Әділет подполковнигі Азат РАИСОВ: Түзелмейтін адам болмайды

Бүгінде Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/4 мекемесінде орта есеппен 160 сотталған азамат жазасын өтеп жатыр. Еңбекке жарамды 90 сотталған ақылы жұмыспен қамтылып, оларды еңбекпен қамту көрсеткіші 100%-ды құрап отыр. Сотталғандардың 15-і «Еңбек-Қызылорда» РМК филиалы кәсіпорындарында, 29-ы мекеменің шаруашылық қызметінде еңбек етеді. Сондай-ақ, «Алтын Транс Ойл» кәсіпорындарында 12 сотталған болса, «Полимер Продукт» кәсіпорындарында 11 сотталған жұмыс істейді.
Қазіргі нарық заманында түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеуші түгілі, бостандықтағы тұрғындарды жұмыспен қамту күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналған. Біз мекеме басшысы Азат Раисовтен осы тақырып аясында сұхбат алған едік.
Азат Сейтқасымұлы, түзеу мекемелеріндегі басты мәселе – сотталған азаматтарды еңбекпен қамту мәселесінде қандай мүмкіндіктер қарастырылған? Әңгімемізді осыдан бастасақ…
– Сотталғандарды еңбекпен қамту мәселесі сөз болғанда, «Еңбек-Қызылорда» РМК филиалының атқарып отырған жұмысын айтпай кетуге болмайды. Түзеу мекемелерінің өндіріс аумағында аталмыш кәсіпорынның құрылыс, машина жөндеу, тағы да басқа салалар бойынша жұмыс көздері бар. Сондықтан біздің мекемеде сотталған азаматтарды жұмыспен қамту бойынша проблемалар жоқ.
Сіздің әңгімеңізден «адамды адам ететін – еңбек» екенін айқын аңғарғандаймыз. Десек те, түзеу мекемесінен жаза өтеу уақыты аяқталып, бостандыққа шыққандардың бәрі түзу жолға бет бұрады деу қиын…
– Қазақ елі егемендік алғалы түзеу мекемелерінің хал-ахуалы, онда жазасын өтеп жатқандарға мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық өте жоғары деңгейге көтерілді. Айта кетсем, өзіміздің мекемеде тыныс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, тамақтандыру мәселесі, тіпті төсек-орынмен қамтуға дейін барлығы жақсы жолға қойылған. Жатын бөлмелері тап-таза, жанға жайлы, тап-тұйнақтай.
Сіздің сұрағыңызға тоқталсам, сотталғанға барлық жағдайы жасалып отырса да, жаза өтеу мерзімі аяқталып, түзеу мекемелерінен бостандыққа шыққан азаматтардың барлығы дерлік түзу жолға бет бұрмау себебі – оның түскен ортасына байланысты. Көпшілігін өзінің отбасы, ағайын-туыстары қабылдай ма, жоқ па, мәселе осында жатыр. Егер туған-туысы қабылдап, жақсы өмір сүруге жағдай жасап, қолдау көрсетіп, жол сілтеп жатса, ол азамат түзеліп кетеді деп нық сеніммен айтуға болады. Егер де өзінің отбасы, ағайын-туыстары қабылдамай жатса, әрине, ол жаман жолға түсуге бейім келеді. Бұл сіздің айтып отырған мәселеңіз бостандыққа шыққан азаматтың әлеуметтік жағдайына тікелей байланысты нәрсе.
Осы тақырыты әрі қарай өрбітсек. Түзеу мекемелерінен босап, еркіндікке шыққан азаматтарға мекеме тарапынан қандай көмек көрсете аласыздар?
– Сотталғандарды босатуға дайындық жұмыстары түзеу мекемесінен келген күннен бастап жүзеге асырыла бастайды. Жаза мерзімі аяқталуына 6 ай қалғанда әрбір босатылатын сотталғандардан арыз алынады. Арызында көрсетілген мәліметтерге сәйкес таңдаған мекенжайы бойынша жергілікті атқару органдары мен әлеуметтік қорғау орталықтарынан босатылатыны, үй-жайы, еңбекке жарамдылығы және мамандығы туралы хабарламалардың уақытылы жіберілуі қатаң бақылауда тұрады.
