Желілік бөлімшенің жүйелі жұмысы

 «Нұрлы жол» вокзалындағы КПД Желілік полиция бөлімшесінің  жұмыс істеп тұрғанына 2 жылдың жүзі болды. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі кезінде ашылған вокзалдағы полиция бөлімшесінің жұмысымен, бүгінгі тынысымен танысып қайттық.

Вокзалдың екінші қабатында орналасқан Астана-2 темір жол вокзалындағы Желілік полиция бөлімшесі барлық талаптар мен стандарттарға сай жасақталған. Желілік полиция бөлімшесінен көргеніміз: мұнда тергеушілер, анықтаушылар, криминалистер мен есірткі бизнесіне қарсы топ қызметкерлеріне жеке кабинеттер берілген. Бұл кабинеттер барлық қызметке қажетті заманауи техникамен жабдықталған. Мысалы, криминалистер кабинетінде дактилоскопия жасауға арналған құрылғы бар. Бұдан бөлек, бөлімшеде қару сақтауға арналған қойма және кезекші бөлімнің орны бар. Бөлімшеге кірген бойда кезекші бөлімдегілер қарсы алады, оларға кімге, не үшін келгеніңізді айтасыз.

ЭКСПО-2017 көрмесі өткен кезде ЖПБ қызметкерлерінің штаттық саны 59 адам болса, биыл кейбір қызметтер қысқартылып, штат саны 37-ге төмендеген.  Олардың 5-і күнделікті вокзал аумағы бойынша қарауылға қойылады. Вокзалдың алып жатқан аумағы ауқымды. Бұл вокзал арқылы күніне орташа есеппен 17 мың адам қатынайды. Негізі, тәулігіне 35 000 жолаушыны қабылдау мүмкіндігі бар. Өйткені, құрылыс аймағы осынша адамға есептелген. Қазір жай күндері бұл вокзал арқылы 17 мың адам қатынап жүрсе, демалыс және мейрам күндері, әсіресе жаз айларында келіп-кетушілер саны күрт артады екен. Мұндай кездері сәйкесінше құқықтық тәртіп күшейтіліп, жұмылдыратын жасақтар саны еселенеді.

Полиция қызметкерлеріне вокзал аумағында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде бейнекамералар көмекке келеді. Вокзал кешені бойынша 533 бейнебақылау камерасы орнатылған. Қосымша тағы 48 камера орнату жоспарланып отыр. ІІМ КПД Астана-2 темір жол вокзалындағы Желілік полиция бөлімшесі бастығының орынбасары Бейбіт Қырымқожин жолаушылар вокзалға кіргеннен бастап, шыққанға дейін бейнекамералардың «бақылауында» болатынын айтады.

«Жыл басынан бері өткір тұрған мәселе – заңсыз тасымалдаушылар. Алматы ауданы ПБ-ның Жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп заңсыз таксистермен күрес жүргізіп келеміз. Вокзал аумағынан адам тасымалдайтын заңсыз таксистер тапқан-таянғандарынан салық төлеп отырған жоқ. Есесіне, бұл – заң бұзушылық саналады.

Вокзал аумағында орын алатын заң бұзушылықтар мұнымен шектелмейді. «Нұрлы жол» вокзалында пойызға шығатын жолаушылар алаңы ғимараттың ішінде орналасқан. Пойыз ғимараттың ішіне кіріп тоқтайтындықтан, перронда темекі шегуге болмайды. Тыйым салынған деген белгілер де тұр. Алайда, көпшілік жұрт мұны білмей, байқамай қалып жатады. Сондықтан да ең көп орын алатын тәртіп бұзушылық – тыйым салынған жерде темекі шегу. Одан кейін, алкогольді ішімдік ішкен күйде қоғамдық орындардан табылу, ортақ қолданыстағы орындарды ластау, яғни оның ішінде қоқыс лақтыру, шемішке қабығын жерге тастау сияқты тәртіп бұзушылықтар жиі орын алады. Мұның бәрі вокзал имиджіне кері әсер етеді», – деді Бейбіт Маратұлы.

Оның айтуынша, темір жолды тыйым салынған жерлерден кесіп өтетіндер де кездесіп жатады екен. Сонымен қатар, азаматтар адам нөпірі көп вокзал аумағында заттарына мұқият болмай, немқұрайлылық танытатындар аз емес. Соның салдарынан заттарын қолды қылып  жатады. Мұндай жағдайлар жиі болып тұрады. Жыл басынан бері 3 ұрлық фактісі тіркелген. Бұл қылмыстардың барлығы дерлік дереу ашылыпты.

