Азаматтарды аулаларда қабылдады

Қызылордалық полицейлер «Аулаларда қабылдау» акциясы барысында 200-ге жуық қала тұрғынын қабылдады.
Қызылорда қаласы аумағында облыстық Полиция департаментінің бастығы Қайрат Мұхитовтың бастамасымен «Аулаларда қабылдау» акциясы бастау алды.
Аталмыш шара полицияның ашықтығын қамтамасыз ету, аймақ тұрғындарымен тиімді байланыс орнату және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өтуде.
Облыс орталығындағы 4 шағын ауданда Қызылорда облысы Полиция департаменті және Қызылорда қалалық Полиция басқармасы қызметкерлері көпқабатты үйлердің ауласында ақпараттық плакатпен рәсімделген автобустарда тұрғындарды қабылдады.
Тәртіп сақшылары өткізген шара барысында азаматтар полициямен тікелей байланыс жасауға мүмкіндік алды. Олар қоғамдық қауіпсіздік мәселелері, жол белгілерін орнату, аулаларды жарықтандыру және камера орнату, сондай-ақ, коммуналдық мәселелер бойынша сауалдар қойды. Полицейлер өздеріне қатысты сұрақтардың барлығына жауап беріп, кең көлемді кеңестер берді. Қалған мәселелер бойынша тұрғындар сауалдары жергілікті атқарушы органдарға және тиісті мекемелерге жолданатын болады. Акция барысында тұрғындарды мазалаған мәселелердің барлығы назардан тыс қалмады.
Сондай-ақ, азаматтар учаскелік полиция инспекторларының қызметін жақсартуға, оның ішінде қоғамдық және жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша да ұсыныстарын жеткізді.
Мысалы, «Шұғыла» шағын ауданының тұрғыны өзі тұратын үй ауласының жарықтандырылмағандығын және бейнекамерамен қамтамасыз етілмегендігін айтып, бұл мәселелердің шешілуіне полиция қызметкерлері ықпал жасауын сұрады.
Сонымен бірге, келген тұрғындар өз аймақтарының учаскелік полиция инспекторларының қызметіне ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып жатты.
Мұндай шаралар халықтың құқықтық сауатын көтеруге, оларды толғандырған мәселелер бойынша кедергісіз тікелей полиция қызметкерлерінен мағлұмат алуға мүмкіндік береді.
Бүгінден қазақстандық полицияның басты критерийі саналатын ашықтық, қолжетімділік және жеделдікті арттыру мақсатында қызылордалық полицейлер бастамасымен тұрғындар ыңғайлылығы үшін осындай акцияларды алдағы уақытта облыс орталығының басқа да шағын аудандарында және облыстың барлық аймағында өткізу жоспарланып отыр.

Қызылорда облысының ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*