Чемпион әріптестерін қарсы алды

Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері, туыстары, достары және бокс жанкүйерлері Қорқыт Ата әуежайынан әлем чемпионатының жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы, Қызылорда қаласы Полиция басқармасының ЖПҚ ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкері, полиция лейтенанты Қамшыбек Қонқабаевты күтіп алды.

Сыр ұланы ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері,  Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2017), Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2017), әскери қызметкерлер арасындағы әлем чемпионы (2014), Болгарияда өткен  халықаралық турнирдің жеңімпазы (2015), ҚР Спартакиадасының чемпионы (2015). Сонымен қатар, Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны күні кеше Таиландтың астанасы Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды.

Бүгінгі таңда Қызылорда қаласындағы «Тарлан» бокс орталығында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Байгундиевтың басшылығымен жаттығуда.

Қамшыбекті алғаш рет спорт мектебінің бокс секциясына әкеліп, оның Азия чемпионы атағын алуына бірден-бір себепкер болған оның үлкен ағасы Асқар Қоңқабаев болатын. Жастайынан соңынан ерген інісіне қамқор болып, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен кәсіби деңгейде шұғылдануына атсалысты. Қамшыбектің ағасы да қазіргі таңда Қызылорда облысы Полиция департаментінде қызмет атқаруда.

15 жасынан бокспен шұғылданып келген Қамшыбектің алғашқы бапкері Сейтжан Төкенов болды. Алғашқы жаттықтырушы шәкіртіне үлкен спорттың биік белестерін бағындыруына атсалысып, оның шеберлігін шыңдап отырды.

Қырағылық пен төзімділікті және әрдайым арнайы жаттығуды қажет ететін қызметте жүрген Қамшыбек спорттық бабын жоғалтпады. 2017 жылы Германияда өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Осы жарыстан кейін оған «Қазақстан Республикасының еңбегі сінген спорт шебері» құрметті атағы берілді.

Бала кезіндегі ішкі істер органдарында қызмет ету арманын жүзеге асыру үшін Қамшыбек 2018 жылы Қызылорда қаласының Полиция басқармасына өтініш жазып, барлық тиісті емтихандардан өтті. Бұйрықпен Жергілікті полиция қызметіне ювеналды полиция бөлімшесіне қабылданды.

Қызметте сауатты, адал, мінезі салмақты Қамшыбек қазіргі таңда
өзінің тікелей міндеттерімен қатар, соңынан ерген жас қызметкерлерге бос уақытында жинаған тәжірибесімен бөлісуде.

Қамшыбек Қонқабаев жұбайы Айзада Нұржанова екеуі Омархан және Мұстафа-Әли есімді екі атұстарын тәрбиелеп отыр. Әлемдік бәсекелерде еліміздің көк байрағын көтеріп жүрген Қамшыбектің жеткен жетістіктерімен жерлестері мақтанып, алдағы уақытта да оның топ жаруына әрдайым тілектес.

Қызылорда облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*