Есірткі қылмысымен күрес күшейтілуде

Жамбыл облыстық Өңірлік коммуникация қызметінде Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел-қызметтік жұмысының 2019 жылғы I тоқсан қорытындысы бойынша брифинг өтті.
Іс-шарада спикер ретінде Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Асхат Алметов сөз сөйледі.
Облыс аумағында есірткі қызметіне байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі түрде жедел-алдын алу іс-шаралары жүргізуде. 2019 жылдың үш айында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыс бойынша 261 қылмыстық құқық бұзушылық дерегін анықтады.
Оның ішінде 39 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шекара қызметімен өзара іс-қимыл нәтижесінде есірткі контрабандасының 10 дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан 777 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді.
Полиция департаментімен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте халық арасында нашақорлықтың алдын алуға, есірткі қылмыстарын анықтауға, есірткі құралдарының заңсыз айналымымен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесуге баса назар аударылады.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жергілікті полиция қызметі, Білім басқармасы, Денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп, сондай-ақ мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен арнаулы орта оқу орындары мен ЖОО студенттері арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша 231 іс-шара, 6 мыңға жуық адамның қатысуымен 13 акция өткізді.
Облыс әкімдігінің Білім басқармасымен және Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығымен бірлесіп, облыстың 85 орта мектебінің 8-11 сынып оқушылары арасында есірткінің зияны тақырыбында онлайн режимінде интерактивті сабақтар өткізді.
Күн сайын интернет желісі, сайттар, блогтар және әлеуметтік желілерде есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын тарату деректерін анықтау бойынша мониторинг жүргізіледі. Бүгінгі күнге 12 сайт анықталып, бұғатталды.
Тараз қаласы әкімдігі мен прокуратурасы, Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлерімен, «Тараз студенттер бірлестігі» қоғамдық бірлестігі өкілдерімен бірлесіп Тараз қаласының ойын-сауық мекемелерінде құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған 32 рейдтік іс-шара өткізілді. Одан бөлек, облыстағы оқу орындарында жыл басынан бері 17 рейд жұмыстары жүргізілді.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында облыс бойынша «Канал-Центр», «Құқықтық тәртіп», «Есірткі», «Допинг» жедел-алдын алу іс-шараларында 87 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Заңсыз айналымнан барлығы 145 келі есірткі заты тәркіленді.
Брифинг барысында спикер А.Алметов БАҚ өкілдерінің барлық сұрақтарына жауап берді.

Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*