Мал іздеуші квадрокоптер

dav

Солтүстік Қазақстан облысында мал ұрлығы қылмыстарын ашу үшін квадрокоптерлер қолданылады.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 18 мал ұрлығы тіркелді. Қылмыстың аталған түріне қарсы күрес – облыстық полиция басшылығының ерекше бақылауында. Алайда, полицейлердің айтуынша, барымташыларға қарсы тосқауылды бірлесе қолға алған жөн. Өткен жылдардағы талдау көрсеткендей, мал ұрлығы көбінесе малды еркін жайылымға жіберу кезінде жасалады.
«Мал ұрлығының алдын алуда қолданылатын пәрменді шаралардың бірі – таңба және бирка салу. Аталған шаралар қылмыстарды ашуға көмектеседі, сондай-ақ, мал ұрлаушыларға қарсы іс-қимыл жасауда тиімді тетік», – деді Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Петр Климов. Сондай-ақ, мал ұрлығына қарсы күрес жұмысының «Бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл бағдарламасы» шеңберінде жүргізілетінін атап өтті.
…Айыртау ауданында Полиция бөлімінің қызметкерлері жеңіл автокөліктің жүксалғышында екі бұзауды әкетіп бара жатқан екі ауыл тұрғынын ұстады. Бұзаулар ұрланған болып шықты. Ұсталғандардың осыған ұқсас тағы үш қылмысқа қатысы бары анықталды. Ұрланған мал иелеріне қайтарылды.
Уәлиханов ауданында полицейлер екі ай көлемінде қоралардан түнгі уақытта мал ұрлап жүрген төрт азаматты құрықтады. Ұрланған 5 қойды қаскөйлер сатып үлгерген, дегенмен тергеу кезінде барлық сатып алушы анықталды. Үй жануарлары алынып, иелеріне қайтарылды.
Малдарды қайтарып алуда қойылған таңбалар мен салынған биркалардың рөлі ерекше. Жедел уәкілдердің айтуынша, белгі салынған малды тасымалдау ұрлықшыларға оңай соқпайды. Полицейлер деректер базасы арқылы тасымалданып жатқан сиырлар мен жылқыларды тексеріп, иелерін анықтайды. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары қабылдап жатқан алдын алу шараларының бірі – бақташы, жергілікті атқарушы орган және мал иелері арасында жасалатын үш жақты шарт. Бұл құжат бақташылардың жауапкершілігін арттыра түседі. Өйткені, тәжірибе көрсеткендей, бақташылардың малды қараусыз қалдыратын жағдайлары да кездесіп жатады.
Сонымен қатар, мал ұрлаушылар көбінесе жылқыларды олжалайды. Бұны ауыл тұрғындарының ескергені жөн, сенімді сақтық шараларын қолдану қажет. Соңғы кезде аудандық Полиция бөлімдерінің қызметкерлері өз жұмысында квадрокоптерлерді жиі қолданады. «Ұрланған және жоғалған малды іздеу үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары жиі қолданылады. Қазіргі уақытта аталған аппараттарды аудандық бөліністер сатып алуда», – деді Петр Климов.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*