өтті. Шығармашылық акцияда жоғарғы сынып оқушылары өздерінің жүргізушілерге арнаған хаттарын, жүрек түкпіріндегі тілектерін, ойларын ақ қағазға түсірді. Шығарма тақырыбы белгіленгенімен, ой еркіндігіне басымдық берілді. Әрбір оқушы өзінің ойын сөзбен жеткізуге, көлемді етіп жазуға мүмкіндік алды. Акция Арыс ауданы ПБ-де де жалғасын тапты. Полиция қызметкерлері мен мектеп мұғалімдерінен арнайы комиссия құрылып, шығарма жазған оқушылардың жазбалары талданып, сараланып, ішінен оза шыққандарына арнайы алғыс хаттар табысталды.
Мәселен, Арыс қаласы Е. Молдабаев атындағы №1 жалпы орта мектебінің 7 «а» сынып оқушыларының жазған шығармаларын комиссия мүшесінің бірі, сынып жетекшісі Майра Клует пен мектеп директоры, полиция қызметкерлері оқып, талдап, Дариға Әбдімүтәліп пен Жаннұр Тұңғышбекті бір ауыздан жеңімпаз деп таныды. Жаннұр Тұңғышбек өзінің жазған шығармасында: «Кейбір жүргізушілер бір-біріне жол бермейді. Көлікті бар жылдамдықпен айдап, жол апатын жасайды. Бағдаршамды да елемей өтіп кете береді…», – деп жазса, екінші оқушы Дариға Әбдімүтәліп: «Ішімдікке сылқия тойып, көлік басқаратын ессіз жүргізушілер мен жылдамдықты асыратын жүргізушілердің апатынан қаза болған адамдардың балалары жетім қалады», – деп өздерінің ойларын ашық және айқын жеткізе білді.
Сондай-ақ, Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Жетісай ауданы ПБ ЮПТ қызметкерлерінің бастамасымен Б. Момышұлы атындағы жоғарғы сынып оқушылары арасында ұйымдастырылды. Жасөспірімдердің «Қымбатты жүргізуші ағай, қоғамдық көліктің қызметін күнделікті пайдаланамыз: онымен жұмысқа барамыз, үйге қайтамыз. Көлікті абайлап жүргізсеңіз, барлығымыз аман боламыз, апаттардан сақ болу – өз қолдарыңызда, сапарыңыз сәтті болғай!» – деген шығарма жолдары кез келген адамды терең ойға батырып, жүректерді елжіретпей қоймасы анық.
Жол апаттарын болдырмау мақсатындағы іс-шараларды жиі жүргізіп, ҚР заңында көзделген жол ережесін қатаң бұзуға жол берген жүргізушілерді жазалап, айыппұлдар салынып жатса да, оған себепшілер саны азаяр емес. Сондықтан да мәселеге жан-жақтылық танытқан полицейлер ақ қағаз арқылы жүргізушіге талап-тілегін жеткізген оқушылар пікірімен заң бұзушылықтардың алдын алмақшы. Шығарма жазғандардың арасынан Оңалбек Салтанат үздік деп танылып, өзінің хаты арқылы ерекшеленді. Жеңімпаз қыз Жетісай ауданы ПБ басшысының атынан «Алғыс хатпен» марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Білім ордасының ұжымы мен оқушылары полицейлердің бұл бастамаларына ерекше ризашылықтарын білдіріп, қолдайтындығын айтты. Хаттарының жүргізушілер назарына ілініп, жол апатының азаятындығына сенім білдірді. «Біздің сіздермен бірге акция өткізудегі мақсаттарымыздың бірі – әрбір көлік жүргізушісіне орамды ой салып, қылмыстардың, жол апатының алдын алу мен болдырмау», – деген сақшылар мектеп ұжымы мен оқушыларына алғыстарын білдірді.

Г. ӘБДІЖАППАРОВА, Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*