Қайырымдылық сенбілігі

Солтүстік Қазақстан облысында 1200-ден астам полиция қызметкері ардагерлермен бірге қайырымдылық сенбілігіне белсене қатысты.
Өткен сенбі күні таңмен солтүстікқазақстандық полицейлер қызметтік формаларын шешіп, қайырымдылық сенбілігіне шықты. Қолдарына құрал-саймандарын алып, әкімшілік ғимараттардың маңайын тазалауға кірісті. Осылайша тәртіп сақшылары да жалпықалалық сенбілікті өткізу бастамасын қолдады.
Жедел уәкілдермен, тергеушілермен және әкімшілік полиция инспекторларымен бірге Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұраған Көпеев бастаған 30-дан астам ақсақал да маңайды абаттандыруға атсалысты. Олар жиектастарды әктеп, өткен жылдан түскен жапырақтарды жинап, өз ведомстволарының маңын әп-сәтте ретке келтірді.
Облыстық Полиция департаментінің басшылығы да сенбілікке шықты. Полиция генарал-майоры Берік Біләлов кезекті рет қолына шаруашылық құралдарын алып, жеке құрамға үлгі көрсетті. Ол қызметкерлермен бірге Естелік аллеясын жинастыруға қатысты.
Бірнеше сағат ішінде полицияның алты әкімшілік ғимаратының – облыстық департамент корпустарының, қалалық басқарманың, бірінші және екінші полиция бөлімдерінің маңайы тазартылды. Қалалық полицейлерді аудандық полиция бөлімдеріндегі әріптестері де қолдады. Жылдағы дәстүрге сай қызметкерлердің бір күндік жалақысы облыстық ПД Ардагерлер кеңесінің қорына аударылады.
Полиция қызметкерлері қайырымдылық шараларына ерекше көңіл бөледі. Жақында Атырау қаласында іссапарда болған облыстық ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаев 21 наурыз күні суға батып бара жатқан қызды құтқарам деп құрбан болған полиция аға сержанты Шалқар Ақымғалиевтің отбасына барып, көңіл айтып, Солтүстік Қазақстан облысы ПД басшылығы, Ардагерлер кеңесі және жеке құрам жинаған материалдық көмекті Шалқардың анасы Ләззат Мәженқызына табыс етті.
Полиция қызметкерлері абаттандыру бойынша іс-шараларға бесенді қатысып, әкімшілік ғимараттарды тазалықта ұстап, тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруда тұрғындарға үлгі болулары тиіс.

Солтүстік Қазақстан облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*