ЗК-169/4 мекемесінде тәрбие бөлімінің ұйымдастыруымен «Қақпа алдындағы кездесу» әлеуметтік жобасы өтіп тұрады. Бұл шараға Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қызылорда қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің «Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мамандары, Шиелі аудандық Пробация қызметінің қызметкерлері қатысады. Бұл жоба Президенттің 2016 жылғы 8 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген 2017-2019 жылдардағы пробация қызметінде есепте тұратын және жаза өтеу орнынан босатылатын азаматтарды әлеуметтік бейімдеу Кешенді стратегиясының негізінде құрылған.
Жобаның негізгі мақсаты – абақтыдан босап шыққандарға әлеуметтік көмек көрсету, білім алу, жаңа өмір бастағысы келген азаматтарға моральдық-психологиялық көмек көрсету және жеке өміріндегі құқықтарын заңды түрде қорғауға көмектесу. «Қақпа алдындағы кездесу» пилоттық жобасын өткізу барысында мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектер туралы, «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы» бағдарламасының жүзеге асырылуы, жұмыспен қамту орталықтарының міндеттері, жастар практикасы жөнінде сотталған азаматтарға толықтай түсіндіріледі. Бас бостандығынан айырылған азаматтарға мекемеге келген күннен бастап осы әлеуметтендіру жобасы жүзеге асырыла бастайды.
Қазақта «Бірінші байлық – денсаулық» деген нақыл сөз бар. Осы тұрғыда мекемеде сотталған азаматтарға қандай медициналық көмек көрсетіліп жатыр? Олардың денсаулық жағдайына байланысты мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектерді ала ма?
– Жаңадан келіп түскен арнайы контингенттерді мекеменің дәрігерлік денсаулық сақтау бекетінің қызметкерлері АИТВ жұқпасына қан анализдерін келген күннен үш күн ішінде алып, тесттен бұрын және тесттен кейін кеңестер уақытылы жүргізіп отырады. Мекемеге келген сотталғандарға дәрігерлік денсаулық сақтау бекетінде 15 тәулік ішінде АИТВ/ЖИТС жайлы сабақ оқытылып, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта науқастанған сотталғандарды емдеуге және т.б. жағдайларда қажетті дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген.
Сотталғандардың туыстарымен кездесуі, олардың артынан келетін сәлем-сауқаттарды қабылдау заңға сәйкес жүргізіле ме? Жалпы мекеменің режим бөлімінің жұмыстары қандай деңгейде?
– Мекемеге келген сотталғандардың туыстарына мекеме бастығының атынан хабарлама жолданады. Хабарламада туысқандарына олардың баласының осы мекенжайға келгендігі жөнінде, сондай-ақ, туыстарымен кездесуге келгенде хабарламада көрсетілген азық-түліктерді алып келуге рұқсат етілетіні жазылады. Қылмыстық атқару кодексінің 106-бабына сәйкес мекемедегі сотталғандарға туысқандарымен кездесу заң талабына сәйкес беріледі. Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің «ЗК-169/4 мекемесі» республикалық мемлекеттік мекемесінде арнайы контингенттерді қадағалау мен бақылау ІІМ-нің 17.11.2014 жылғы №819 бұйрықтары мен мекеменің ішкі күн тәртібі ережелері мен заң талаптарына сәйкес жүргізіледі. Тыйым салынған заттардың кіру жолын кесіп, алдын ала шаралар ұйымдастыру, мекеме бастығы бекіткен кесте бойынша тінту тексеру жұмыстары, ҚАК-нің 98-бабына сәйкес жұмыстар атқарылады.