Қоғамдық тәртіп жіті қадағалауда

ЖПБ-нің жұмысы – вокзал аумағында құқық бұзушылыққа жол бермеу, азаматтардың қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, пойыздарды қарсы алып, шығарып салу, барлық арыз-шағымдарға жедел ден қою. Біз барған уақытта әдетте абыр-сабыр болып жататын вокзал іші тым-тырыс болды. Ағылып жататын жолаушылар қарасы да көп емес. Әрбір жерде бірен-саран жолаушы отырғанын көрдік. Бұл уақытта вокзал аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық шарасы өтіп жатты. Мұндағы мақсат –  қызметтік аумақтағы жедел жағдайды  тұрақтандыру. Жедел профилактикалық шара кезінде көлік полицейлері күшейтілген режимде қызмет көрсетті. Бұл жұмысқа кинологтар да жұмылдырылды. Олар вокзал аумағын итпен тінтіп, есірткі заттары мен жарылғыш заттарын іздеу жұмыстарын жүргізді. «Біз, кинологтар, мұнда ауысыммен жұмыс істейміз. Яғни, мен мұнда бір дүйсенбіге жіберілдім. Бір апта осында, бір апта ескі вокзалда, осы екі ортада жүремін. Бұл қызметтік итімнің есімі – Цезарь, неміс овчаркасы», – деді Еркебұлан.

Күту залдарын тінту кезінде кейбір жолаушылар қызметтік иттен қорқып, орындарынан ұшып түрегеліп жатты. Тіпті, итке тұмылдырық кигізуді талап еткендер де болды. Алайда, олардың бұл талабы орынсыз еді. Өйткені, ит жұмыс істеп жатқан кезде мұрнына тұмылдырық кигізілмейді. Себебі, иттің мұрнына тұмылдырық тағылған жағдайда ол иіс сезе алмайды. Азаматтар үйретілген иттерден үркудің қажеті жоқ екенін, олар қабаған болмайтынын білмейтін болып шықты. Мұндай иттер қайта керісінше адам баласына қорған болып жүреді екен.

«Нұрлы жол» вокзалына тәулігіне орташа алғанда 15 жолаушылар пойызы, 2  электр пойызы келіп кетеді. Аптаның әр күнінде әрқалай. Оған қоса, аптаның белгілі бір күнінде ғана жүретін пойыздар бар. Пойыздардың негізгі жүретін уақыты – таң мен кеш. Қалған уақытта мұнда мүлгіген тыныштық орнайды. «Нұрлы жол» вокзалы – соңғы станса. Яғни, «Нұрлы жол» негізінен соңғы пункті Нұр-Сұлтан болып табылатын пойыздарды қабылдайды. Транзиттік пойыздар ескі вокзал арқылы өтеді», – деді ЖПБ Әкімшілік полиция тобының инспекторы Нұрмахан Байғаныров.

Тәртіп сақшыларымен вокзал аумағын патрульдеу кезінде бұл вокзал арқылы қатынайтын жолаушылар контингентінің өзгеше екенін байқадық. Мұнда мызғымас тәртіп орнаған. Заң бұзып, ішкі тәртіпке бағынбай жатқан ешкімді көрмедік. Алайда, мұнда да ішімдік ішіп, жұртшылықтың мазасын алатын бұзақылар, қаңғыбастар да бой көрсетіп жатады деседі. Полицейлер мұндайда жедел әрекет етіп, оларды бірден ЖПБ-ге жеткізіп, тиісті шара қолданады…

 

Теңдесі жоқ тіркеу орны

Вокзал аумағы бойынша күнделікті кезекшілікке 5 адам түссе, оның 4-еуі  патрульдеуге жұмылдырылады да, қалған 1-еуі вокзалдың тіршілігі қайнап жататын бөлігіндегі полицияның тіркеу орнында (пост ресепшн) тұрады. Біздің бірден көзімізге түскен де осы тіркеу орны болды. Полицияның мұндай тіркеу орындары «Нұрлы жол» вокзалында ғана бар. Расымен, оны бұрын-соңды еш жерден көрмедік.

Полиция тіркеу орны халық көп жиналатын орталық күту залында орналасқан. Орталық залдан полиция өкілдеріне орын беру қаншалықты керек болды десеңіз, айтайық. Жалпы Желілік полиция бөлімшесі ғимараттың екінші қабатында орналасқандықтан, оны екінің бірі таба алмайды. Ал полиция болса, азаматтардың көз алдарында болулары тиіс. Сол үшін де орталық залға полицияның тіркеу орны шығарылған. Бұл азаматтарға жақын болу үшін жасалып жатқан қадам екен. Азаматтар туындаған сұрақтары бойынша осы тіркеу орнына жүгіне алады. Әрі қарай осы жерден ЖПБ-ге жөнелтіледі немесе керісінше.

Мұнда күнделікті бір полиция қызметкері қызмет көрсетіп отырады. Бастысы, халыққа қолайлы. Өйткені, вокзалға бірінші рет келген адам үшін Желілік полиция бөлімшесін өздігімен табу оңай емес.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*