Ержүрек әріптестерін еске алды

Жуырда Ақтөбе облысы ТЖД «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ офицерлік құрамы арасында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Рахымжан Жаңабергеновті еске алуға арналған жарыс өтті.

Ақтөбелік өрт сөндіруші Р. Жаңабергенов 1983 жылы қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан. Сол жылы 11 ақпанда Ақтөбе элеваторындағы өртті сөндіру кезінде жарылыс болып, қызмет жауынгерінің өмірін қиып кеткен еді.

Оның ерлігі жас өрт сөндірушілер үшін жарқын үлгі. Қайтыс болғаннан кейін Рахымжан өрт кезінде көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1983 жылғы 27 мамырдағы Жарлығымен «Өрттегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Сол қайғылы күннен бері 35 жылдан артық уақыт өтті. Бірақ, өрт сөндіру қызметі батырдың жарқын есімін есте сақтайды.

Кез келген уақытта өртпен күресуге, бұған қоса шығынсыз күресуге дайын болу және өз міндеттерін жоғары кәсіби түрде орындау үшін өрт сөндірушілер жаттығып, дайындалуы қажет. Өртке қарсы қызмет жауынгерлері өрт сөндіру-құтқару спортында өз дағдыларын нығайтады. Сондықтан бұл жарыстарды өткізудің мақсаты – саламатты өмір салтын насихаттау, өрт сөндіру-құтқару спортын одан әрі дамыту және дәріптеу, қызметкерлердің спорттық шеберлігін арттыру. Жарыс қорытындысы бойынша ең үздік спортшылар Ақтөбе облысының ТЖД өрт сөндіру-құтқару спорты құрама командасына іріктеліп алынады.

Жарыстың негізгі бағдарламасына оқу мұнарасының 4-ші қабатының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілу, оқу мұнарасының 3-ші қабатының терезесіне орнатылған жылжымалы үш дөңгелекті баспалдақпен көтерілу, зардап шеккенді құтқару кіреді.

Оқу мұнарасының 4-қабатының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілу бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді: 1-орын Асқар Азаматқа (Алға ауданы №6 ӨСБ), 2-орын Бағлан Мәлікке («ӨС және АҚЖҚ» ММ), 3-орын Нұрбол Әбдіғаппаровқа (Хромтау ауданы №16 ӨСБ) бұйырды.

Оқу мұнарасының 3-қабатының терезесіне орнатылған жылжымалы үш дөңгелекті баспалдақпен көтерілу, зардап шеккенді құтқару бойынша «ӨС және АҚЖҚ» ММ жеңіске жетті. 2-орынды Шалқар ауданы № 17 ӨСБ, 3-орынды Алға ауданы №6 ӨСБ иеленді.

Жалпыкомандалық ұпай бойынша 1-орынды Алға ауданының №6 ӨСБ командасы, 2-орынды «ӨС және АҚЖҚ» ММ командасы, 3-орынды Байғанин ауданының №8 ӨСБ командасы жеңіп алды.

Жарыс соңында жеңімпаз командалар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды.

Ақтөбе облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*