Мекемеде сотталғандардың құқық бұзуына жол бермеу және алдын алу, сонымен қатар, сотталғандардың пайдалануына және сақтауына тыйым салынған заттарды тәркілеу, мекеменің режим тобы, жедел бөлімше, бақылаушылар қызметі бөлімі және мекеме бастығының кезекші көмекшілері бірлесіп заң талабына сай жұмыстар атқарады. Жалпы сөзбен айтқанда мекеменің режим бөлімінің қызметкерлері сотталғандарға түзелу жолына түсуіне бірінші кезекте мекеме тарапынан тәрбиелік мәні бар әңгімелер жүргізу, әртүрлі мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастыру арқылы сотталғандардың қоғамға деген көзқарастарын өзгерту, сондай-ақ, негізгі мәселелердің бірі – жаңадан келген сотталғандарды жұмысқа орналастыру нәтижесінде еңбекпен тәрбиелеу шаралары қарастырылып, күнделікті қадағаланып отырады.
Мекемеде өткізілетін жалпы тінту-тексеруге Шиелі ауданы ПБ-нің ЖПҚ УПИ-ның, ЗК-169/1 мекемесінен «желілік емес локатор» құрылғысын пайдаланып және Қызылорда облысы Полиция департаментінің кинология қызметінен арнайы маман қызметкер мен үйретілген итті қатыстыра отырып, мекеменің тұрғын аймағы мен өндіріс аймағында орналасқан сотталғандар жатақханасы, ТИЗО, монша, кір жуу ғимараты мен сотталғандар асханасы, спортзал ғимараты және ұзақ мерзімді кездесу бөлмелері, жылу қазандығына жалпы тінту жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Қылмыстық атқару жүйесі саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын көтеру үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз?
– Қылмыстық атқару жүйесінде қызмет ету – өте қиын жұмыс. Түзеу мекемесіне қамауға алынған 20 мен 75 жас аралығындағы азаматтарды тәрбиелеу, жаза өтеу мерзімі кезінде түзелу жолына бет бұрғызу, тәрбиелік шараларды жүргізу жеңіл шаруа емес. Десек те, мен қылмыстық атқару жүйесінде қызмет етіп жатқан қызметкерлердің еңбегі ұшан-теңіз деп айтар едім. Біздің сала қызметкерлеріне Елбасы, мемлекет тарапынан қамқорлық жасалып жатыр. Құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлеріне әскери шендері бойынша жалақыларына үстемақы қосылып жатыр.
Азат Сейтқасымұлы, Қылмыстық атқару жүйесі құқық қорғау органдарының басқа салаларына қарағанда қиындығы мол сала екенін айттыңыз. Жауапкершілігі жоғары. Түзеу мекемесінде мың адам отырса, сол мың адамның мінез-құлқы да әртүрлі. Осындай қиындықтарға қарамастан бұл саланы таңдауыңызға не себеп болды?
– Мен әр адамның өмірде өзіндік жолы бар деп есептеймін. Ол өзінің өмірін қандай мамандықпен байланыстыру керектігін өзі таңдауы тиіс. Қылмыстық атқару жүйесінде еңбек еткен жылдарымда менің көзімнің жеткені – өмірде аяғын шалыс басып, түзеу мекемесіне түскен адамды қайта тәрбиелеуге, дұрыс жолға түсіруге болады. Яғни, түзелуге бет бұрғысы келмейтін адам болмайды. Тек оған жақсылап көмектесу керек. Ол үшін ең алдымен мекемеде заңдылыққа негізделген тәртіп және жақсы жағдай болуы қажет.
Егер ұл-қызыңыз осы салада еңбек етемін десе, қарсы болмайсыз ба?
– Үлкен ұлым мектеп оқушысы, әлі мамандық таңдай қойған жоқ. Еркін күреспен айналысады. Бірнеше жарыстың жеңімпазы. Екі қызым мектеп қабырғасында. Болашақта ұл-қыздарым менің жолымды таңдаса, еш қарсылық танытпаймын, қайта жолымды қуғанына қуанамын.
Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан И. ЖАҢБЫРШИЕВА Қызылорда облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*