Әйгілі «алтыатар» Петропавл қаласының тұрғыны полицияға көне револьверді тапсырды.

Петропавл қаласының тұрғыны Қызылжар ауданында сатып алған жер учаскесінен ерекше олжаны тапты. Учаскені қарап жүрген қыз екі аңшы мылтығы және револьвер салынған қапқа тап болады. Табылған екі мылтық қарапайым екі ұңғылы аңшы мылтықтары болып шықты, ал револьвердің аты аңызға айналған «алтыатар» екені анықталды.

1930 жылы шығарылған «алтыатар» XIX ғасырдың соңында абордаждық қару ретінде жасалып, өзінің беріктігінің арқасында әлемге танымал болды. Қару ұзақ уақыт бойы кеңес милициясында пайдаланылды.

Қаруды полицияға тапсырған қызға 130 мың теңгеден астам өтемақы төленуі мүмкін. Екі мылтық (16 калибрлі ТОЗ-Б және ТОЗ-63, екеуі де екі ұңғылы) 2-ші санат (бұрын пайдаланылған, атуға жарамды қару) бойынша бағаланса, бойжеткенге 53 025 теңгеден төленеді. Мамандар револьверді бағалап, 3-ші санатқа (пайдалануға жарамсыз) жатқызды, қаруға 30 300 теңге төленетін болады.

«Акцияның шарты – құжаты жоқ қаруды тапсыру, – дейді Солтүстік Қазақстан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Оспанов. – Заңсыз сақтаудағы қаруды тапсырған адам, егер әрекетінде қылмыс құрамы болмаса, кез келген жауапкершіліктен босатылады. Қарудың қылмысқа қатысы болмаса, полиция қарудың адам қолына қалай түскенін анықтамайды».

Акция басталғалы бері 3 апта ішінде солтүстікқазақстандық полицейлер қаруды сатып алуға бөлген бюджет сомасының 70 пайызын игерді. 80 қару тапсырылды, төленетін сома 4,5 млн теңгеден астам соманы құрады.

Көбінесе солтүстікқазақстандықтар тегіс ұңғылы қаруды тапсырады. Санатқа байланысты қару 22 725, 53 025 немесе 75 750 теңге тұруы мүмкін. Облыс орталығынан басқа, қаруды Мағжан Жұмабаев (полицияға 12 қару тапсырды), Айыртау (10 қару) және Тайынша ауданының (8 қару) тұрғындары белсенді тапсыруда. Төленген сомалар бойынша Мамлют ауданы ерекшеленді. Аудан тұрғындары жалпы 4 тіркелмеген қару тапсырған, оның 3-і ұзын ұңғылы ойықты қаруға жатады. 3-ші санат бойынша қару – 37 875 теңге, 2-ші санат бойынша – 88 374 теңге, 1-ші санат бойынша (жаңа, бірде-бір рет пайдаланылмаған) – 125 250 теңге тұрады.

Қолында тіркелмеген қаруы бар азаматтар қаруды тапсырып қана қоймай, ақшалай сыйақы ала алады.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*