Бірлік – басты байлығымыз!

ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының акт залында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шарасы өтті.

Мерекелік шара Академия бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Биекеновтің құттықтау сөзімен басталды. «Кең байтақ қазақ даласында жергілікті ұлт – қазақтармен бірге басқа да 130-дай өзге ұлт өкілдері тұрады. Осыншама халық өкілдері ұлтына, нәсіліне қарамай, барлығы да тату-тәтті достықта, бірлік пен ынтымақтастықта өмір сүруде. Жыл сайын атаулы мереке күні халықтар киелі қара шаңырақ қазақ жерінде татулық пен бейбітшілікте өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Біздің кең байтақ еліміз ынтымақтастығы жарасқан үлгілі елдердің бірі. Халық әрқашан бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қиындықтармен бірге күрескен. Міне, біздің Академияда да бірнеше ұлт өкілдерінен құралған курсанттар білім нәрін алып жатыр. Курсанттарымыздың барлығы бір шаңырақ астында бір адамдай тату-тәтті өмір сүруде», – деді полиция полковнигі.

Мерекелік іс-шара Қазақстан халқының бірлігі күнінің тарихына шолу жасаудан басталды. Академияның профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері сахна төрінде қазақ, орыс, тәжік, корей, украин, шешен халықтарының ұлттық киімдерін киіп, әндерін шырқап, билерін билеп, өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар, қызметкерлеріміз әр ұлттың тілінде сөйлеп, олардың тарихына шолу жасап, бірер көріністерін көрсетті. Сахнада қазақ билерінің атасы «Қара жорға» биі және де басқа ұлт өкілдерінің тамаша билері биленді. Іс-шара жарқын да әсем көріністерге толы болды.

О. УАҚПАЕВА, Қостанай қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*