Ашықтық аудандардан басталуда

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері халықпен кедергісіз жұмыс жүргізуге көшті.
Мағжан Жұмабаев ауданы Полиция бөлімінің сыртындағы қоршаудың кіре-беріс бөлігі алынып тасталды. Осылайша Солтүстік Қазақстан облысының аудандық полицейлері алғашқылардың бірі болып ашықтық пен айқындылықтың кезеңдерін іске асыруға, халыққа қызмет көрсетудің сервистік түріне көшті.
Өңірдің бас полицейі, полиция генерал-майоры Берік Біләловтің, аудан әкімі Қайрат Омаровтың, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының орынбасары Есқали Саламатовтың, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау бойынша инспекторы Александр Бодуновскийдің қатысуымен аудандық Полиция бөлімінде бірқатар маңызды іс-шаралар өтті. Кіре-беріс қоршауды алып тастағаннан кейін, облыста алғашқылардың бірі болып өткен жылы күзде ашылған фронт-кеңсенің жұмысы жетілдіріліп келеді. Фронт-кеңсе ғимараттың кіре-берісінде және қажетті құралдармен жабдықталған. Ашылған сәттен бастап кеңес алу үшін мұнда 422 адам жүгініпті.
Полиция бөліміндегі Бейнебақылау орталығының ауданда қылмыстар мен құқық бұзушылықтар профилактикасында алар орны зор. Онлайн режимде мұнда 70-тен астам бейнекамерадан видеолар келіп түседі. Сондай-ақ, шағын Жедел басқару орталығында қажетті мәліметтер базалары да бар.
Полиция бөлімінде адалдық дүкенінің ашылуы және бөлім бастығы кабинетінің екінші қабаттан бірінші қабатқа көшірілуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосы мен жұртшылық өкілдерінің оң бағасына ие болды. Жуырда «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Екатерина Старостина облыстық әкімдікте өткен кеңесте басшылардың кабинеттерін әкімшілік ғимараттардың бірінші қабатына көшіру жөніндегі жұмыстарды бастау қажеттігін айтып өткен болатын.
Тәртіп сақшылары бұл бағытта бастамашылық танытты. Аудандық полицияның бастығы, полиция полковнигі Ерлан Сұлтанов ғимараттың бірінші қабатының оң қанатында орналасқан кабинетінде жұмысын бастап кетті. Екатерина Старостинаның айтуынша, полицейлердің бұлайша бастамашылық білдіруі халықпен қарым-қатынасты нығайтудың және олар үшін ашық болудың белгісі. Бұл туралы Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Қайрат Омаров жеке құраммен кездесіп, ұйымдастыру техникасын беру кезінде айтты.
Жеке құраммен кездесуден бөлек, полиция генерал-майоры Берік Біләлов фронт-кеңседе әдеттегідей азаматтарды қабылдады. Қабылдау туралы хабарландыру алдын ала әлеуметтік желілерде орналастырылды. Сонымен бірге, ведомстволардың басшылығы Халыққа қызмет көрсету орталығына да ат басын бұрды. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін аудандық полицияның тіркеу-емтихан алу бөлімі ХҚКО-ға көшірілді.
Облыстық Полиция департаментінің басшылығы, аудан әкімі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің қызметкерлері мен облыстық ПД жанындағы Консультативтік-кеңесші органның төрағасы Жасұлан Ахметов Мағжан Жұмабаев ауданының жастарымен де кездесті. Облыстық Полиция департаментінің бастамасымен өткізіліп отырған Ведомствоаралық есірткіге қарсы бағдарлама шеңберінде аудандық мәдениет үйінде барлық 22 ауылдық округтен келген мектептер мен колледждердің оқушылары бас қосты. Балалар ұстаздармен бірге робототехника, қолданбалы өнер мен «Есірткісіз болашақ» тақырыбында суреттер көрмесін ұйымдастырды. Аудан жастарына «Тұздар мен спайстар. Құрдымға апарар жол» фильмі көрсетілді. Облыстық ПД Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жандос Басыбаев синтетикалық есірткілердің зияны мен есірткі қылмыстарымен күрес саласында Полиция департаментінің қызметкерлері жүргізіп жатқан профилактикалық жұмыстарға тоқталды.

Юрий КЛЫКОВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*