Бірлігі жарасқан бөлім

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Мартөк аудандық Полиция бөлімі туралы ой бөліскенді жөн көрдік.

Мартөк ауданында 30-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Ал, аудандық Полиция бөлімінде 10-ға тарта ұлт өкілдері еңбек етеді. Олардың дені мемлекеттік тілді жетік меңгергендер. Орыс, казақ, украин, беларусь, татар және неміс ұлттарының өкілдері ауызбірлігі мен ынтымағы жарасып, бірге еңбек етуде.

Мәселен, Мартөк ауданы Полиция бөлімінің ақпараттық-аналитика тобының инспекторы, полиция капитаны Наталья Подковырева өзінің ұлын қазақ балабақшасына, кейін қазақ мектебіне оқуға берген. Баласы бүгінде қазақ тілін жетік біледі.

Ал, әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы, неміс ұлтының өкілі Николай Трошин болса, қазақшаны еркін меңгерген. Ресейден қоныс аударып, бала кезінен әже тәрбиесін көріп, қазақтармен аралас өскен Николай қазақ тілін Таразда әскери борышын өтеген кезде өте жақсы меңгеріп алғанын айтады.

«Мен үшін қазақ тілі – екінші ана тілім. Қазақ тілін үйрену қиын емес. Зейін қойып, өзіңе үйренем деп талап қойсаң, тез-ақ үйреніп кетесің. Қазақ тілі өте бай. Тіл білу арқылы сол елдің мәдениетін, салт-дәстүрін де жете білесің. Маған қазақтардың кеңпейілдігі мен қонақжайлығы өте ұнайды. Менің достарым да қазақтар. Біз барлық мерекелерді бірге тойлаймыз. Полицияда жұмыс жасағанда тіл білгеннің бір ұтымды тұсы – жергілікті тұрғындармен тез тіл табысасың», – дейді полиция капитаны.

Мартөк ауданы Ресейге шекаралас орналасқан, бұрыннан өзге ұлт өкілдері көбірек шоғырланған мекен. Достық үйі жұмыс істейді.

1 мамыр мерекесі – Мартөк ауданы тұрғындары үшін ерекше күн. Ұлт пен ұлысқа бөлінбей, бір-бірлеріне түсіністікпен қараған ырыс дарыған өңірде татулық берік орныққан.

«Қазақстанда басқа ұлт өкілдерінің тілі мен салт-дәстүрлерін дамытуға қолайлы мүмкіндік бар. Біз өз еліміз – Қазақстанды мақтан етеміз. Ынтымағы жарасқан көпұлтты еліміз өркендей берсін», – дейді Мартөк тұрғындары.

Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*