Үздік кір тасын көтеруші

Солтүстік Қазақстан облысында кір тасын көтеруден ең үздік погон таққан спортшы анықталды.
«Динамо» денешынықтыру-спорт қоғамының базасында күш құрылымдары қызметкерлері арасында дәстүрлі спартакиада жалғасуда. Оның үшінші түрі спорттық кір тасын көтеруден жарыс болды. Барлығы 14 команданы құраған 80 спортшы облыс орталығына жиылды.
Аталған спорт түрін құқық қорғау органдарының спартакиадасы бағдарламасына енгізу бекер емес. Бұл снарядпен жаттығу погон таққан адамдардың күштілігін, икемділігін, төзімділігі мен қозғалыс үйлесімділігін дамытады.
Жарыстың фавориттері 6637 әскери бөлімнің қызметшілері және Ұлттық ұланы Әскери институтының курсанттары болды. Олардың негізгі бәсекелестері – Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ, Қылмыстық атқару жүйесі департаменті және Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы. Жарыста бірінші орынды Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының спортшылары, екінші орынды Қылмыстық атқару жүйесі департаменті иеленді. Әсіресе «қолаға» деген тартыс қыза түсті. Нәтижесінде Жылдам қыймылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері үшінші орынды еншіледі.
Жеңіл салмақта жекелей есепте барлық орындар әскерилердің еншісінде болды. 60 келіге дейінгі салмақта Әскери институттың өкілі Дархан Сағынтай чемпион атанса, 70 және 80 келіге дейінгі салмақтарда Азамат Нұрұшев пен Мейрам Салмұқанов жеңіске жетті. 90 келіге дейінгі салмақта облыстық Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкері Қанат Тілеужанов ерекшеленді. Оның әріптесі Евгений Клочун аса ауыр салмақтағы спортшылар арасында алдына жан салмады.
Барлық қатысушылар жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және спортшылардың өте жақсы дайындалып келгендігін атап өтті. «Әр жарыс тартысты өтеді, – дейді Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы, полиция аға лейтенанты Фарадж Абдуллаев. – Өткен жылы жақсы өнер көрсете алмадық. Биыл дайындығымыз жоғары болды. Келесі жарыста алтын үшін күресетін боламыз. Біздің жұмыс үлкен төзімділікті талап етеді. Мұндай жарыстар дене дайындығын, денсаулықты жақсарта түсу үшін жақсы мүмкіндік».
Спартакиада мұнымен аяқталмайды. Келесі кезеңде қызметкерлер Макаров тапаншасынан ату жарысында өз араларында мергендерді анықтайтын болады. Кейін Президенттік миляны бағындыру арқылы жеңіл атлетикалық кросс, шағын футбол мен самбодан жарыстар өтеді.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*