Жас батырдың ерлігі

Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде Жетісай қаласында жас бүлдіршіннің өмірін құтқарып қалған 11 жасар М. Бекназарды марапаттауға арналған баспасөз-мәслихаты өтті.
Түркістан облысы ТЖ департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Н. Жүнісов сөз сөйледі.
2 сәуір күні сағат 19.40. шамасында Түркістан облысы, Жетісай қаласының А. Қалыбеков көшесінде ойнап жүрген бір топ бала №57 тұрғын үйдің жанындағы канализациялық септикке кішкентай бүлдіршіннің құлап кеткенін байқап қалады. Ойнап жүрген балалар құлаған баланы көре салысымен септикке қарай дереу жүгіріп келген. Қараса, құдықтың іші толы су, ал кішкентай бүлдіршін көрінбеген. Септикке құлаған баланың әпкесі ата-анасын көмекке шақыруға үйіне қарай жүгіріп кетеді. Осы мезетте 2008 жылы туған 5-сынып оқушысы Мейрамбек Бекназар еш ойланбастан дереу құдықтың ішіне түседі. Лас су мойын тұсына келгеніне қарамастан суға тұншығып жатқан 2017 жылы туған 2 жасар Бақытбек Сабыржанды көтеріп алып, септиктен шығарған.
Жас бүлдіршін дереу ауруханаға жеткізіліп, қазіргі таңда оның денсаулығы бірқалыпты, ем қабылдауда.
Осылайша 11 жасар Мейрамбек Мұсаұлы өзінің батылдығын, қайсарлығын көрсетіп, жас бүлдіршіннің өмірін сақтап, өз ісімен ерлік көрсеткен.
Баспасөз-мәслихатында департамент бастығы Мейрамбек Бекназарды және сынып жетекшісі М. Шуренбаеваны Алғыс хатпен марапаттап, М. Бекназарға велосипед сыйлады.
Сондай-ақ, азаматтық қорғау полковнигі Н. Жүнісов М. Бекназар мен оның сынып жетекшісін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін аралатып, естелік суреттер табыстады.

Түркістан облысы ТЖД
Ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*