Тоқсанның толағай табыстары

Облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қ. Дәлбеков бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша халық алдында есеп берді.

Кең көлемде өрбіген кездесуде Түркістан облысының орталығына келгелі атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына, сапалылығына тоқталды. Сонымен қатар, облыстағы криминогендік ахуалдың тұрақты екендігін, қылмыстарды азайту жолында полицейлердің тапсырмаларды тиянақты орындап, қоғам тыныштығы үшін қызмет етіп жатқандығын мәлімдеді.

Есеп беру барысында сөз кезегін алған тұрғындар өздерінің көкейінде жүрген мәселелерін басшыға кеңірек баяндап, тұщымды жауаптарға қанықты. Осылайша, департамент бастығының бастамасынан кейін облыс бойынша барлық қала, аудан басшылары өздерінің халықпен кездесулерін өткізе бастады. Айтып өтер болсақ, облысқа қарасты 16 аудан, яғни облыс орталығы Түркістан, киелі мекендер Отырар, Созақ, Түлкібас, Сайрам, ақ алтынның отаны Мақтаарал, суы шипалы Сарыағаш, қасиетті Қазығұрт, жер жәннаты Жетісайда, төрелігін көрсеткен Төлеби мен моноқалаларымыз Арыс пен Кентауда, сонымен бірге, тарихта өзіндік орны бар Келес пен шежірелі Шардарада полиция басқармалары мен бөлімдерінің басшылары кезекті кездесу жиындарын өткізді. Қараша халықпен күнделікті араласып, мұң-мұқтажын тыңдауға кіріскен басшылар барынша тұрғындарға көмек көрсетуге талпынды.

Халықпен кездесу барысында 30-ға жуық ұсыныс пен сыни ескерту айтылды. Ұсыныстардың басым бөлігі учаскелік полицейлердің жиі ауысатындығы, жол белгілерін көптеп қою, жаңарту, айыппұлдар мен жастардың тәлім-тәрбиесі бойынша берілді.

Сонымен, өткізілген кездесулердің түпкі мақсаттарының бірі ретінде полиция қызметінің ашықтығы айқындалса, атқарылған жұмыстардың нәтижесі қызмет деңгейінің артқандығын көрсетті.

Гүлнар АБДУРАХМАНҚЫЗЫ, Түркістан облысы

 

 

 

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*