Ерлікке тағзым – елдіктің белгісі

Ішкі істер министрлігі мұражайында 8-15 сәуір аралығында Кеңес Одағының Батыры Леонид Телятниковтің ерлігіне арналған «Ерлікке тағзым – Чернобыль батырлары» атты тақырыптық экскурсия өтті.
Іс-шара ішкі істер органдарының қызметкерлерінің бойына антқа адалдық, ерлік сезімдерін аға ұрпақтардың жауынгерлік дәстүрлерінде қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.
Осы мақсатта музей меңгерушісі Алмагүл Сәтмағамбетова экскурсияны тамашалаушыларға өрт сөндіру қызметі ардагерлерінің ерлігі мен өрелі істері жайлы баяндады. Музейде өрт сөндіру қызметінің қалыптасуы мен дамуына бір кісідей еңбек сіңірген ардагерлерге, аты аңызға айналған генералдарға стенд арналған. «Біз бүгін Сіздерге посткеңестік кезеңде өрт қызметінде істеген өр тұлғалы азаматтарымыз жайлы айтқымыз келіп отыр. Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай «Жеңіс жолдарымен» деген кітап жарық көрді. Бұл кітапқа ҰОС қатысқан 2 мың қазақстандық енді. Кітаптың алғашқы беті отты жылдарды өткеріп, Кеңес Одағының Батыры жоғары атағын алған 15 ардагерімізге арналған. Кітапта Кеңес Одағының Батыры Леонид Телятниковтің есімі солармен бірге аталады. Ол басқаларынан әлдеқайда жас болған. Өйткені, Леонид Телятниковке Кеңес Одағының Батыры атағы бейбіт күнде берілген», – дей келе музей меңгерушісі Кеңес Одағының Батыры туралы кеңінен баяндады.
Оның айтуынша, Л. Телятников Чернобыль АЭС апатын жою барысында ерлік танытқаны үшін Ленин ордені және «Алтын жұлдыз» медалімен марапатталған. Ол Украина жерінде тұрып, сонда қызмет еткенімен түбі Қостанайдың тумасы екен. Өмір жолына тоқталсақ, Кеңес Одағының Батыры 1951 жылы 25 қаңтарда Қостанай облысы, Введенка ауылында дүниеге келген. Ол 1968 жылы Свердлов өрт-техникалық училищесіне оқуға түскен. 1971 жылы облысқа қайта оралып, Рудный қаласы Мемлекеттік өрт қадағалау аға инспекторы болып еңбек жолын бастаған. 1975 жылы КСРО ІІМ Мәскеу инженерлік-техникалық жоғары қызметіне оқуға түседі. 1979 жылдың тамыз айынан бастап Қостанай қаласы ІІБ Мемлекеттік қадағалау бөлімшесінің бастығы, содан соң Қостанай қаласындағы №69 әскериленген өрт сөндіру бөлімінің орынбасары болып жұмыс істеген.
1982 жылдың тамыз айында Киев облысына кетіп, Чернобыль АЭС күзету бойынша 2-ӨӨСБ бастығы лауазымына тағайындалған. Киев облысы ӨКБ өрт сынау зертханасында, содан соң Украина ІІМ ӨКТБ жұмыс істеген. Қызметті ол бас басқарма бастығының орынбасары лауазымында аяқтады. 2000 жылдан бастап ол Украинаның Киев қалалық өрікті өрт сөндіру ұйымының төрағасы болды. 2004 жылы 2 жетоқсанда Киев қаласында қайтыс болған.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, сурет Қанат КӨЛБАЕВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*